16 Қыркүйек, 2016

Бейбіт ұмтылыс, берік ұстаным

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
nurlan-seydinҚазақстан Тәуелсіздік алғалы бері 25 жылдың ішінде ядролық қаруды таратпау, қарусыздану, атомды бейбіт мақсатта пайдалану жолында халықаралық деңгейде бастама көтеріп, бірқатар ұсыныстар жасаған еді. Еліміз сол бағытынан таймай келеді. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы сая­саты халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыруға қарай бағытталуда. ХХ ғасырдың соңғы кезеңінде Елбасы Н.Назарбаевтың адамзатты ядролық қарудан бас тартып, оны тек бейбіт мақсатта қолдану жолындағы бастамалары әлемнің жетекші мемлекеттері мен халықаралық қоғамдастықтың мойындауына ие болып, Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау бағытындағы жаһандық көшбасшылығын нығайтты. Қазақстанның алғаш атом бомбаларын сынауға қарсы қадамы – КСРО-ның кезінде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ алаңын жабуы болды. Бұл дүние жүзі тарихында ядролық полигонның бірінші рет халық қалауымен жабылуы еді. Он сегіз жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп бекітті. 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге қатысты Алматы декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстауда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл құралын қысқарту саласында КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстануды бекітті. Ал 1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда осы елдер мен АҚШ өкілдері төрт мемлекеттің аумағында орналасқан Стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты хаттамаға қол қойды. Лиссабон хаттамасында, сондай-ақ, Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды. 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау шартын бекітті. Қазақстанның шартқа қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағы­тын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан шартқа мүше бола отырып, осы келісімге сәйкес ядросыз мәртебесіне байланыс­ты міндеттемелерін толық ұстанып келеді. Бір жылдан соң ЕҚЫҰ-ның саммитінде Қазақстан мен ядролық қарудан бас тартқан басқа да бірқатар елге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қытай және Франция тарапынан берілді. Қазақстан Орталық Азияның өзге елдерімен қатар, Семейде Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды, бұл жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда ұжымдық үлес болды. Аймақ мемлекеттері қазіргі замандағы ең өзекті мәселелерді шешу бойынша ашық ынтымақтастық, қарусыздану және таратпау қағидаттарына өзінің берік ұстанымын мәлімдеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ширек ғасыр бойы тынымсыз атқарған ерен еңбегінің нәтижесінде Қазақстан «АТОМ» жобасына бастамашылық етті. Жобаның міндеті – Петицияға қол қою жолымен ядролық қауіпке қарсы белсенді іс-қимыл жасау үшін әлемдік азаматтық қауымдастықты нығайту. Қазірдің өзінде 100-ден астам елден 200 мыңнан астам адам атомды бейбіт мақсатта пайдалану үрдісін талап етумен мемлекеттер басшыларына үнделген «АТОМ» жобасының онлайн-петиция­сына қол қойды. Хиросима және Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудың 70 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясы туралы қарар қабылдады. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігінен қолдау таба отырып, ол ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық міндетті заңды құжат қабылдауда маңызды қадам болды. Қазақстанның антиядролық саясаты мен бастамалары әрі қарай жалғаса беретін болады. Бүгінде ол G-GLOBAL коммуникативті интернет-алаңында, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адамның талқылауына түсіп, қолдауға ие болуда. Біздің болашағымыз атомды тек бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталуы тиіс. Нұрлан  СЕЙДІН, саясаттанушы