23 Ақпан, 2011

Қасым жырлаған қала халықаралық байқау жеңімпазы

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оралым, менің, Оралым Республикамыздың батыстағы қақ­пасы Орал бес жылдан бері Ас­таналар мен ірі қалалар ха­лық­аралық ассамблеясының мүшесі. Мұндай ын­тымақтастық қалалар арасындағы қа­рым-қатынастар мен өзара ынты­мақтастықты дамытуға жаңа серпін бергені де әмбеге аян. Әр жыл сайын осындай байланыстар мен тәжірибелер аясында, халықаралық ассамблеяға мүше қалалар арасында байқаулар мен конкурстар өткізіліп келеді. Өткен аптада Астаналар мен ірі қалалар халықаралық ассамблеясы осын­дай кезекті халықаралық конкурстың нәтижелерін жария етті. Бұл жөнінде аталмыш ассамблеяның атқарушы директоры В.И.Селивановтың Орал қаласының әкімі С.Х.Оразовқа жолдаған қатынас хатында былай деп көрсетілген: «ТМД-ның және Еуразиялық экономикалық одақтың үздік қаласы» тақырыбындағы халықаралық байқау конкурстың қорытындысы бойынша Орал қаласы үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда Орал қаласы «Қаланы абаттандыруға кешендік көзқарас» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Біз осы жағымды жаңалыққа байланысты Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовпен шұғыл байланысқа шыққан едік. – Әлемдегі қалалардың бүгінгі даму практикасында абаттандыру ісі жетекші мәнге ие. Қауқитып көп қабатты үйлер тұрғыза салу аса қиын шаруа емес. Мұндай сорайған жалаң ғимараттар адамның еңсесін басып тұрғандай әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда абаттандыру ұғымын – сол биік ғимараттардың жанындағы демалыс орындары, гүлзарлар мен саябақтар, субұрқақтар, ашық кеңістіктер деп түсінуге болады. Соңғы жылдары біз қала құрылысын жалаң жүргізбей мәселенің осы жағына да үлкен көңіл бөлуді әдетке айналдырдық. Тіпті, ескі қоныстардағы бұрынғы саябақтарды жаңғыртуға бағыт ұстадық. Халықаралық конкурста жеңімпаз атануымыз осындай істердің бір нәтижесі болса керек. Иә, қала басшысы орынды атап көрсеткендей Оралда соңғы жылдары қолға алынған оңды істер жетерлік. Тек биылғы жылы мұнда отызға тарта гүлзарлар мен демалыс орындарын қайтадан жаңғырту белгіленіп отыр. Орал қаласының әкімі Оразов оны тәуелсіздіктің жиырма жылдығына тарту деп есептейді. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал