23 Ақпан, 2011

Көкшетеңіз көзден бұлбұл ұша ма?

1030 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Кие қонған, құт дарыған қазақ даласының қасиетіне қайран қаласың. Ұшқан құстың қанаты талар маң даланың түгін тартсаң, майы шығады. Кез келген шоқысы мен төбесінің түбін түртсең, табиғат тартуы ақ­та­рылып шыға келеді. Бейнебір Менделеев таблицасын осы даланың қыр­тысына қарап жасаған-ау дегендейсің. Жазиралы туған жердің қойнауына бүккен сол байлық бүгінде егемен елдің игілігін еселеп, берекесін арт­тырып-ақ жатыр. Ғалымдардың айтуынша, қазақ жеріндегі тек бүгінгі күнге дейін зерттелген табиғи қазба байлығын қаржымен есептегенде, қазақстандықтардың жан басына шаққанда, әрбір адамға бір миллион дол­лардан асып жығылады екен. Нақ осы көрсеткіш АҚШ пен Канадада әрбір тұрғынға 16 мың доллардан айналады. Басқа, мүйізі қарағайдай мемлекеттерде бұдан да төмен көрінеді. Адам басына шаққандағы жалпыұлт­тық табиғат байлығының көлемі жағынан Қазақстан Еуропа одағы елдерінен 30 есе асып түседі екен. Аузын ашса, жүрегі көрінетін бала мінез жұртыма берген тағдырдың бұл тартуына да тәубе деп, Жаратқанның тіл мен көзден сақтағанын тілейсің! Әттең!.. Жеті қат қыртысына дейін құт дарытып, қойнауын қазба байлығына тол­тырған ұлан-ғайыр қазақ даласын кереметі күшті құдірет табиғи су көздеріне тапшы қы­лып қойыпты. Ұлан-ғайыр Еуразия кеңіс­ті­гінде құлашын кең жайған Қазақстан Дос­тастық мемлекеттерінің ішіндегі су үлесі тұрғысынан соңғы орынды иеленеді. Қазақ­стандағы 100 текше шақырымды құрайтын жер үсті су қорының 58 пайызы ғана республика аумағында жинақталады, қалған су қоры шекаралас орналасқан көрші елдердің аумағынан келетін су көздерінен толығады. Ақиқатында ұлы даланы судан тарылтып отырған жомарт табиғат емес, адам қолымен жасалған қиянат. Кең даланың кіндігіне нәр беріп, арнасынан аса ағып, Аралды сусында­татын Сырдария мен Әмударияны «өз аға­мыз» өзбектер сағасынан қысып бөгеп алса, жазиралы жазықты гүлмен көмкеретін тегеурінді Талас пен тау өзендерін қырғыз ағай­ындар қылғындырып тастады. Балқаш көлі­нің қайнар көзі Іле мен ұлы даланың күре­та­мыры Қара Ертістің суын Қытай шөміштен қыса бастады. Жалпы, сөз реті келгенде айта кетейік, «төскейде малы, төсекте басы қо­сылған» деп қаншама қырғыздарға құшағы­мыз­ды ашсақ та, «өзбек өз ағамыз ғой» деп қанша емешеміз езілгенімен де көршілес жатқан бауырлас ағайындардың «қазағым» деп бүйрегі бұрыла бермейтінін байқап жүрміз. Оған күні кеше Қазақстанды төрткүл дүние түгел мойындаған Саммит күндерінде орынсыз жерден қызғаныш танытқан өз­бек­тердің іштарлығынан, Қырғызстанды қайғы бұлты торлаған кешегі күні вагон-вагон ас­ты­ғымыз бен көмірімізді ала жүгіргенде, «стра­тегиялық су көздерін жауып тастап, қа­зақтарды көмек көрсетуге мәжбүр еттік» деп көлгірсіген қырғыз саясаткерлерінің қылы­ғынан анық көрдік. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін Арал теңізі әлемдегі көлемі жағынан ең ірі төрт көл-теңіздің бірінен саналып келді. Өзбекстанды дүние жүзіндегі ең алып мақта плантациясына айналдырмақ болған кереғар саясат жарты ғасырдан астам уақыт бойы тандыры кепкен шөл даланы екі да­рия­ның суымен суарып, Арал теңізінің айдынын құрғатты. Қос дарияның суы тартылған соң Аралдың да сағасы кеуіп, өткен ғасырдың соңында алпысыншы жылдардағы көлемінің 10 пайызына жетер-жетпес деңгейге дейін суалып қалды. Бір кездегі балығы тайдай тулап, толқыны кемелерді қақпақыл қылып жататын айдынды Арал жағалаудан жүздеген шақырымға кейін кетіп, үш тұзды сулы көл­шік қана болып қала берді. Сағасы суалған Арал суының тұзданғандығы сондай, теңіз­ден қалған екі көлден балық атаулы да тұ­қымымен жойылып кетті. Суы кеуіп, ашы­лып қалған теңіз түбінен мыңдаған тонна тұз бен улы заттар желге ұшып, өңірді эколо­гиялық апат аймағына айналдырды. Кезінде бүкіл Одақты тамсандырған Арал балық флоты құрыды, қайраңға шыққан кемелер қаңқасы адам қолымен жасалған апаттың зардабын айғақтағандай үрей ұшырады. Арал трагедиясы планетарлық экологиялық апатқа айналғанын әлем мойындады. Тек соңғы жылдары Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тікелей бастамасымен Аралды құтқару мақсатында қолға алынған халықаралық кешенді шаралардың нәтиже­сінде ғана кіші Аралды сақтап қалу тұрғы­сындағы үміт оты тұтанды. Әлемдік экологиялық жүйеге қанша­лық­ты ауыр тисе де адамзат Арал апатынан са­бақ алмапты. Оған бүгінде суы тартылып, жа­ғалауы тек соңғы 15-20 жылдың аралы­ғын­да ғана 2 мың шаршы шақырымға дейін құрғап қалған Балқаш трагедиясы айғақ бол­ғандай. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақ­стан­дағы тұрақты өкілі Фикрет Аккурдың ай­туынша, халықаралық ауқымда шұғыл шаралар қолданылмаса, таяу болашақта Балқаш көлі Арал теңізінің кебін киеді. Іле–балқаш бассейні Іле-Балқаш бассейні планетамыздағы ең ірі көл экожүйесінің бірінен саналады. Бірнеше көлдер мен өзендерден тұратын бұл табиғи су кешенінің жалпы аумағы Қазақ­станның оңтүстік-шығысында және Қытай­дың солтүстік-батысында 413 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Оның ең үлкен бөлігі – 353 шақырымы Қазақстан Рес­публикасының үлесіне тиесілі. Көптеген мемлекеттердің аумағынан да үлкен жерді алып жатқан Іле-Балқаш бассейніне қарасты көлдердің бірі де бірегейі тұтастай Қазақстан аумағында қоныс тепкен Балқаш көлі болып табылады. Балқаш көлі жалпы теңіз деңгейінен 340 метр биіктікте орналасқан. Оның ұзындығы 600 шақырымға, ал ені шығысында 9-19 ша­қырымнан, батысында 74 шақырымға дейін созылады. Балқаш көлінің дәл орта тұ­сында ұзыннан-ұзын созылып жатқан Са­рыесік жартыаралы гидрографиялық жағы­нан көлді бір-бірінен ерекше айырмашылығы бар екі бөлікке тең бөліп тастаған. Көлдің жалпы көлемінің 58 пайызын құрайтын батыс бөлігі салыстырмалы түрде таяздау және суы тұщы болып келеді. Ал көлдің қалған шығыс бөлігі терең әрі суы ащы, тұзы көп. Сарыесік жар­ты­аралының бойымен көлдің екі бөлігін Ұзынарал бұғазы жалғап жатыр. Ені 3,5 шақырым бо­латын бұл бұғаз арқылы көлдің батыс бөлігінен су шығыс бөлігіне құйылады. Бұғаздың терең­ді­гі 6 метрге жететін болса, жалпы Балқаш кө­лінің орташа тереңдігі 5,8 метр деп есептелінеді. Көл жағалауы бұралаңқы болып келеді. Ба­тыс жағалауда Сарышаған, Қашқантеңіз, Қара­қа­мыс, Шепек, Балақашқан, Ақметсу сияқты шығанақтар орналасса, шы­ғы­­сында Күз­көл, Балықтыкөл, Қарашаған және басқа шы­ғанақтар қоныс тепкен. Көлдің осы бөлігінде Байғабыл, Балай, Шауқар, Кеңтүбек, Қор­жын­төбе сияқты кішігірім аралдар қоныс тепкен. Басарал, Тасарал сияқты ірі және