20 Қыркүйек, 2016

Сал болып ауыратын бала Илья Ильин сияқты болуды армандайды

444 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
2 Астананың 10 жасар тұрғыны Әмір Құса­йынов­тың арманы – атағы жер жарған спортшы болып, байрақты бәсекеде топ жарып, чемпион атанып, еліміздің Әнұранын ойнатып, көк туын биікке көтерту. Қай баланы да небір асқақ армандар алға жетелейтін шығар, ал Әмірдің жағдайында мұны ата-ана мен барша жақын-жуық қосыла тілейтін ерекше құбылыс, тіпті мұғжиза деуге болады. Өйткені Әмір балалардың церебральды сал ауруымен ауырады. Ал оны осы үкілі арманға жетелеуші – «BI-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры. Әмірдің анасы Жазираның айтуынша, «Әмір өмір есігін ашқанда алған жарақаттан зақымданып, балалардың церебральды сал ауруына шалдықты. Емделу үшін бармаған жеріміз жоқ, шетелге де жүгіндік, бірақ айтар­лық­тай нәтиже болмады. Содан 7 жасқа дейін балам­ды дәрі-дәрмектермен емдеп-емдеп, ақыры үміт жетелеп осы орталыққа келіп, 3 жылдан бері мамандардың көмегіне жүгіннен бастап, тіл тиме­сін, Әмірдің жағдайы кәдімгідей жақсарды. Қазір лицейде, гимназиялық 4 сыныпта оқып жүр, үлгерімі де жақсы. Ұстаздары бағдарламаны жақсы игереді, оған өзге балаларға қойғандай талап қоямыз, барлығын орындайды», дейді. Біздің ойымыз Әмірді өмірге бейімдеу, елдің бәрі ата-ана тәрізді емес, өмірдің бұралаң­ды жолдарында, мына қоғамда барлығы бірдей бастан сипай бермейді ғой, содан ертең әлеу­меттік ортада қатарынан қалып қойм­асын дейміз. Ал оның өзінің де құлшынысы керемет, қазақ­стандық үздік спортшыларды қадағалап, жеңістеріне қуанып, солардай болсам деп арман­дайды. Осының барлығы орталық маман­дарының, Әмірмен күнделікті жаттығу жасайтын нұсқаушы Садық Бәйімбетовтің арқасы. Өткенде Әмірдің жаттығуларын бейнетаспаға түсіріп, олимпиада чемпионы Илья Ильинге көрсеткен екен, Илья батыр азаматтық жасап, орталыққа арнайы келіп, Әмірге үлкен қуаныш сыйлады. Әмірдің арманы – елге танымал атақты азамат болу деп өз үмітін де ортаға салды. Әмірдің өзін сөзге тартқанда : «Илья Ильин – менің кумирім. Алғашында саған Ильин келеді дегенге нана алмадым. Бірақ ол шынымен де келді. Сондай қатты қуандым және ол маған ауруды жеңіп, шынығып жүргенімді, штанга көтергенімді мақтап, алтын медаль берді. Өзінің қалай жаттығатынын айтты. Мен қазір Садық аға берген ауыр гірді көтеріп жүрмін, ал үлкен болғанымда Илья тәрізді штанга көтеремін. Сыныптастарым маған Ильяның медаль бергеніне нанбайды. Ол менің ең бірінші медалім болғасын, төрге іліп қойғанымды айт­тым. Енді Ильинмен түскен фотомды көрсе­те­мін, сонда қалай нанбас екен», – дейді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайын­дағы сөз жиі әңгіме өзегіне айналады. Алайда бизнестің әлеуметке жасар шарапаты көп ретте бір рет көрсетілген көмекпен, әлдебір шара­ны жан-жақтан тілшілер шақырып, жалпақ жұрт­қа жария етіп, дабырлатып өткізумен шектеліп жатады. Ал күн сайын, жылдар бойы­на мүгедек балаларды қатарға қосуда тын­бай еңбектену нағыз ізгі жүректілікті, әлеу­мет алдындағы шынайы жауапкершілікті көрсетеді емес пе?! BI Group компаниясының корпо­ративтік қолдауымен құрылған «BI-Жұлдызай» КҚ көмегімен былтырғы жылы Әмір тәрізді ауыратын 100 балаға ота жасалып, 287 бала орталықтың көмегіне жүгініпті. Ал биылғы жыл олардың қарасы едәуір ұлғайған. 560-тан астам баланың ертеңіне үміт оты жағылған. Ашылғаннан бергі 11 жыл бойына «BI-Жұлдызай» КҚ түрлі мүгедек балалары бар қи­нал­ған ата-анаға қарлығаштың қанатымен су сеп­кеніндей, олармен бірге қиналып, қиынды­ғын бірге көтерісуде екен. Бізге тек церебральды сал ауруына шалдыққандар емес, Даун ауруы, тұтық­па-кекеш, гидроцефалия, скалиоз, май­табанға ұшыраған балалар да келеді, олардың әрқайсына жеке-жеке денені шынықтыратын жаттығу, сылау жасалып, психолог, дефектолог пен логопед сынды мамандар жұмыс істейді. Бізге алғаш келгенде ата-ана жүйкесі жұқарып, өмірге нала айтып кіретін болса, қазір өзіңіз көргендей жаймашуақ, балаларын мамандардың қолына тапсырып күтіп