Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы халыққа жол тартты. Ерекше ықыласпен таныстым. Онда бүгінгі қалыптасқан жағдай мен еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, экономика мен рухани салаға байланысты терең ой-пікірі біздің ертеңгі бақытты өміріміздің кепіліндей әсерге бөледі. Бүгінде саяси партиялар үлкен саяси-қоғамдық қүшке айналып, олардың жергілікті деңгейдегі ықпалы ғана емес, халықаралық саясат сахнасындағы рөлі артуда. «Нұр Отан» партияаралық ықпалдастықты дамытудағы маңызды қадамда әрдайым көшбасшы болып келеді.
«Нұр Отанды» биліктің партиясы дейді. Біз тек қана биліктің емес, біліктіліктің партиясымыз, дегім келеді. Партияның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарлама жобасы бастауыш партия ұйымдарында кеңінен талқыланып, ұсыныстар енгізіліп, қолдауға ие болды. Қалалық филиалдың 7194 мүшесі 15 бастауыш партия ұйымына шоғырланған. «Нұр Отан» мүшелерінің саны жыл ішінде 800 адамға өсті. Партия филиалында бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс жасау тәртіпке келтірілсе, бюро мүшелері мен депутаттық фракция мүшелері, партия филиалы қызметкерлері бекітілді. Республикалық байқауларда партиялық бекеттер жұмысы бойынша екінші орынды иеленсек, жастарға саяси білім беруден, тың пішінді іс-шаралар, жаңа әлеуметтік маңызы бар жобалар тарапынан республика көлемінде іс-тәжірибеміз таратылды.
Қоғамдық комиссияның жұмыс нәтижесі ел көлемінде оңды баға алып, республикалық партия басшылары қалалық филиал жұмысын көріп, ризашылықтарын білдіруі партия белсенділерінің арқасы дер едім. Облыс көлеміндегі жастар арасындағы байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген жастарымызды әрдайым мақтан етеміз.
«Жақсылардың үлесі – жанып тұрған шамдай», деген екен халық. Біздің бастауыш партия ұйымдары төрағаларының азаматтық, саяси белсенділіктері жоғары. Әр жыл сайын өткізілетін «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы нәтижесінде қалалық партия филиалының ауыспалы кубогы ең үздік бастауыш ұйымға тапсырылып келеді.
«Темір сырын отта танытады, адам сырын жоқта танытады», дегенді жаны ауырған пенде айтса керек. Бастауыш партия ұйымдары қашанда жарлының жоғын жоқтап, мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті азаматтарға қамқорлық көрсетуді парыз санайды. «Отан ардагерлері» кеңесі облыстық ардагерлер кеңесімен бірге қашанда жастарға үлгі көрсетіп, қоғамдық, саяси-бұқаралық жұмыстың бел ортасынан көрінуде.
Бүгінгі заман – бәсеке заманы. Бәсеке қашанда тынымсыз еңбекті, жаңашылдық пен біліктілікті, қатардан озып, алға түсуді талап етеді. Біз көп ұлтты партиямыз. Біздің өмірлік күшіміздің, шығармашылық күш-қуатымыз бен жасампаздық әлеуетіміздің қайнары осында.
Қалалық партия филиалы облыста бірінші болып бастауыш партия ұйымдарының үздік іс-тәжірибелерін жинақтап, әдістемелік кітаптар шығарды. Соңғы екі жылда 19 әдістемелік оқу құралы шығарылып, бастауыш партия ұйымдарына таратылды.
Мүмкіндік те, саяси күш те жетерлік. Демек, Жолдауда және «Нұр Отан» ХДП-ның жақында өткен ХІІІ съезінде айтылғандарды басшылыққа алып, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жедел шешілуі мен қоғамды дәйекті демократияландыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарды орындауға кірістік. Ол өз нәтижесін беретіні анық.
Жолдау ел мерейін өсірді, қуат берді. Енді оны жұмысымыздың арқауына айналдыру үшін жұмыла еңбек етеміз.
Әсия АХМЕТОВА, «Нұр Отан» ХДП Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Алматы облысы.