Ортаарал, Аяқ­арал, Олжабекарал сияқты кішігірім аралдар көлдің батыс бө­лі­гін­де ор­на­ласқан. Бал­қаш кө­лін­де жалпы көлемі 66 шаршы ша­қырымды құрайтын 43 үлкенді-кішілі арал­дар бар. Шеберлігі шексіз табиғат Балқаш кө­лі­не қайталанбас ғажайып қасиет дарытқан. Бір көлдің көлеміне тұщы жә­не ащы суды сыйғызып, керемет құдірет таныт­қан. Көлге нәр беретін ірілі-ұсақты өзендердің барлығы дерлік, оның ішінде Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі сияқты үлкен өзендер Балқаштың оңтүстік бөлігіне келіп құяды. Соның ішінде Балқаштың басты қайна­ры, негізгі күретамыры Іле өзені болып та­былады. Балқашқа құйылатын барлық су көзінің 73 пайызы осы Іле өзенінің үлесіне тиеді. Іле өзенінің бастауы Шығыс Тянь-Шаньдағы Текес және Күнгес атты екі тау өзенінің қосылуынан басталады. Текес өзенімен қоса есептегенде Іле­нің ұзындығы 1439 шақырымға созылады. Он­ың 802 шақырымы Қазақстан аумағына жа­тады. Іле өзені Балқашқа құяр тұста бірнеше са­ғаларға бөлініп, кең атырау жасайды. Көлге құяр тұстағы Іле өзенінің сағасы 8 мың шаршы шақырым аумаққа созылып, топырақ қыртысын су нәріне кенелтіп, көкорай шалғын жерұйығын құрайды. Көлге құйылатын осы сансыз сағаларды қосқандағы Балқаш көлінің жағалаулық фау­насы осыдан біраз жылдар бұрын құс әлемінің құтты мекені болатын. Мұнда шағала, қызыл қоқиқаз, көкқұтан, суқұзғын сияқты құстармен қатар аққу, қаз, үйректің неше түрі қо­ныс­та­н­а­тын. Тіпті кезінде үйрек пен қазды өнеркәсіптік негізде етке дайындайтын. Ал Балқаштың саза­ны мен көксеркесі, маринкасы мен алабұғасы көк толқынмен таласа тайдай тулап жататын. Тіпті бұдан 25-30 жыл бұрын Кеңес одағы бойынша ауланатын барлық сазан балығының 50 пайызы осы Балқаш көлінен өндірілетін. Балқаш көлінің балығынан жасалған консервілерді Кеңес одағының барлық елді мекендеріндегі дүкендерден табуға болатын еді. Оның үстіне Балқаш көлі еліміздегі тұщы су көзі бар санаулы су қоймаларының бірі. Тұщы су демекші, БҰҰ Бас ассамблеясының өткен жыл­ғы мәліметтері бойынша, бүгінде дүние жүзінде 889 миллион адам ауыз судан тапшы­лық тартып отыр. Ал 2,6 миллиард адам су жетіспеушілігіне байланысты зардап шегіп, анти­санитарлық жағдайда өмір кешуде. Әлемдік сарапшылардың мәлімдеуінше, қазір тұщы су қоры жағынан Ресей әлемдегі алдыңғы орын­дарды иеленеді. Ғалымдардың пікірінше, бола­шақта тұщы су қоры мол елдер бүгінгі мұнай державаларының табысынан да артық табыс табады. Себебі, ауыз су болашақта мұнайдан да қымбат ресурсқа айналмақ. Ауыз су қоры аз елдер тұщы суды экспорттайтын болады. Міне, планетамыздың қайталанбас тамаша өзен-көл экологиялық жүйесін құрайтын осы ғажайып Іле-Балқаш бассейні бүгінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қасиетті қазақ жеріндегі табиғаттың тағы бір тамаша тартуы кө­не­ден келе жатқан Көкшетеңіз – Балқаш көлі тар­тылып барады. Балқаш қасіретінің басталуы та­ғы да адам факторының кесірінен орын алып отыр. Балқаштың бағы байланбасын Іле-Балқаш бассейнінде өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап шаруашылық қыз­меттің кең етек алуына байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи экологиялық жүйе бұзылды. Бассейн аумағындағы шаруашылық қызмет табиғи тепе-теңдік қағидаларды ескермей жүргізілгендіктен, экологиялық