отырады. Ең бастысы, өзінде де, баласында да бізге деген, өздерінің қиындықтарының артта қалатынына деген сенім ұялайды. Сенесіз бе, біз жылда тұсаукесер рәсімін салтанатты жағдайда өткіземіз. Көзіңізге елестетіп көріңізші, олар 2 жас пен 12 жас аралығындағы балалар. Өмірінде аяғын жерге тірей алмаған баласының қадам басқанын көргендегі ата-ананың қуанышы қандай?! Сол сәтті көру үшін ғана неше жыл тер төгуге бола­ды емес пе?! Және олардың әрбіреуінің артын­да қаншама көз жасы, ұйқысыз түндер, төгіл­ген тер мен қажыр қайрат бар десеңізші деп бізбен әңгімелескен орталық қызметкері Алты­най Мұратжанқызы: «Балаларды неғұрлым ерте­рек әкелсе, соғұрлым нәтижесі де жақсы, ал сүйек қатыңқырап кеткенде қиынырақ. Демеу­ші­лері­міздің көмегімен Қытай, Германия, Чехия, Ресей, Литвадан шақырылған аса жоғары санаттағы профессор, докторлар келіп қаншама балаға ота жасады. №2 қалалық ауруханада ота жасалады деп кезекте тұрған баланы алдымен өзімізде емдік денешынықтыру жаттығуларымен алдын ала дайындаймыз. Әйтпесе жылдап қимыл көрмеген бұлшық еттерге қанша ота жасалса да оң өзгеріс бола бермейді. Сондықтан біз отаның алдында да, содан кейін де сауықтырып, қатарға қосумен жүйелі түрде айналысамыз. Құдайға шүкір, жақында тағы бір топ баланы отаға дайындап, енді бір тобының тұсауын кеспекшіміз. Бұл – біздің үлкен қуанышымыз. Жалпы Еуропа елдерінде қазір біздердегідей балалар мүгедектігі жоқ, оларды кішкентай күнінен осындай орталықтарда сауықтырумен айналысып, оларды әлеуметтік ортаға кіріктіріп жіберген», дейді. Орталықтың қызметіне енді бір жүгінуші Гүлзираның екі баласының екеуі де мүгедек: «Қызым туғаннан мүгедек. Буынын мүлде ұстай алмай былқ-сылқ ететін. Алып келгенімде дәрігерлер шошып кеткен, енді қазір отыра алатын жағдайға жетті, ал ұлым еңбектеуге тал­пынуда, осының бәріне айналдырған 8 айдың ішін­­де қол жетті. Шүкір, балапандарым жүріп кет­се арманым жоқ, қазіргі көрген қиындығым көр­­ген түстей болар. Пәтеріміз жоқ, кейде тіпті ішер тамағымызды да таба алмай қалатын күн­де­рі­­міз көп, алайда соның бәрін елемес едім, ба­ла­­­пан­­­дарым өз аяқтарымен жүріп кетсе», дейді. Ал Әмірдің Садық ағасы: «Ең алдымен ата-анамен тіл табысу қажет. Басына тауқымет түскен, бауыр еті баласының қиналғанын көріп, көмектесе алмаған ата-анада қай жөнді жүйке болады. Шыртылдап, сәл шертіп қалсаң жарылайын деп тұрады. Кейде басыңнан сөз асырып, үндемей қалып, кейде кішкентай бір табысына мақтап қоймасаң және ең алдымен балаларды жақсы көрмесең, олардың жанының ауырғанына, мүшкіл хәліне деген аяушылық пен жанашырлық таба алмасаң, бұл жерге жұмыс істеймін деп келіп те керегі жоқ. Әмірдің бойында спорт­қа деген қызығушылық пен табандылық бар, штангаға қарағанда көзі жанады. Соны көріп анасына: «Егер мен Әмірге күндегіден 10-15 минут артығырақ уақыт бөлсем, сіз тоса аласыз ба?» десем, ол кісі: «Жақсы, асықпай күтемін», деді. Бірде Әмірге: «Кәне, көтерші, мен сенің қандай мықты екеніңді кумиріңе көр­сет­емін»,  деп қалтафоныма түсіріп алдым. Кезек­ті жат­тығуға спорт кешеніне барғанда Илья­ны көріп қалдым да сәлемдесіп, жағдайды түсін­дір­дім. Сөзбұй­даға салмай, сол жерде бірден бейне сәлем жолдап: «Әмір, жарайсың, мен жақын арада саған міндетті түрде барамын», деді. Нағыз ер жігіт. Келіп балаларды қолдап, олармен отырып әңгі­ме­лесіп, рух беріп кетті. Алда бола­тын тұсау­ке­серге Илья батырды шақырғалы отырмыз», деді. Жұлдызайлықтардың небары 200 шаршы метрді алып жатқан орынжайынан түрлі ой арқа­лап жұмысыма оралдым. Қаншама жақсы істер атқарып жатқан, қайырым мен ізгіліктің ошағына отырған орны тарлық етеді екен. BI Group компаниясында жұмыс істейтін барлық адам ай сайын еңбекақыларынан бөлген жарна негізінде балаларға көмектесіп жатқан орталықты өзгелер демесе де артық етпес еді. Біздің елімізде де Еуропадағыдай ауру балалар жойылып, қоғам жылаған бала мен ата-ананың көз жасын сүртсе, ол Аллаға жағар іс болар еді ғой деген ойдың жетегінде осы жолдар жазылды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»