23 Ақпан, 2011

Төрт алтын медаль

469 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азиада аламанында Алексей Полторанин осындай жетістікке қол жеткізді

...Алексей Полторанин 11 жасынан бастап шаңғы спор­ты­мен жаттыға бастады. Бапкері А.Наконечный алған бетінен қайт­пай­тын қайсар баланың бо­ла­ша­ғынан үміт күткен еді. Себебі, ол басқаларға қарағанда та­банды­лық­пен ұзақ жаттығ­а­тын, сенбі, жексенбі күндері де шаңғысын киіп алып ну ор­ман­ның ішінде жалықпай жүгіре­тін. Сол он бір жасар бала ал­ғаш рет облыстық, респуб­ли­калық жарыстарда топ жармаса да алғашқы алтылыққа еніп жүрді. Арада үш жылдан кейін Алексей жасөспірімдер арасын­дағы әлем чемпионатына қа­ты­су мүмкіндігіне ие болды. 2004 жылы Норвегияда шаң­ғы спортынан жасөспірімдер ара­сында әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасының сапын­да риддерлік 17 жасар Алексей Пол­торанин де бар. Жарыстың үшінші күні ол бір топ әріптес­терімен бірге эстафеталық жа­рысқа түсті. 10 шақырымдық эстафетаға бес команда қатысты. Қазақ­стан­дық шаңғышы қарсылас­тарынан бес секөнт кешігіп эс­тафета таяқшасын алды. Алексей бес жүз шақырым жүгір­ген­нен кейін қарсыласын қуып жетіп, жеті секөнт ерте жетіп, төр­тінші кезекте жүгіретін әріпте­сіне берді. Алексейдің алтын уа­қыты құ­рама жігіттеріне ал­тын алқа сый­лады. Төрт жігіттің қуанышында шек жоқ, бір-бірін құшақтап, құт­тықтап жатыр. Сол жылы 17 жасар шаңғышы халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері атағына ие болды. 2007 жылы Қытайдың Чангчун қаласында өткен VI Қысқы Азия ойындарында Алексей та­ғы да алтынсыз қалды. Спринтте екінші, он шақырымдық еркін жүгіруде де күміс алқаны иеленді. Канаданың Ванкувер қала­сын­да өткен ХХІ Қысқы Олимпия ой­ындарына Алексей тас-түйін әзірлікпен келді. Мұның алдында шаңғы спортынан өткен әлем ку­богы жарыстарында жаман нә­ти­же көрсеткен жоқ. Бірер рет алты­лыққа енген азаматтан бапкері үміт күткені жасырын емес. Ванкуверге жиналған кілең бір ығай-сығайлар алтын алқаны сарапқа сала бастады. Норвегиялық атақ­ты шаңғышы Нортуктың жұл­дыз­ды шағы туғандай. Ол екі ал­тын­ды талассыз жеңіп алды. Міне, спринттік жарыста да алтын алқа менікі дегендей тәкаппарлана қа­райды. Спринттік жарыста Алексей атақты Нортукпен үзеңгі қа­ғыс­тырып келе жатқан. Нортуктан қалып қоймаса әйтеуір бір медалды алатынына сенімді еді. Амал бар ма, бұрылыста шалынып құлап, көм­беге бесінші болып жетті. «Әттең» құлап қалмағанда, үшін­ші орынға табан тірері сөзсіз еді. Бұдан кейін командалық спринтте де бесінші болып мәре сызығын қиды. Бұл Алексейдің тамаша та­бысы еді. Олимпия ойындарында қатарынан екі рет бесінші болып келуі жақсы нәтиже. Бұдан кейін де талапты жас Францияда өткен 23 жасқа дейінгі әлем чем­пио­на­тында күміс медальды жеңіп алды. Ал былтырғы жылдың 11-16 желтоқсанында Швейцарияның Да­вос қаласында шаңғыдан өткен әлем кубогы кезеңінде Алексей ал­тын жүлдені иеленіп, айды ас­пан­ға шығарды. Арада В.Смир­нов­­тың 12 жылғы үзілісінен кейінгі жеңісі қайталанды. Әдетте әлем кубогы кезеңі әлем чем­пио­на­ты­нан кем емес. Еуропа елдерінің шаңғышы­лары кубок десе ішкен асын жерге қоятыны белгілі. Демек, риддерлік саңлақтың бұл табысы ел тарихындағы елеулі оқиға. Азия ойындары басталар сәтте шаңғы саласын ұстаған басшылар Алексейге үлкен міндет жүктеді. Бес қашықтық бойынша бірнеше алтын, күміс, қола алқаны иелену қажет. Азия ойындары қарсаңында Астана мен Алматыда ғаламат спорт сарайлары салынды. Шорт-трек өткен велотрек, конь­кимен жүгіретін спорт кешені қандай әсем. Біз эконо­ми­касы ерекше дамыған Италияның Турин қаласындағы спорт кешендерін аралап, көзбен көрген едік. Туриндегі конькишілер жа­ры­сы өткен сарайдан Астана­да­ғы кешен әлдеқайда еңселі, әл­деқайда әсем, көрікті десем, қателесе қоймаспыз. Ал Алма­ты­мен іргелес Талғар қаласы маңындағы қатар-қатар қоныс тепкен шаңғы және биатлон стадиондарын көрген кезде ерік­сіз риза болдық. Мұнда шаңғы жарысынан кейін отыз-қырық метр жерді аттасаң биатлонды тамашалауға болады. Солдатсай шатқалында ал­ғаш­қы күні Алексей Полторанин мен Николай Чеботько спринт­тік қашықтықта өнер көрсетті. Тағы да көз алдымызға Турин елестеді. Ол жолы Чеботько жерлесі Николай Кошевоймен бірге жүгіріп, алтыншы орынға табан тіреген. Жақсы көрсеткіш. Ал Солдатсайда алтынды қолдан бермеу керек. Спринттік жарыс қызықты, кө­рер­мендерін жа­лық­тырмайды. Ал Алексей бірінші болып жүгір­ді, алда келді де Чеботьконы жігерлендірді. Олар алты айналым бойы көш бастап, 22 минөт 46,2 секөнт уақытта мәре сызығын қиды. Алғашқы алтын қолда. Бұдан кейін де жеңісті күндер жалға­сын тауып, Алексей үш алтын, бір қоланы иеленді. Нәти­же­сін­де риддерлік саңлақ төрт алтын, бір қолаға қол жеткізді. Шы­ғыс­қазақстандық Н.­Ко­ломи­на, О.Яцкая сияқты шаң­ғышы қыз­дар да төрт алтын, екі күміс, бір қоланы қоржынға салды. Ең қуаныштысы, Алексейдің жұ­байы биатлоншы Ольга Полторанина да бір алтын алқаны сыйлады. Елге оралған соң облыс әкімі Б.Сапарбаев елдің абыройын асқақтатқан саңлақтарға құрмет көр­сетті. А.Полторанин, Ю.Га­лы­шева, Е. Коломина, О. Яцкаяға темір тұлпардың кілтін табыс етіп, қаржылай қолдау көрсетті. Алда – Сочи Олим­пиа­да­сы. Алексейдің арманы Олимпиада алқасын иелену. Оңдасын ЕЛУБАЙ.