24 Қыркүйек, 2016

Киік-ғұмыр

1346 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
kiikСол бір жылдары біздің совхоздың шопандары орталықтан 180 шақырым қашықтықтағы Ақбастау атты жайлауды жайлайтын. Ақбастау дегеніңіз Шыңғыстаудың сілемдерімен ұштасатын, омырауын арша жапқан ақ тастардың шоғыры еді. Қойнауы қазыналы, бір кездері ашық әдіспен алтын өндірген, қазір қайта іске қосылған Құсмұрын кен орны да осы Ақбастаудың бір кереметі болатын. Мамырдың соңын ала мыңғырған қойдың маңыраған дауысы даланы тұндырып, Ақбастауға қарай салқар көш басталады. Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында қойдың санынан жаңылысатын шаруашылықтар көп еді. Біздің Шоқан Уәлиханов атындағы совхоз да солардың қатарынан-тын. Ақбастауға шұбатыла қой айдаған көштің шаңы 10-15 күнге созылатын. Қозы жас, төлдің өкпесі өшеді деп арба аяңмен жылжитын едік. Әлгі 180 шақырымды қона түнеп, 4-5 тәулікте әзер жүріп өтетінбіз. Сонда деймін де әкеміздің қолғанаты болып жүрген біздің жасымыз әрі кеткенде 6-8 жас­тың арасы екен. Отарды өзі қайырып, оның сыр­тындағы сиыр мен жылқыны да шашау шы­ғар­майтын ағамыздың да жасы сол 15-16-лар­да ғана-ау… Енді ойлайсың, не деген еңбекқұмар­лық деп. Қазір ғой 8 жасар ұлды дүкенге нанға жұмсап, балконнан қарауыл қоятын заман. Жасөспірім үшін бәрі қызық еді, асай-мүсей артылған, көрпе-көншек тиелген, қала берді, жолай туып қалған қозы-лақты бақыртып салып беретін ырдуан арбаның тізгінін ұстап қалқиып келе жаттық та неше жыл… Ақбастауға жету үшін сол кездері «Алғабас» аталған совхоздың аумағын басып өтетінбіз. Совет Одағында алға баспаған шаруа бертінгі нарық заманында қайдан оңсын... Қазір ол ауылдық округке өзінің ежелгі атауы қайтарыл­ған, Малгелді деп аталады. Жастар қалаға ауған, екі-үш сиырдың емшегі мен оншақты уақ жандықтың тұяғын баққан кәрі-құртаң. Жә, осы «Алғабастан» аса бере Абайдың өзі тошала сал­дырған, кейін Шәкәрім дүниені тәрк етіп, қос тігіп жататын Шақпақты тауының кіреберіс ауы­зын жанай өтетін едік. Осы тұста болуы тиіс, жыл сайын бір әдемі оқиға орын алатын. Даған­ды атты табаны сортаң, күн ыси бере көл­шік-көлшік қара суға айналатын өзеннің сағасы-ау… Шақпақтының бауырынан шаңытып, тағы бір салқар «көш» құлайтын. Кәдімгі табиғи үдеріс енді. Тұмсығын желге беріп, қысқа құла­ғын жымырайтып алып, әй бір шұбап келе­тін-ді. Киік деген жануарымыз осы-тұғын. Отар­лы қойды дүр еткізе үркітіп, қақ жарып өтіп болғанша қызықтап қарап қалатынбыз. Сол киіктер көші шұбалаңқы жолдармен жүріп өтіп, біз жайлайтын Ақбастаудың етегіне барып тоқтайтын сияқты көрінеді енді. Тек табиғи маршрут арқылы аялдайтын арнайы табиғи бекеттерді аралап келе ме екен? Мүмкін, сол замандағы киік баласының саны шынымен көп болды ма, әйтеуір шопан құдығының маңынан сарша тамыз түскенше киік ізі суымайтын еді. …Киік өрісіне көз салған адам ирек-ирек жайылым ізіне жолығар еді. Әсілі, үй жануарлары адами болмысқа әбден сіңісіп, тепе-тең­дік пен тәртіп деген нәрседен жұрдай бола­тынға ұқсайды. Мәселен, ең момын түлік сана­латын қой баласының өрістегі азықтану сәтін бақыласаңыз, қомағайлық пен талғам­сыз­дықты, тіпті ысырапты аңғарасыз. Рас, сізге күлкілі болуы мүмкін, бірақ солай. Оның жанында жабайы киіктің жайылымында бір ретті­лік байқалады. Инстинкт! Бәрібір, жер төсін­дегі жалғыз түп жусан қалса да киелі жануар оны ұқыппен үзіп жеп, тамырымен қопара жұлмас еді. Өз байқауымызда киіктер тобы­мен жайылымға шыққанымен, аузына іліккен шөпті талғамай жұта беретіндерден емес. Ретімен, доға тәрізді тізбекпен жайылып жүргенін талай көрдік. Құнжыңдаған құралайы мен қалқиып тұратын құлжасына дейін шеп құрап тұрғандай әсер беретін. Ірі денелі, ересек киіктер доға тәріз­дес шеңбердің алғы шебі мен қос қаптал шетін­де екі рет еңкейсе, үш рет үн тыңдайтындай еді. Ал шашыраңқы шеңбердің орта тұсында, әлбет­те, жас төлдер жайылатын. Ұққан адамға бұл бір стратегиялық қорғаныс сияқты. Сырттан келе­тін кез келген қатерге отар­дағы әлді, белді киіктер алдымен қарсы шығады. Егер топты киік дүр етіп үріксе, жөнеп бара жатқан қара-құраның ішінен құра­лай­ды таппай қаласыз. Өйткені манағы қос қап­талдағы ірі топ шашау шыққан бірлі-жарлы ұсақ басты қыспақтап, үйірмен қосыла шабуға мәжбүр етеді. Ұрпақ өрбіту мен оның амандығын тілеу адамзатқа ғана тән емес екен, бақсаңыз. Ал даланы емін-еркін жайлайтын киік баласының түйсігі тым аяулы сияқты ма, қалай? Әсілінде, ғылым­ның өзі жабайы жануарлардың өмір сүру қағи­дат­тары­ның жыртқыш аңдарға қарағанда ерекше сырға толы екендігін жасырмайды. Оның ішін­де түз сақтайтын төрт аяқтылардың жөні бір бөлек. Адамзат баласына зәредей қиянаты жоқ жануар­лардың жаратылысында біздің ғылым түсін­діріп бере алмайтын ерекшелік бары анық. Біз мұны кейін, балалық әсерден ажырай бас­тағанда барып ұғып, адам мен жануар­дың арасында бастапқы байланыстың барына қызыға бердік. Бұл, әсіресе, өздерін көшпелі­лер­дің ұрпағы, көне түркілік нанымның жоқшысы ретінде сезінетін далалық өркениет өкілінің барлығын қызықтыратын нәрсе болса керек-ті. Жалпы, тамырлы тарихынан ажыра­тылған немесе шежіресін өзі жазбаған ұлт­тар түпкі ақи­қатты… мифология мен фольклор­дан іздейді. Өтірік пе? Кері әсерлі тұс­пал емес, әшейінгі сөз: мүмкін қазақ қазір мақ­та­нып жүр­геніміз­дей қас­қыр­текті емес, киік бауыры­нан өрбіген болса ше?.. Кейде көмек­ке әдебиет келеді. Оралхан Бөкейдегі, Шың­ғыс Айтматовтағы Бұғы – Ана (Ене) образы кез­дей­соқ­тық па? Халық ұғы­мын­дағы «Кісікиік» танымы ше? …Киік баласының талғампаздығы деп айтып қалдық қой, соның мысалын мынадан көрдік: Шопан ата баласы, жылқы, сиыр жайы­лып, жүріп өткен жерлердің шөбін талғамай жей береді. Тек әлгі киік отары қой бір рет болсын оттап кеткен жайылымға қайтып бас қоймайтын. Нақтысында, әкеміз солай дейтін еді. Сол себептен бе екен, «анау, анау тұстарға қой түсірмеңдер, құралай марқайғанша соны тұрсын…» деп қамшысын батыс жақтағы жайылымға қарай білеп қоятыны. Оның сыртында киіз үйден жарты шақырымдай қашықтықта тұратын артезиан құдықтың су құяр астауын жуғызатыны бар еді. Сөйтсек күндіз мал бас қойған науаға түн ауа киіктер де сусап келеді екен ғой. Жарықтықтар қойдың шайыр мүңкіген иісінен жеріп, су да іше алмай, дымқылдың иісін қиып кете алмай, түнімен иттердің ұйқысын қашырар еді… Құс ұйқылы қойшыда ит үріп, жылқы іш тартса не жан қалсын, осының бәрін іштей бағып жатады да. «Биыл киік ерте көшті…» деп отырды бір жылы әкеміз таңғы шай үстінде. Табиғаттың тамы­рын бағатын адамға бұл да бір шартты белгі сияқты екен. Киік оты ерте қайтқан жылы шөп тез қурап, малдың қоңдануы да қиындай бере­ді екен. Кездейсоқтық па, сол жылы қыстан мал­дың дені көтерем болып шыққаны және бар. «Киік малы жершіл келеді…» дейтін тағы әке­міз. Ұрғашы киіктер ұрпағын жарық дүниеге әкелу үшін міндетті түрде алдыңғы төлін туған аймақ­қа ауып барады екен. Қайбір жылдары қар көбесі сөгілмей, көктем