Кеше Мәжіліс өзінің қоржынына түскен бюджеттік заң жобаларының тұсауын кесті. Олар бұған дейін Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы жалпы отырыста қорытынды әзірлеуге мерзім сұрап алған заң жобалары еді.
Атап айтар болсақ, олар «Ұлттық қордан 2017-2019 жылдарға бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы», «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», сондай-ақ «Республикалық жəне облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, елорда бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары еді.
Заң жобаларының негізгі ерекшеліктері туралы депутаттарға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев баяндады.
Әдетте, Қаржы мәселесіне қатысты заң жобалары депутаттар арасында қызу талас пен өткір пікірлер алмасу жағдайында талқыланады. Бұл жолы да солай болды, оның үстіне бұл жолғы тұсаукесерге көптеген қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері де қатысқан.
Депутат Г.Қарағұсова Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындау үшін қабылданған шешімдерден стратегиялық тиімділік болатынына жіті сарап жасалған болуы керек. Сонда ғана Президенттің талаптарын орындай аламыз, деді ол. Осындай ойды Салық төлеушілерЗаңясы кеңесінің басқарушысы Жаннат Ертілесова да айтты.
Бюджет параметрлерінің арасында қатысушылар әлеуметтік-экономикалық сипаты бар мәселелерге қатты шүйлікті. Соның ішінде, әсіресе, «Ақ бұлақ» бағдарламасына қатысты көптеген сұрақтар туды. Мәселен, депутаттар Ирина Аронова, Асылбек Смағұлов, Владислав Косарев осы бағдарламаның әлі күнге толық іске аспай жатқанына жандары күйзелетінін көрсетіп, заң жобасын жасаушыларға өткір сұрақтар қойды. Олардың сұрақтарына жауап берген Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев қаражаттың жетпеу себебінен көптеген мәселелердің әлі де шешілмей жатқанын айтты.
Бюджеттік заңнамалар жөніндегі заң жобаларын жүргізетін жұмыс тобының жетекшісі О.Өксікбаев республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттер арасында әлі күнге үйлесімділік болмай келе жатқанына өкініш білдірді. Соның кесірінен миллиондаған қаражат желге шашылады, деді депутат.
Сонымен, «Республикалық жəне облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, елорда бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасына сәйкес 2017 жылғы трансферттер – 239,9 млрд теңге; 2018 жылғысы – 257,0 млрд теңге; 2019 жылғысы 292,2 млрд теңге болатын түрі бар. Әрине, заң жобасын қабылдау барысында азды-көпті өзгерістер болуы мүмкін. Ал бюджеттік субвенциялар көлемі: 2017 жылға – 1 482,9 млрд теңге; 2018 жылға – 1 563,8 млрд теңге; 2019 жылға –
1 568,3 млрд теңге болып белгіленген.
«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес 2017 жылғы кіріс 4 трлн 338,2 млрд теңге; 2018 жылғы кіріс 4 трлн 562,3 млрд теңге; 2019 жылғы кіріс 4 трлн 877,2 млрд теңге болып белгіленген.
2018 және 2019 жылдарға алдыңғы жылдармен салыстырғандағы өсім тиісінше 224 млрд теңге және 314,9 млрд теңге болады деп болжанған. 2017 жылға белгіленген республикалық бюджеттің шығысы 8 564,4 млрд теңге болып, ІЖӨ-нің 17,7 %-сы құрайды деп белгіленіпті. Ал 2018 жылғы шығыс – 8 370,6 млрд теңге, бұл ІЖӨ-нің 16,2 % және 2019 жылғы шығыс –
8 751,2 млрд теңге,
бұл ІЖӨ-нің 15,8 % деңгейінде болмақ.
Республикалық бюджеттің тапшылығы ІЖӨ-ге қатысты төмендеу тенденциясын ұстанып, 2017 жылы 578,1 млрд теңгемен ІЖӨ-нің 1,2% болса, 2019 жылы 577,1 млрд теңгемен ІЖӨ-нің 1 % болмақшы.
Айта кететін жайт, кешегі талқылауға мемлекеттік органдар мен парламенттік партиялар өкілдерінен басқа «Ауыл», Бірлік» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері, шақырылған бірнеше ҮЕҰ басшылары, т.б. қатысты. Енді заң жобасы Омархан Өксікбаев бастаған жұмыс тобында талқыланатын болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»