жүйеге орасан зор зиян тигізді. Өңірдің бірден-бір өмір нәрі болып табылатын Іле өзені бірнеше жерден буылып, жасанды су қоймалары салына баста­ды. Іле өзенінің сағасын тарылтып, 28,1 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан жа­сан­ды Қапшағай көлі пайда болды. Шілік өзенінің суын бөгеп, Бартоғай су қоймасы салынды. Өзен суларына тосқауыл қойып, 31,7 мың гектар Ақдала алқабына, 15,3 мың гектар Шеңгелді алқабына суармалы күріш егістігі жасалынды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бассейндегі су тұтыну мөлшері екі есеге дейін артып, жылына 7,51 текше шақырымға жетті. Іле өзенінің сағасында Қапшағай ГЭС-нің салынуы онсыз да табиғи тепе-теңдігі бұзылған бассейннің қасіретін қалыңдата түсті. Бір кездері Іле өзенінің өзі Балқашқа жылына 22,87 текше шақырым су құятын болса, 1992 жылы оның мөлшері жылына 10,5 текше шақырымға дейін төмендеді. Соның салдарынан Балқаш көлінің су айдыны тарылды. Мәселен, 1961 жылы Балқаш көлінің су айдыны 21,4 мың шаршы шақырымды құраса, 1999 жылы 17,07 мың шаршы шақырымға дейін қысқарды. Көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне құйылатын су көлемінің азаюына байланысты Балқаш қала­сының тұсындағы көл суының тұздылығы 1,5 г/л-ден 2,3 г/л-ге дейін көтерілді. Балқаштың батыс бөлігіне бүкіл көл тірші­лігінің нәрі – Іле өзенінің кәусар суы құйылып жатқандықтан тұщы болып отыр. Іле өзенінің суы болмаса, Балқаш көлі де өмір сүруін тоқ­тады. Мамандардың пайымдауынша, тойым­сыз сұранысын тойғызу үшін табиғат тылсымын бағындыруға талпынған адам қиянатының сал­дарынан Балқаш болашағына балта шабылатын кез де жақындап қалған сияқты. Балқаш қасіреті адам қолымен тұрғызылған жасанды Қапшағай су қоймасының дүниеге келуінен басталды. Отыз жылдан астам саналы ғұмырын Балқаш көлін зерттеу жұмысына ар­на­ған белгілі табиғаттанушы, жазушы Павел Ма­ри­ковскийдің «Қапшағай Балқаштың суын ал­ып, тіршілік тынысын тарылтты. Қапшағай су қоймасының көлемі 16 текше шақырымды құ­рай­ды. Ал Іле өзенімен жыл бойы келетін судың көл­е­мі 13 текше шақырымнан аспайды. Осының өзі-ақ қолдан жасалған бұл құбыжықтың қанша суды жұтып жатқанын көрсетсе керек. Енді Балқашқа бар болғаны жылына 7 текше ша­қы­рым ғана Іле өзенінің суы құйылады. Сөйтіп, Бал­қаш адам қолымен ажалға айдаған екінші Аралға айналып барады», деген жанайқайының шыққанына да біраз жылдың жүзі болды. Одан бері де Балқаш қасіреті қалыңдамаса, сейілген жоқ. Таяу болашақта Балқаш қасіретінің соңғы нүк­тесі алып көршіміз Қытайдағы су тапшы­лы­ғы болғалы тұр. Ғалымдардың айтуынша, бү­гінде Қытайдағы қарқынды экономикалық және демографиялық даму жағдайы бұрын-соңды болмаған су тапшылығына ұрындырып отыр. Қазір бұл елдегі барлық су көздерінің 70 па­йызына жуығы тіпті техникалық мақсаттар үшін де жарамсыз болып қалған. Әлемдік табиғат қорғау ұйымдарының дерегі бойынша, планетамыздағы құрлықтың үштен бірінің таяу болашақта құрғақшылыққа ұшырау қаупі бар. Мұндай ауыр жағдай әсіресе, алып көршіміз ҚХР-да орын алып отыр. Қытайдағы жер көлемінің төрттен бірі қазірдің өзінде шөл далаға айналған. Алдағы уақытта бұл үдеріс одан әрі қарқынды жалғасады деген болжам бар. Соңғы жылдары Қытайдың басым бөлі­гінде орасан зор құрғақшылық орын алып, күрт дамыған өндірістік және аграрлық провин­ция­лардың онсыз да күрделі экологиялық жағдайын одан сайын қиындата түсуде. Ресми деректерге жүгінсек, Қытайда жыл сайын ауыз су тап­шылығынан запа шегетін тұрғындардың саны 50 миллионнан асып түседі екен. Қалыптасқан су тапшылығынан қалайда қор­ғану мақсатында Қытай қазір өз жерінде бастау алып, Қазақстанға құйылатын, ұлан-ғайыр Қа­зақ даласының табиғат берген қос қайнар нәрі – трансшекаралық Іле және Ертіс өзендерінің бойында жаппай кең көлемдегі бөгеттер тұр­ғызу науқанын бастады. Осы қасиетті қос өзен бастау алатын Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр авто­номиялық (ШҰАР) ауданы қазіргі кезде эконо­ми­калық жағынан шұғыл даму үрдісі басталған аймаққа айналды. Мұнда өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы бұрын-соңды болмаған қар­қынмен дамытылып, алыстан ойлайтын қы­тай саясатының негізінде ішкі жақтан қоныс ау­дарылған қытайлармен барынша кеңінен қоныс­тан­дырылып жатыр. Қауырт өскен өнеркәсіп орындары мен ауылшаруашылық кешендері мол су қорын талап ете бастады. Оның үстіне осы аймақта суармалы егістік пен мақта план­тациялары кеңейтілуде. Мамандардың есептеулері бойынша, бүгінде қытайлықтар ауылша­руа­шылық алқаптарын суару үшін ғана Іле өзе­нінен 2,2 текше шақырым су алып жатыр. Бұл өнеркәсіптік және коммуналдық шығындарды есептемегендегі көрсеткіш. ШҰАР-дағы Аналин мыс кен орны ұлғайтылып, мұнда мұнай кен орны ашылды. Жаңадан ашылған Қарамай мұ­най-газ кен орнын сумен қамтамасыз ету үшін жедел түрде ірі су қоймасы – «Ертіс-Қарамай» каналы салынды. Алғашқыда Ертіс өзе­нінің бойынан салынған су бөгеттеріне алы­на­тын су көлемі жылына 1 шаршы шақырым (жыл сайын қытай-қазақстандық шекаралық аймақтан аға­тын судың 10 пайызы) деп есептелген. Енді «Ертіс-Қарамай» каналы салынғаннан кейін Қара Ертістен алынатын су көлемі 450 миллион текше метрге артты. Ал 2020 жылға таман Ертістен қытай жағы бұл каналға 2,5 текше шақырым, одан кейінгі жылдарда 4 текше ша­қырым су алуды жоспарлап отыр. Бұл – қазақ­стандық қасиетті Қара Ертістің соңғы тұяқ серпер қасіреті деген сөз. Аталмыш су қоймасы, сонымен қатар осы аймақтағы аса ірі химиялық өнеркәсіпті де сумен қамтамасыз етуге арналған. 2005 жылы бұл химиялық өнеркәсіптік зиянды қалдықтар Сұң­қара өзеніне тасталып, ақыры бұл зиянды хи­миялық элементтер өңірдегі ең ірі Амур өзеніне құйылып, үлкен экологиялық апатқа ұрын­дыр­ды. Бейжің осылай аграрлық және өнеркәсіптік саланы дамыту арқылы әлеуметтік-экономи­ка­лық жағынан артта қалған Шыңжан-ұйғыр автономиясын Қытайдың ішкі дамыған аймақ­тарына теңестіру жөніндегі стратегиялық мақ­сат­­ты жүзеге асырмақ. Соңғы жылдары ШҰАР-дың аграрлық сала­сы өте жылдам дамытылуда. Мәселен, 2005 жы­лы мұндағы егіс алқаптарының көлемі 4 миллион гектарға жеткізілсе, бұл көрсеткіш 2015 жыл­дары 6 миллион гектарға дейін ұлғайтылмақ. Осы ауқымды егіс алқабы Қазақстанға қарай ағатын Іле және Қара Ертіс өзендерінің суын бөгеу арқылы жүзеге асырылмақ. Бүгінде Бал­қашқа құятын судың 80 пайызына жуығын қам­тамасыз етіп отырған Іле өзенін бөгеу тәсілімен Қытай 3,5 текше шақырым суды өз аумағында қалдырып отыр. Алдағы уақытта қытайлықтар Ілені бөгеу арқылы алынатын су көлемін 5 текше