Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар халқымыз мал өрісін, тіршілік-табиғатын, қадір-қасиетін әбден танып, білген. «Мал – адамның бауыр еті» деп малдың қадірін, қасиетін ерекше бағалаған. Мал өсіруге аса қолайлы кең байтақ қазақ жерін малсыз eлестету мүмкін емес. Мал шаруашылығы еліміз үшін аса маңызды шаруашылық болып қала бермек. Малды баптап, мол өнім алудың көзін білетін халқымыздың әлемдік нарықта ірі ет экспорттаушысы атануына әлеуеті жетеді. Мемлекет те осы бағытта қолдау көрсетіп, тынбай еңбек етуде. Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылатынын, 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жететінін хабарлады. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғынының кіріс көзіне айналады. Осынау көрсеткіштерге қол жеткізіп, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен сеп болатын жобаны «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қолға алды. Етті тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне ірі қара малдың аналық басын және бұқа-өндірушілерді сатып алуды көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы 2011 жылдың басынан бастап шаруалардың игілігіне ұсынылды. Осы бағдарламаның алғашқы шарапатын көргендердің бірі – Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы, Ақшатау ауылының тұрғыны Ысқақов Берікбол. Аудан халқын сапалы етпен қамтамасыз етуге үлесін қосып жүрген азамат, шаруашылықта ірі қара малының саны осы уақытқа дейін аз болғанын, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы төменгі пайызбен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуге қол жеткізіп отырғанын қуанышпен жеткізді. «Ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастарда қолбайлау болатын – қаржының тапшылығы», – дейді Берікбол аға. Оның айтуынша, Қоғамның қолға алған осынау бағдарламасы ауыл азаматтары үшін өте қолайлы. Бастысы, сыйақы ставкасы төмен – жылдық 6%, бұл – екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда, анағұрлым төмен. Әрі, Қоғам несие алушыларға бастапқыда кәсібіне қолдау болу үшін негізгі борышты өтеу бойынша 2 жылға дейін, сыйақыны өтеу бойынша 1 жылға дейін жеңілдетілген кезеңді де қарастырған. Несие 7 жылға дейін беріледі. Ең бастысы, күн сайын жағдайы мен талабы өзгеріп отыратын қаржы саласында бұрыс қадам жасамай, дұрыс бағыт көрсете білген Қоғам қызметкерлеріне Берікбол аға дән риза. Қазір ісі өрге басып келе жатқан малсақ шаруа ірі қара ет бағытындағы қазақтың ақбас сиырын көбейтуде. Өз қолында болған 13 қазақтың ақбас сиырына несиеге алынған қаржыға тағы 25 бас мал қосты. Мал күтімін жетік білетін ол, малдың сапасының артқанын айтады. Бұл ауылда мал өсіруді кәсіп еткен жандар қатары көп, ауылдың әрбір тұрғыны малдың табыс көзі екенін жақсы біледі. Бүгінде басқа елдермен «тереземіз тең» Тәуелсіздік таңында ойындағыңды асырып, арманыңды орындауға жеткілікті мүмкіндік бар. Тек ерік-жігер, ынта мен мақсат, әрі қаржылық қолдау болса болғаны. «Келешекте мал бордақылау алаңын ашсам деген жоспарым бар», деп болашақ ойымен бөліскен Берікбол Ысқақовтың бұл сөзі осыған айқын дәлел.
Марат АҚҚҰЛ.