"Нұр Отан» партиясы кадрлық резервін қалыптастыру жұмысын бастайды. Бұл – сайланбалы және партиялық лауазымдарға жоғары кәсіби кадрларды ұсынудың жүйелі ресімі. Кадрлық резерв тәжірибелі әріптестерімізден, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен белсенді жастардан, сондай-ақ, партия жақтастары қатарынан жасақталады". "Нұр Отан" партиясының хатшысы Наталья Годунова осылай деп мәлімдеді. Ол мақсатты топты, партиялық кадрларды орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ұсыну үшін резервті қалыптастыру кезеңдері мен мерзімдерін кеңінен түсіндірді.
«Партиялық кадрлық резерв туралы» ережеге сәйкес, партия мүшесі емес, бірақ оны белсенді қолдаушыларды да резервке іріктеу мүмкіндігі қарастырылып отыр, мүшелігі жоқ партия жақтастары кадрлық резервтегі саны резервистердің жалпы санының 10 пайызынан аспауы тиіс. «Нұр Отан» партиясының кадрлық резерві екі деңгейде – республикалық және аймақтық деңгейлерде бекітіледі.
– Қазіргі уақытта аймақтық резерв қалыптастырылуда. Оған мәслихат депутаттығына, аймақтық саяси кеңестер, партиялық бақылау комиссиялары (ПБК), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер (СЖҚІҚК) және партияның басқа да органдарының мүшелігіне кандидаттар іріктеледі, – деді ол. Оның айтуынша, үміткерлер келесі квота бойынша іріктеледі: әр ауданнан – 10, қаладан – 12, облыс орталығынан 25 кандидаттан.
Сонымен қатар, Н. Годунова партияның аймақтық кадрлық резервіне жалпы республика бойынша шамамен 3 мың адам енетінін жеткізді.
– Республикалық резервтің негізі – аймақтық резервистер (әр аймақтан үш адамнан артық емес). Республикалық резерв 2017 жылдың соңында қалыптастырылатын болады. Аймақтық партиялық кадрлық резервке ену үшін кандидаттар 3 сатылы іріктеу жүйесінен өтуі қажет. Жүйе конкурстық ресімдер мен құзыреттерін бағалаудан тұрады. Кандидаттардың әрқайсысы кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша кешенді тексеруден өтеді.
Мысалы, партия мүшелігі бойынша өтілі, жұмыс өтілі, білімі, партиялық қызметтегі сіңірген еңбегі бойынша талаптар бар. Аталған талаптар резервтің әр деңгейі сайын арта түседі, – деді партия хатшысы.
Үміткерлердің қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмауы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын теріс қылықтарының, алынып тасталмаған партиялық жазаларының болмауы жөніндегі талаптар әр деңгей үшін міндетті болып табылатынына да назар аударды. Бұған қоса, ол партиялық кадрлық резервті қалыптастыру үш ай бойы кезең-кезеңмен өтетінін мәлім етті. Партия хатшысының сөзіне қарағанда, резервке алынғандарды бекіткеннен кейін партиялық кадрлық резервті дамыту жұмысы жүргізілетін болады. Нақтылай айтқанда, олардың нақты іс-әрекеттерінің жоспарлары әзірленіп, бекіту және жүзеге асыру шаралары іске асырылады.
Одан әрі Н.Годунова үміткердің резервте болу мерзімі 5 жылды құрайтынын айта келіп, партияның Орталық аппаратында және аймақтық, аумақтық филиалдарының аппараттарында (басшылықтан басқа) бос лауазымдық орындарға байқау негізінде қабылдау жүзеге асырылатынын жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»