шақырымға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл – Балқаштың нәр беретін бастауы, Қазақ жерінің тағы бір қасиеті су көзі – Іле өзенінің соңғы тұяқ серпер сәті деген сөз. Қазақ жеріне жомарт табиғат сыйлаған бұл ұлы қос өзеннің Қытай тарапынан тұсалуы тек Балқаш үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін экологиялық апат бола­тыны – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қытайдың ішкі қажеті үшін Іле мен Ертіс өзендерін бөгеу жөніндегі кешенді жоспарлары жүзеге асса, Қазақстан жағы орасан зор зардап шегеді. Қазақстан аумағындағы осы екі өзен бассейнінде 4 миллионнан астам халық тұрады. Бейжіңнің жоспары жүзеге асатын болса, Қа­зақстанның шығыс және орталық өңірлеріне келетін су көлемі азаяды. Еліміздің Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды сияқты индустрия­лық-өнеркәсіптік облыстары су тапшылығына ұрынады. Ауыз су тапшылығын былай қой­ған­да, осы өңірлердегі экономикамыздың аграрлық және өндірістік салаларына нұқсан келеді. Сонымен бірге Қазақстанның гидроэнер­ге­тикалық саласына да үлкен кесірін тигізіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қиын­датады. Еліміздің электр қуатына деген сұ­ранысының 10 пайызын қамтамасыз ететін Бұқтырма, Шүлбі және Қапшағай сияқты ірі гидроэлектр стансалары осы екі өзеннің сағасына орналасқан. Күннен-күнге қарқынды дамып, ХХІ ға­сырдың ірі мегаполисіне айналып келе жат­қан еліміздің бас қаласы Астананың суға деген өскелең сұранысын қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінің мүмкіндігі шектеулі. Сондық­тан елімізде болашақта Ертіс-Қарағанды ка­на­лын кеңейтіп, Астанаға дейін ұзарту жө­нін­дегі ірі жоба бар. Ал ҚХР-дың Іле және Ертіс өзендерін бөгеу барысында жүзеге асы­рып жатқан шаралары егемен еліміз үшін ауадай қажет бұл жобаның да болашағына балта шаппақ. Қытай көршілес мемлекеттердің эконо­ми­калық және экологиялық жағдайын қи­ын­датуға жол бермейтіндігі жөнінде үнемі ай­тып, биік мінберлерден мәлімдеме жасап келеді. Алайда 1988 жылы қабылданған ҚХР Су кодексінің №51 және №52 баптарында Бейжің ел сұранысын қанағаттандыру мақ­са­тында трансшекаралық өзендердің су қо­рын толық пайдалануға құқылы делінген. Осы баптар бойынша бұл мәселеде халық­аралық келісімдер жасау жағдайы да жоққа шыға­рылмаған. Балқаштың күннен-күнге азайып бара жат­қан айдынының ластануы туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Іле өзені арқылы Қы­тайдан келетін зиянды химиялық қалдықтар жылдан-жылға молайып барады. Қазір Бал­қаш көліндегі фенол, йон, мыс, цинк, марганец, фосфор, қышқыл сульфаты сияқты хи­миялық элементтердің мөлшері қалыпты жағ­дайдан ондаған есе асып кеткен. Хи­мия­лық реакциялар қосындысына айналған Бал­қаш суында әлі күнге дейін тіршілік барына таң қаласың. Экология жанашыры, профессор Фарида Қозықбаеваның айтуын­ша, Бал­қаш көлі ауыр металдармен барынша ласта­нуымен бірге, өзен суларымен бірге ағып келетін пистицид, гербицид сияқты улы тың­айт­қыштар қалдықтарымен де тұншығып болды. Егер Балқаш көлінің экологиялық ауыр жағдайы осылай жалғаса беретін болса ол да Аралдың жолын құшады. Биология ғылымдарының докторы Ф.