23 Қыркүйек, 2016

Экстремизм – бүгінгі заманның зауалы – А. Әбдірәсілқызы

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
23-09-ainur «Заманына қарай – амалы, дейді қазақ. Мен соңғы уақытта заманына қарай – зауалы дегенді көп айтып жүрмін. Себебі, әр заманның өзіне қарай, шынында да, зауалы болады екен. Бізден бұрынғылардың біреуіне – аштық, біреуіне – қуғын-сүргін, біреуіне – соғыс зауал болса, біздің кезеңімізге ақпараттық ағынның, соның зардабы болып туындаған экстремизм секілді кері құбылыстармен, түрлі мәдениетсіздіктермен күресу зауалы тап келген секілді». Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты дін істері комитетінің ұйытқы болуымен «Әйелдер ұйымдарының жастар арасында діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында аталған ведомствоның дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы осылай деді. Қоғам қайраткерi, Бауыржан Момышұлының келiнi Зейнеп Ахметова өз ойын ортаға салды: «Біз әрдайым өзіміздің ізбасарларымызға, артымыздаға ұрпаққа не бере алдық деген төңіректе ойланып отыруымыз керек. Қазақ «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» дейді. Демек, жаһандануға ең алдымен, ана тіл арқылы санаға сіңетін ұлттық өнеге, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, бір сөзбен айтқанда халық педагогикасы арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Адамның бойындағы игі қасиеттер, тектілік тек қана ананың сүтімен ғана келеді. Ендеше, ең алдымен, ертеңгі күні ана, келін болатын, бір босағаны аттайтын қыздардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Қызы тексіз, тәрбиесіз елдің іргесінен ырысы кетеді», – деді Зейнеп апа. Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істер комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек те қоғамда кері ағымдар тарапынан келеңсіздіктер белең алған кезде нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі орасан екенін жеткізді. «Бүгінде осы мәселе төңірегінде бірнеше әйелдер ұйымы жұмыс істеп жатыр. Мәселен, қазіргі таңда қоғамымыздағы рухани мәселелерді назарда ұстап жүрген әйелдер ұйымдары «Діл Иман» деп аталатын ассоциацияны құрды. Елімізде «Қыз Жібек», «Айғаным» секілді клубтардың тетігі іске қосылды», – деді Ғ.Абзалбек. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