15 Қыркүйек, 2016

Саялы ағаш көлеңкелі

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
img_6204Көлеңкесі қою саялы ағаштай түрлі ұлттың баласына мейірімін төгіп, пана болып отырған Төлегеновтер отбасы бүгінде облысқа танымал. Отбасы өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған болатын. Жақында отанасы Гүлжауһар Төлегенова облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде жас­тармен кездесті. Сабақта, жұмыста болғандықтан, отбасының балалары мен отағасы келе алмағандығынан хабардар етті. Гүлжауһардың жастармен әңгімесі қалыпқа салғандай кездесуден гөрі, сырласу кешіне айналып кеткендей болды. Бүгінде өзінің жалғыз ұлының сыртында түрлі ұлттың сегіз баласына пана болып отырған Гүлжауһар мен Нұрланның ісі еріккеннің ермегі немесе арзан атақ алу, пайда көру секілді пысықтықтан туған жоқ. Биік адамгершілік, мейірімділік, сауапты ойлайтын адалдық Нұрлан мен Гүлжауһарды осындай қадамға алып келді. Өз ата-анасының мейіріміне жарымай, қараусыз қалған балалардың жағдайын жасау, оларды тәрбиелеу оңай шаруа емес. – Отбасы мүшелері, әсіресе әйел-ана төзімді болғанда ғана шаңырақ шай­қал­майды, босаға берік болады, отбасы­ның берекесі ортаймайды. Қазір жастар үйленген соң көп ұзамай ажырасып жатады. Олар көбіне көзқарастарының жарас­пағандығын айтады. Жастар бірін-бірі өзінің көңіліндегідей етіп тәрбие­леп алғысы келеді. Үйленгенге дейін қалып­­тасып қалған кісіні ешкім де қайта тәр­биелей алмайды, тек онымен санасу, түсінісу және төзу керек. Тәрбие аз уақыт­тың жемісі емес, ол ұзақ үдеріс болуы тиіс. Мүсін­шінің еңбегі секілді бірте-бірте жон­ғанда ғана тәрбиенің түпкі нәтижесі көрінеді, – дейді Г.Төлегенова. Нұрлан мен Гүлжауһардың тәрбие­сін­дегі София, Мәдина, Дария, Алина, Люба мен Алан, Шыңғыс, Ринат – мектеп оқушы­лары. Өздері тұратын Қостанай ауданының Әлжан ауылындағы қазақ метебінде оқиды. Сабақтың сыртында балалардың сүйікті ісі бар. Бірі спортпен айналысады, екіншісі сурет салады. Үйдің шаруасынан да сырт қалмайды. Гүлжауһар жастармен әңгімесінде қай ұлттың болсын халықтық педагогикасын жоғары қоятынын айтты. – Мен бір үйдегі тоғыз баланың бірімін. Бала кезімізде әкеміз ылғи жұмыс­та болатын. Анамыз балаларына әкесін таудай етіп көрсетті, сыртынан мақ­тап, «әкелерің келе жатыр, үйді сыпы­рып қойыңдар, шәйі дайын болсын» деп отыратын. Әкеміздің сөзі бізге заң болып естілетін. Анамыз қыздарын кешкі ойын-сауыққа жібермейтін, әкеміз ұнат­пай­тынын айтатын. Үйде әке бала үшін ұстын, идеал болуы тиіс. Әкені сыйлағанда ғана бала саналы, тәртіпті болып өседі, – деп сыр шертті Г.Төлегенова. Ол өзі де қазір балаларына отағасы Нұрланды осылай көрсете біледі екен. – Нұрлан біздің отбасымыздың асыраушысы, көбіне жұмыста жүреді. Мен де қолымдағы қыздарды түнде қыдыруға жібермеймін, «папаларың ұнатпайды, ренжіп қалады» деген сөздерді жиі құлақ­тарына құйып отырамын, – дейді отанасы. Сонымен қатар, оның ағайынның татулығы туралы ойлары да жастарға өмірдегі бағыт, тағылым боларлықтай еді. – Мен балаларды алмас бұрын екі жылдай ой­ланып жүрдім. Енем бұл қадамыма қалай қарайды деген ойға шырмалдым. Ол кісі­мен осы уақытқа дейін қатты сөзге ке­ліп көрген емеспін. Сол кісінің қарсылығы жоқ еке­нін, қолдайтынын білген соң ғана Нұр­­лан екеуміз тәуекелге бардық, – дейді Гүлжауһар. Жастар мен көпбалалы ананың кездесуі белгіленген уақыттан ұзаққа созылды. Әрі үлкен отбасының отанасы, бір әулеттің үлгілі келіні, педагог Г.Төлегенованың сырға бергісіз әңгімесін жастар ынтыға тыңдады, өздері де еркін сауалдар қойды. Ол кештен кейін балалардың алды сабақтан қайтатынын айтып, үйіне асығып та отырғанын айтты. Қазақ мектебінде оқитын балалардың барлығы да сабақтан келе анасын бір иіскемей тамаққа отырмайды. Қазақ тілінің нәріне сусындап келе жатқан баланың қайсысының да еркелей сөйлегені ана мейірімін еселей түскендей болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»  ҚОСТАНАЙ