Оқырманын қалпынан озық етіп, игі ұмтылыс беретін ұлттық түлеу тiлеулесi, шамшырақ боп нұрын шашып, дүниенiң сырын ашып, рухани жолбасшы бола білген, ой мен қырдағы қазақ баласының бас алмай оқитын айнымас бiр серiгі – еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанның» әрбір санын асыға күтетініміз анық. Сондайда газет бетінен қарағандылық оқырмандарына етене таныс бір есім бар. Кім десеңіз, ол – Айқын Несіпбай.
Уақыт қас қағым. Қолына қалам алғалы қырық жылдай болған әріптесіміз өзінің шығармашылық жолын «Торғай таңынан» бастап, одан «Коммунизм нұрында», «Лениншіл жаста», «Орталық Қазақстанда» жалғастырып, соңғы он төрт жылдан бері «Егеменнің» өңірдегі көзі мен құлағы болып келеді.
Қарап отырсам, өмірдегі біздер ізіміз ұқсас, тіпті бірдей дерлік. Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш түлектері болдық. Тағдыр үш-төрт жылдан соң Целиноград, Қарағанды облыстық газеттерінде қайта тоғыстырды. Орыстың қазіргі заманғы ұлы ақыны Евгений Евтушенконың кешегі дәуірдің елуінші жылғыларды біртоға ұрпаққа телитіні бар. Сол рас сияқты. Басқаны білмеймін, осы бір ой ұшығы Айқыннан аңғарылады.
Бізбен бірге бүгінде белгілі ақындар Абзал Бөкен, Серік Ақсұңқар, «Фирдоуси» деп атайтын қиссашыл ағамыз Әбілқасым Тәңірбергенов, Қадыр Мырза Әлі жырларын ұйқыдан оятып жібергенде де жаңылыспай жатқа оқи жөнелетін Мұхит Адамов, «жазсам Ақан Нұрмановша жазамын, олай болмағанда жазуды тастаймын», дейтін Серікбай Шоңғаловтар оқыды. Ішіміздегі ең асауымыз қазіргі ірі ақын Серік еді.
Алдымыз ақын, әдебиетші, ғалым, журналист болуды армандадық. Кейде бір-бірімізге мамандық «үлестіреміз». Бірде атына сәйкестендіріп, «Сен Айқын Нұрқатов сияқты сыншы боласың» дедік. Көзімізше «қолдан келсе» деп келіскенімен, ішкі арманы одан алыстау әлденені жазып-сызудан байқалып қалып тұратын. Өзгеміз өз ортамызда қалғанда ол Торғай асып кетіп, сол жақтан мүйізі қарағайдай газетші болып оралды. Осы күнге дейін аузынан тастамайтындай бұлайша жолға түсуіне, ғұмырлық сүйікті серікке айналуына бір өзі бір мектептей болған ұстазы Жақсылық Жүнісұлының тәлімі бөлек болыпты.
Ертеден бергі сырластық, ниеттестікке орай бір-бірімізге қашанда тілеуқормыз. «Егеменнің» тілшісіне лайық қалам қарымы марқайтып тастап жүреді. Соған қоса міндетіне адалдығы жарасады. Редакция лездемелерінде атап өтілген материалдарынан құрастырылған «Жылжыған жылдар» деген жинағының бірінші данасын алдымен маған тарту еткен соң байыппен оқып шыққанымда, шынында әріптестері аузына жай ілікпегені білінген.
Кітап демекші, тұрғыласымның бойындағы бір қасиеті – әсіреқызылдық пен түймедейді түйедей етуге бармайтындығы. Қабілет-қарымы танылған, мойындалған болса бір сәрі, кейбір ізбасарларымыздың құс қайта бір, құс келе бір ширақтық танытып, басшылардың тілін таба білу ептілігін байқатып, қаржы тауып, бір баспадан шыққан жинағын екінші баспадан қайта шығарып, оқырманға оқылмайтын күлдібадамын қайта-қайта тықпалап мезі ететіні күннен күнге етек алып бара жатқаны жасырын сыр емес. Ал Айқын ондайлықтан аулақ. Араға біраз жыл түсіп кетсе де жинақ шығару бәсекесіне асығатын емес. Бұл, меніңше, кітап атты қасиетті дүниенің қадірін қастер тұтқандық.