Қозықбаева Іле-Балқаш бассейніндегі экологиялық зардаптардан Қазақстан қазірдің өзінде 2 миллиард еуродан артық шығын шеккенін алға тар­тады. Себебі, көлдегі балық саны күрт азайды, бір кезде Балқаштың бренді болған ондатрлардың тұқымы құрыды. Балқаш суының тартылуын тоқтата алма­сақ не болады? Экология саласы маман­дарының пікірінше, оның кесапаты Арал қа­сіретінен асып түспек. Қазір Іле-Балқаш бассейнінде еліміз халқының 25 пайыздан ас­тамы тұрады. Қазақстанның ең ірі мегапо­ли­сі Алматы қаласы да осы өңірге қоныс­тан­ған. Егер Балқаш көлінің суы суалып, ай­ды­ны ашылатын болса, көл табанында жинақ­талған тұз Алматыны басып, Алатаудың шыңдарына шықпақ. Оның ақыры Іле Ала­тауының мұздақтарын ерітіп, сел тасқынына ұласуы әбден мүмкін. Әзірге бұл маман­дардың болжамы ғана. Бірақ Балқаш қасіреті осындай қарқынмен қалыңдай беретін болса, енді 15-20 жылдан кейін ол ащы ақиқатқа айналуы да кәдік. Оның бетін аулақ қылсын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, айдыны тарылып бара жатқан Балқаш көлінің проблемасын Қытай елінің қолдауынсыз шешу мүмкін емес. Сондықтан трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі халықаралық келісім-шарт шеңберінде Ресей Федерациясының қаты­суы­­мен Іле және Ертіс өзендерінің су ре­сурс­тарын бірлесіп тиімді пайдалану мәселе­лерін шешу жөнінде ҚХР-мен келіссөз жүргізіп, келісім жасау мәселесін барынша тездету қажет. Іле және Ертіс өзендерінің су ресурс­тарын пайдалану және Балқаш көлінің эколо­гиялық жағдайын жақсарту мәселесін ҚХР-мен бірлесе қарастырған кезде, бұл мәсе­лелерді шешудің халықаралық тәжіри­бе­лерін кеңінен қолданып, беделді халық­аралық ұй­ымдардың, атап айтқанда, БҰҰ ДБ және ЮНЕСКО сарапшыларының бай тәжі­ри­бесін пайдалану керек. Қазақстан Респуб­ликасының бүгінде жоғары деңгейге көте­ріл­ген халық­аралық тәжірибесін пайдалана отырып, пла­не­тамыздың ішкі континенттік су көздерін сақтау және қорғау мақсатында БҰҰ ДБ және ЮНЕСКО шеңберінде бағдар­лама қабылдауға жағдай жасасақ, нұр үстіне нұр болмақ. Өкінішке орай, Үкімет те, халық мүддесі, болашақ қамын ойлайтын Парламент те ба­сына бұлт үйірілген Балқаш проблемасын ше­шуде әлі күнге дейін шөп басын сындыр­ған жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын елімізде «Балқаш-2000» халықаралық экологиялық фо­румы өткізіліп, Іле-Балқаш бассейнінің проб­лемаларын күн тәртібіне шығарған бо­ла­тын. Осы форумда бірқатар шаралар белгіленіп, планетамыздың тағы бір экологиялық аймағының жағдайын жақсарту мақса­тын­дағы үміт шоғы тұтанған еді. Бұдан кейін де «Балқаш-2000» халықаралық экологиялық фо­румы негізіндегі бірнеше басқосулар өткі­зілді. Амал қанша, мәртебелі мінберлерден айтылған жүрекжарды пікірлер тек қағаз­дар­ға ғана хатталып, сөз жүзінде қалды. Балқаш қасіретін жеңілдету мақсатында әлі бірде-бір нақты шара іс жүзіне асқан жоқ. Балқаш – бабалардан қалған аманат. Ол – ұрпаққа мұра. Төрт құбыламыз теңесіп, игілікті шайқап жүргеніміз де сол бабалардан қалған ұлы мұра, асыл аманат – ұлан-ғай­ыр даламыздың, қазақ ұлтының маңдайына біткен жер мен судың арқасы. Әрбір буын­ның ұрпақ парызы – асыл аманатты ар­дақтап, көз қарашығындай сақтап, келер ұр­паққа мұра ету. Балқаш атты асыл аманат, ұлы мұраны сақтау, оны болашақ игілігіне жарату – бү­гінгі тәуелсіздік тұстастарының қа­си­ет­ті борышы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.