23 Қыркүйек, 2016

Танымал ғалым тағайындалды

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Назарбаев Университетте 67 жастағы профессор Адесида Илесанми жаңа провост болып тағайындалды. Халықаралық ғылыми және білім беру саласында ол табысты ғалым және әкімші ретінде танымал болып табылады. Адесида Илесанми Урбана бұл қызметке дейін Шампэйндегі Иллинойс университетінде (АҚШ) провост және академиялық мәселелер бойынша вице-канцлер болып қызмет еткен. Енді ол Назарбаев Университетте жаңа провост ретінде академиялық және ғылыми-зерттеу бағдарламаларына, сондай-ақ ғылыми-зерттеу гранттарын тағайындауға жетек­шілік ететін болады. Провосттың қарауына Назарбаев Университеттің саясатына сәйкес сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларын жасау және іске асыру мәселелері кіреді. Доктор Адесида Берклидегі Калифорния университетінде 1974 жылы электр инженериясы мамандығы бойынша ғылым бакалавры, 1975 жылы ғылым магистрі және 1979 жылы ғылым докторы дәрежесіне ие болды. 1979-1984 жылдары Корнелл университетінде ғылыми қызметкер, ассистент-профессор қызметін атқарды. 1985-1987 жылдары Нигериядағы Тафава Балева университетінде электр инженериясы кафедрасының меңгерушісі болды. 1987 жылы Иллинойс университетінің оқытушы-профессорлар құрамының қатарына қосылды. 2000-2012 жылдар аралығында ол микро- және нанотехнологиялар зертханасының директоры, нано өлшемді ғылымдар мен технологиялар орталығының директоры лауазымдарын атқарды. Бұдан басқа осы жылдары ол инженерия факультетінің деканы болды. Адесида Илесанми 350-ден астам рецензияланатын мақала жариялап, халықаралық конференцияларда 250-ден астам баяндама жасаған. 2011 жылы ол айрықша еңбегі үшін IEEE EDS наградасына ие болды. 2016 жылы ол электрондық материалдар саласына қосқан зор үлесі үшін TMS бойынша сыйлықтың Джон Бардиннің функциялық материалдар номинациясындағы жеңімпазы ретінде танылды. «Егемен-ақпарат»