«Бұл – әкімнің ғана емес, тұтас атқарушы биліктің есебі»
Облыс әкімі Сергей Дьяченко бұл сөзді кейбір шешендердің: «Барлығы сіздің арқаңызда, бізге көмектескеніңіз үшін рахмет», дегендей сөздерінің қайтарымы ретінде айтқаны құптарлық. Баяндамның барысында залда отырған облыстық басқармалардың, аудан әкімдерінің, инновациялық жобамен құрылған жаңа кәсіпорындар басшыларының орындарынан тұрып, туындаған сұрақтарға қолма-қол жауап беріп жатқандығы да жауапкершілікті күшейте түскендей. Әкімдер есебінің мақсаты да осы емес пе?! «Көкшетау» мәдениет сарайындағы екі жарым сағаттық жиын жұртшылықтың жылдың басты мәслихатына үлкен мән беретінін, үміттерін осы жерден өрбітетінін, пікірлерін ашық айтып, салмақты ой қозғауға тырысатынын көрсетті. Демек, ел есепті жиналыстарды өзара сенім үнқатысуы, сөз бен істің жемісі төгілер жолайрығы, қол жеткенді місе тұтпайтын мінбері санайтыны анық. Әкім мемлекеттік органдардың жұмысында мәслихаттардың депутаттық корпусымен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен, азаматтық қоғам институттарымен және облыс халқымен бірлесе жұмыс істеуді одан әрі нығайту мен кеңейтуге басымдық берілгеніне кеңінен тоқталды. Өткен жылы барлық деңгейдегі әкімдердің 695 есептік кездесулеріне 79 400 адамның қатысқаны белсенділіктің өсе түскенін білдіреді. Тұрғындарды толғандырған 1761 сұрақ тіркеуге алынып, 1662-сіне жиналыс барысында нақты жауаптар қайтарылғаны, бақылаудағы 99 ескертпенің 90-ны қанағаттандырылып, тоғызының орындалу мерзімі биылғы жылға ауысқаны хабарлануын жұртшылық жылы қабылдады. Облыс әкімінің жұмыс бабындағы сапарларында 195 тапсырма бақылауға қойылып, 178-і орындалыпты. Аймақтардан келген 250 адам облыс әкімінің қабылдауында болған. Мемлекеттік қызметтің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылдан бері облыс әкімінің, аудан әкімдерінің, облыстық мекемелердің сайттары жұмыс істеуде. Әкім осы аталғандардың барлығы есепті жылдың еңсесін биіктетуге өзіндік септігін тигізді деп санайды. Ал, жылдың еңселі аяқталғаны, биылғы мерекелі жылға жүктелер міндеттер одан да зор екендігі анық. Соңғы он жылда аймақтық өнім өндіру 6,8 есеге өсіп, 562 миллиард теңгеге жетті, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 640 доллардан 5200 долларға немесе 8,2 есеге артты. Облыс өнеркәсіп өнімдерінің индексі бойынша еліміздегі жетекші орынға шықты. Яғни, дағдарыс толық еңсеріліп, саладағы тұрақтылық қамтамасыз етілді, деді С.Дьяченко. Өткен жыл облыстың индустриялық кешені үшін бетбұрысты кезең болды. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 175 миллиард теңгеге жеткізіп, 2009 жылмен салыстырғанда 46 миллиард теңгелік өсімді қамтамасыз етті. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010 жылы 74 миллиард теңгенің 15 нысаны пайдалануға берілді. Олардың барлығы көшбасшылық тұғырдан көрінгені қуантады. «Алтынтау-Көкшетау» алтын айыру фабрикасы еліміздегі ең үздік инвестициялық жоба саналады. Кәсіпорында алтын өндірудің Қазақстанда теңдессіз жаңа технологиясы қолданылады. Былтыр мұнда 4 тонна алтын өндірілсе, биыл 15 тонналық деңгейге қол жеткізетін жобалық қуат қамтамасыз етілмек. Мұның өзі Ақмола облысының алтын өндіруде республикамызда бірінші орынға шығуына, ал Қазақстанның әлемдегі жетекші 15 мемлекеттің қатарына қосылуына мүмкіндік бермекші. Степногор подщипник зауытында өндірісті қуаттандыру өнім көлемін 1,6 есеге арттырды. «Степногор жылыжай технологиясы» жобасы жылына 1800 тонна өнім шығаруға есептелсе, Наурыз мерекесінің дастарқанына алғашқы 540 кило қияр мен қызанақ ұсынылады деп күтілуде. Көкшетау қаласындағы «Енки» серіктестігінің желтоқсан айында іске қосылған керамикалық кірпіш зауытының жылдық қуаты 60 миллион дана болса, бүгінгі жиналыста оның директоры Балдырған Айтқожин қазірдің өзінде 1,5 миллион кірпіштің әріптестерге жөнелтілгенін хабарлады. Бұл – Орталық Азиядағы 100 пайыздық автоматтандырылған технологиямен жұмыс істейтін бірден-бір кәсіпорын. Мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін жасау, ішкі рыноктағы өнімнің көлемін 80 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Облыс 2010 жылы агроөнеркәсіп саласына 27,7 миллиард теңге инвестиция тарта білді. Диқандар қауымы барлық егіс алқабының 60 пайызы ылғал үнемдегіш технологиямен өңделгенін (2009 жылғыдан 130 мың гектарға артық), қуаңшылыққа қарамастан, республика бойынша жиналған астықтың ширек бөлігін қамтамасыз еткенін үкіметтік бағдарламаның жемісі деп біледі. Әкім саланы әртараптандыру қадамының сәттілігін де еске салды. Майлы дақылдар көлемі үш есеге артып, 130 мың гектарды қамтыған. Осының арқасында Атбасар ауданында өсімдік майын шағаратын зауыт, Зеренді, Бурабай, Сандықтау, Целиноград аудандарында цехтар салынды. Сондай-ақ, 150 мың тонна картоп, 53 мың тонна көкөніс жиналды. Кенжелеп қалған өндірісті одан әрі дамытудың нақты жолдары белгіленіп отырғаны да сүйінішті. Облыста мал атаулы негізінен жеке меншік пен шағын қожалықтардың еншісінде екендігін білеміз. Мұндай жағдайда осы заманғы жаңа технологияны қолданудың, асылдандыру жұмысын жолға қоюдың, толыққанды азықпен қамтамасыз етудің, одан қалды тиімді нарықтық қатынастарды орнықтырудың мүмкін еместігін жіктеп жатудың өзі артық. Астаналық облыс оны шешудің қолайлы мүмкіндіктеріне ие әрі мемлекет бұл тұрғыда барынша мүдделестік танытып отыр. Ақмолалықтар елорданың азық-түлік белдеуін жасау мақсатында, небәрі бір жылдың ішінде 7 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асыра алды. Мұның 10-ы индустрияландыру картасына жатады. Бәрін санап, сипаттап жатпай-ақ, 4 өңдеуші кәсіпорын, 3 қуатты диірмен және 5 астық қоймасының игілік төге бастағанын айтайық. Қайтарым – көңіл өсіреді. Есепті кезеңде 96,5 мың тонна ет, 453 мың тонна сүт, 443 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Өнімнің барлық түрінен өсім бар. Бұған қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында 12,7 миллиард теңгеге есептелген 4 жобаның барлығы берекеге шындап бетбұрыс жасалғандығын айқындайды. Өңір басшысының ендігі жерде білекті сыбанып жұмыс істеу, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалауды айтып жатқаны осыдан. Мұндай жағдайда инвестициялық тартымдылық алға шығып, жақсы ой-жоспарларға жетелейтіні анық. Былтыр негізгі капиталды қаржыландыру 113 миллиард теңгеден асып түсіпті. Мұның ішінде шетелдік инвесторлар белсенділігі 13,4 есеге көтерілгені қалай мақтасақ та жарасады. Облыс аумағында екі жылда ғана 522,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін осыған қатысты әлеуетпен байланыстыруға болады. Оның үстіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қыруар жұмыстар атқарылды. Саланы дамытуға 2,6 миллиард теңге қаржы жаратылса, оның 1,6 миллиард теңгесі – «Жол картасының» шарапаты. Ал, ауыз сумен қамтамасыз ету шараларына 2010 жылы 11 миллиард теңге бөлінуі бұрын болмаған дүние. Тұрғындар тіршілігі жанданды, 46 ауылға, 4 қалаға сапалы су келді. Әйткенмен, әлі де суды тасып ішетін ағайындарымыз баршылық. Оны шағын ауылдарды жауып тастау жолымен шешуді көңіл шіркін қабылдай бермейді. Әкімге судан басқа, жол қатынасы, әлеуметтік сала, тұтыну құны мен бағасы, қоғамдық тәртіп, басқа да өзекті мәселелерді қамтыған сұрақтардың көп қойылуы тегін емес. Облысқа жүктелген абыройлы міндет – Астана қаласының агломерациялық аймағын дамыту, Щучье-Бурабай курортты аймағын көркейту ісі облыс әкімінің негізгі екпін түсірген мәселелері қатарында сараланды. Сондай-ақ, аймақты алға бастырудың қам-қарекеті қатталған талдама слайдтар, фильм-жоба көпшілік көңілін өсіре түсті. Облыс әкімінің есепті жиынына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Шайзатов қатысты. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше