23 Ақпан, 2011

Желтоқсан оқиғасына қатысқандығы да ескерілді

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясында «Желтоқсан» халық­тық-патриоттық қозғалысы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінен президенттікке кандидаттыққа ұсынылған Құрманғазы Рахметов Лингвистикалық комиссияның мү­ше­леріне сынақ тап­сырды. – Президенттіктен үміткер­лер­дің мемлекеттік тілді еркін мең­гергендігін анықтау мақ­са­тын­да Лингвистикалық комис­сия­ның құрылғандығын дұрыс деп есептеймін, – деді Құр­ман­ғазы Рахметов сынақ тапсырар алдында журналистерге берген сұхбатында. – Өйткені, мемлекеттік тілді барлығымыз жетік білуіміз керек. Қазақ тілін жөнді мең­гермеген азаматтардың билік басына ұмтылмағандары жөн. Сұхбат барысында кандидат өзінің өмір жолынан да хабардар етті. Оның айтуынша, ол 1986 жылы Қазақ мемлекеттік универ­си­тетінің физика факультетіне оқу­ға түскен екен. Көптеген қа­зақ жастары секілді ол да Желтоқсан көтерілісіне қатысып, 7 жылға бас бостандығынан айырылып­ты. Кейін Желтоқсан көтерілісіне байланысты құрылған комис­сия­ның ықпал етуімен оқуға қайта қабылданған. Бірақ, оны әрі қа­рай жалғастырмаған. 2003 жылы Гуманитарлық университеттің заң факультетін бітіріпті. Арада екі сағаттай уақыт өт­кенде Лингвистикалық комиссия­ның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков БАҚ өкілдеріне сынақ қорытындысын жария етті. Оның хабардар етуінше, президенттікке кандидат Құрманғазы Рахметов алдымен «Тәуелсіздік тағылы­мы» тақырыбына шығарма жаз­ған. Еміледен – үш, тыныс белгілерінен – төрт, стильдік екі қате жіберген. Барлығы – тоғыз. – Кандидат тақырыпты ашуы керек, ауа жайылып сөйлемеуі керек, – деді комиссия төрағасы осыған байланысты. – Әркім өзінің білгенін айта беретін болса, Лингвистикалық комиссия­ның үміткерге қоятын шарты бұзылады. Екінші тапсырма Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы болды. Оны кандидат өте жақсы оқыды. Еркін түрде ырғағына кел­тіріп орындап шықты. Ал үшіншісі – сөз сөйлеу өнерінде кан­дидат жалпылама кетті. Әр нәрсені айтты, өмірбаянын да қосып жіберді. Үміткер сөйлеуді меңгерген. Бірақ, көпшілік алдында сөз сөйлеп дағдыланбаған, үйрен­беген. Ел басқаратын адам сөз сөйлеп машықтануы керек. Лингвистикалық комиссия бас­шысының осы сөздерін тың­дап отырған біздер, журналистер Құрманғазы Рахметов сынақтан «құ­лаған» шығар деп ойла­ған­быз. Олай болмай шықты. Мыр­затай Жолдасбековтің айтуынша, комиссия мүшелері үміткер жө­нінде көп ойланған. Нәтижесінде кандидат Құрманғазы Рахметов мемлекеттік тілді меңгерген деген шешімге келген. Оның себебін Лингвис­ти­ка­лық комиссияның төрағасы бы­лай түсіндірді: «Желтоқсан – кезінде біздің қасіретіміз болды. Қа­зір Желтоқсан – халықтың ба­ғы. Желтоқсанда талай азамат халқының, елінің болашағы үшін құрбан болды. Олар нағыз күрескер еді. Солардың бірі сен екенсің, – деді Мырзатай Жолдасбеков үміткерге қаратып. – Сол біздің сай-сүйегімізді сырқы­ратып отыр. Біз осыны да ескердік». *  *  * Кеше, сондай-ақ президенттіктен үміткер Жақсыбай Бәзіл­баев та Лингвистикалық комис­сия­ның отырысында сынақтан өтті. Комиссия мүшелері оны мем­лекеттік тілді меңгерген деп шешті. Лингвистикалық комиссия­ның төрағасы Мырзатай Жолдас­бековтің айтуынша, Ж.Бәзілбаев сынақтың бірінші кезеңінде «Абай қазақ халқының рухани кө­семі» атты тақырыпта екі бет шығарма жазды. Жазба жұмысы орташа жазылған. Орфо­гра­фиялық 3 қате, тыныс белгісінен – 4, стильдік 3 қате жіберген. Бәрін қосқанда – 10 қате. – Екінші талап бойынша үміт­кер Жүсіпбек Аймауытовтың шы­ғармаларынан үзінді оқыды. Кейбір нормалар бой­ынша ауытқулар болды. Бірақ, орташа оқыды деп бағалауға бола­ды. Үшінші кезеңде «Абыройлы іс» атты тақырыпта сөйледі. Үміт­кер тақырыпты ашты, өз ойын жеткізе білді. Осылардың барлығын ескере келгенде, біз Ж.Бәзілбаев қазақ тілін меңгер­ген деген қорытынды шығардық, – деді М.Жолдасбеков. Осы жерде айта кетейік, Жақсыбай Бәзілбаев бұған дейін екі президенттік сайлауға қатыс­қан болатын. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.