Оның әдебиетшілік қыры да маған мәлім. Ешкімге жар салмай өз көңіл қалауына орай істер тындырып жүреді. Мәселен, сонау тоқсаныншы жылдар басына дейін біразымыз өмірде Жолдыкей Нұрмағамбетұлы атты ақын болғанын білмей келдік. Халық ақындарының Қарағанды өңіріндегі соңғы бір үлкен шоғыры Қайып, Доскей, Көшен, Болман, Ғабдимандарды Ғабит Мүсіреповтің өзі бастап, соғыс жылдарында алғаш ұйымдастырылған Алматыдағы айтысқа алып барғанда орталарындағы Жолдыкей Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтардың назарын аударыпты. Айтыс басталар алдында Сәбең ақындардың шалымын байқамақ болып, «Облыстарыңыздың сипатын танытарлық жайды бір ауыз өлеңге сыйдыра айтып шықсаңыздар», дегенде басқалары тосылып қалғанда Жөкең қолма-қол:
Халқыма Қарағандым – қара саба,
Атағы Алатаудан аласа ма!?
Еліме қара алтынын беріп жатыр.
Ақындар осыныма таласа ма? – деп одан әрі көсіле жөнелгенде Сәбең риза болыпты. Мұхтар Әуезов те суырыпсалмалық өнеріне сүйсінген екен. «Совет ақындарының айтысы» деген мақаласында Жолдыкейдің есімін бөліп атап, айтысынан ұзақ үзінді келтіреді.
Осы жайлар бірінші рет баян етіліп, оның айтыскер ғана емес, тіл кестелілігі, өрнектілігі көзге ұрарлық ақын болғандығы Айқынның зерттеу мақаласында жан-жақты талданып, көрсетілген. Содан соң-ақ танылып, ортамызға оралған ақын мұрасы, есімі қазір көпшілікке белгілі. Нұра ауданының орталығында атына көше берілді. Өңір айтулы тұлғаларының қатарынан орын алды.
Бір әттеген-айы, осы еңбегіне жиендік жасағандар болса керек, бірде қатты қынжылып жүргенін көрдім. Басқа болса, ат-тонын алып тулар ма еді, ренішін сыртқа шығармай, булығыңқырап барып басылатын сүйегіне сіңді сабырлыққа көнді. «Қайтеміз, ұяты білсін» дейді есіне түскен сәтте.
Маған кейде қызық көрінеді, оған әсіресе, ата-баба жеріне оралған ағайындар үйір. Бірде Моңғолиядан қозғалған ұлы көшті бастап келгендердің бірі, әріптес інім Аманжол Ақыннан сөз тартқанымда:
– Атажұртқа алғаш табан тірегенімізде бірінші төс түйістірген бауырымыз Айаға еді. Жаңа ортада әркімге жаутаңдап жүріп, «Орталық Қазақстанды» арқа тұта барғанымызда таныстық. Топ жан едік. Бірден үйіне алып барды. Соғымның соңғы тәуірін қазанға салдыртып, дәм берді. Сол бір жан жылуы естен кетпейді. Іле «Құтты қоныс» қайырымдылық қорын құрып, мұндағы ағайындарды көмек қолын созуға жұмылдырды. Бұрынғы кен инженері менің жазып-сызуға икемімді байқап, өз қатарына тартты, – деген болатын бауырластық сырын ашып.
Уақыт жаңарды, өмір өсті. Ал ол өзі қалаған қатарда. Сонау 1997 жыл күзінен « Егемен Қазақстан» сеніміне сақ. Білуімше, оған одан артық атақ, абырой жоқ. Айтпақшы, осындайда еске түседі, білім тереңдетуге құлаш ұрған кезде он жетідегі өрендер, яки біздер оның туған күніне Шандор Петефидің жыр жинағын тарту етіп, «Атына лайық азамат бол» деп тілек жазған едік. Өзі де айқын, сөзі де айқын қаламдас сол үдеден шығып келе жатқан сыңайлы.
Сәбит БЕКСЕЙІТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қарағанды.