кешіккен кезде Арқадан Шығысқа қарай көшкен киіктің көктайғаққа ұрынып қырылғаны туралы хабар естігенбіз. Ол кезде ақпаратқа қолжетімділік қазіргідей емес, ұмытпасақ Павлодар облысының аумағында болса керек осы оқиға. Енді ұққанымыздай, шамамен берісі Ақмола, Қостанай өлкесінде, арысы Ақтөбе, Атырау алқабында қыстап шыққан киік отарларының төлдеу науқанын өткеру үшін орталық-шығысқа қарай жөңкілуі болса керек. Киіктің жершілдігі дегенге бір мысал осы болар. Алғы сөзімізде киік оты ерте қайтқан жылы қыс қабағы қату болып, мал баласына жайсыз тиетінін айттық. Жазылмаған дала заңына салсақ, солай. Жануарлар әлемін бақылаушылар мен синоптиктердің осыған ұқсас өз уәждері тағы бар. Киік шөптің қатып, құнарсыздана бастайтынын мақұлықтардың ішінен бірінші сезетін аң болса керек. Сондай-ақ жер асты суының жүлгесінен қашатынын да, артынан қуаңшылық қаупі туатынын да түйсікпен ұғынады-ау. 1988 жылдары ма екен, біздің сол жайлауда жаңбыр тамбай, шөп сарғайып кетіп еді. Негізінде түні салқын келетін климатта шөп басы дымданып, ол таңға қарай шыққа айналып тұрар еді. Ерін ұшымен жайылатын жануарларға бұл кәдімгідей таңдай жібітерлік нәр ғой. Сол жылы жайлауда киік болмады. Есесіне қасқыр көбейіп кеткен-ді. Демек, жануарлардың жөңкіле көшуі жергілікті мекендегі жыртқыштардың қорексіз қалуына, сол арқылы табиғи тепе-теңдігінің бұзылуына әкеледі екен-ау… Айтпақшы, киіктер неге ұрпақ өрбітер кезде жазық далаға маңады? Осы сұрақ әлі де мазалайды. Парадоксалды сұрақ тағы бар: неліктен көшпелі өркениеттің белгілері жазық далалардағы көне қорымдардан жиі табыла­ды екен? Осы жазық далада аспан әлемі­не бастайтын бір тылсым сыр көмулі жатса ше? Бірде дүние жүзіндегі ғарыш айлақ­тары жайлы рефератқа дайындалып отырып, космо­дром­дардың негізінен ашық далада орна­ла­сатындығына дәлел тапқанбыз. Міне, Бай­қоңыр­ды алайық! Жер кіндігі деп атайтын бұл айлақ­тың орналасуын картадан қарап алыңыз… Киікке оралайық. Бұл жануарлардың арғы тегін антилопалық түрге апарып тірейді екен шежіре. Демек, жер бетінде адамзатпен бірге жасап келе жатқан бағзы тұяқты тұқым, біздің тілеушіміз де шығар. Тіпті қазір православие мәдениетіне толық жұтылып болған Қалмақ әулетінде бір кездері тұяқтылардың осы түріне табыну ырымы болған екен. Буддалық наныммен шатысатын бұл түсінік бойынша Ақ Елік Ене бейнесіндегі құдай адамзаттың асыраушысы әрі жебеушісі-мыс. Ерте кездері Еуропада да елік пен арқар жыртылып-айырылады екен дейді тағы бір дерек. Қазір емге таппайсыз. Әрине қорғалатын қорықтардан басқа жерден. Таби­­ғат­тағы бұл түрдің жойылуы Азияда да қар­қын­мен өтуде. Әзірге Қазақстан мен Өзбек­стан аумағы мен Моңғолия жерінде, ішінара Ресей топырағында ғана табиғи өсім сақталып отыр. …Жазғы жайлауда той да жиі болатын. Коммунизмнің қызыл суын етігімен кешіп өткен біздің әкелеріміздің апта аралатып қонақ шақыруы, ат шаптырып, көкпар тартуы ұлттық дәстүрді де ұлықтау болған екен ғой. Әкеміздің тойдан оралуы қызық еді. Есік пен төрдей, өзі «Ақалтеке» деп әлдеқандай көретін қылаң атты шоқырақтатып, өрістегі бізге соға кететін-ді. Біздің баққанымыз қой болса да тосқанымыз дорбадағы тәттілер ғой… Ал шүйкедай ғана шалға айналған әкей ыңылдап бір әуен іздейді: ...Желбір жекен, Желіп жүрген жайлауда біз бір бөкен-ай… Өмір жайлауынан бөкендей желіп өткен киік-ғұмырлы жандардың да рухына дұға етіп жүрелікші... Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Алматы