көмір кеніштерінен экологиялық зардап шегіп отыр
Ауданға сапарымызды біз бұл жолы Бірлік ауылына арнадық. Өйткені, облыс орталығына келген сайын тілшілер қосынына да есік қағып, бұйымтайларын айтып кететін ауыл тұрғындарының біраз өтініш-реніштері жиналып қалғандай еді. Бір күнде барып келе қоятындай жер емес, шалғайдағы ауылға жеткенше, өмірі жөнделіп бітпейтін Баянауылдың республикалық маңызы бар жолына түсіп «айналып өту» белгісімен «айналып» біраз жүрдік. Айдаланы қазып, бұрқ-бұрқ шаңдатып жатқан көмір кеніштері де көрінді.
Қазақтар бұрын Майкөбе деген қоңыр көмір алабын Сарыкөл, Шөптікөл, Талдыкөл, Тасқұдық және Тамды деп атапты. Осы жердегі Шақшан болыстығына Майкөбенің байлығы қарағаны ғой. Сонау 1825 жылдары Майкөбенің көмірінің иісін сезіп, ағылшын капиталистері де жеткен. Енді, міне, Майкөбе кен орнын бұл күндері екіге бөліп көмір қазып отырған кәсіпорындардың бірі – Талдыкөл, Сарыкөл кеніштері. Әлгі бізге келіп арыз-шағым айтатын ауылдықтардың дені осы кеніштер маңайында тұрады. Ауылдың да жолы қайбір оңып тұр дейсің. Әкімдер қайда қараған, енді қашан жөнделер екен деп ойлайсың. Жолсыз, сусыз өмірге үйренген, бәріне де төзімділікпен шыдайтын ауыл тұрғындарына жаның ашиды. Жүдеу көрініс, құлаған үйлер де аз емес екен.
Ал кірпіш зауытын ашып, ауыл тұрғындарына жұмыс беремін деп жүрген Ерлан Жәкеевтің шағын кәсіпорнының қарадай талан-таражға түскен жағдайын Бірлік ауылының ғана тұрғындары емес, бүкіл облыс білер. Кәсіпкер шындық іздеп шырылдаумен, әлі соттасумен, кінәлілерді жауапқа тартқыза алмай әуреленіп жүр.
Бұл істің артында кімдер тұр өзі, рейдерлер деген адамдар ма, дейді ауыл тұрғындары өзіңе сұрақ қойып. Үкімет ауылға жұмыс бер, шағын кәсіпорындар салыңдар деп жатыр. Бірліктегі кірпіш зауыты қашан жұмыс бастайды деп ауыл күтіп отыр. Ал кірпіш қазір сұранысқа ие, ауылға жұмыс керек, дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Қайырбаев.
Ауыл әкімі Сұңқар Ахановты көргеніміз жоқ, Баянауылда жиналыста жүр деді, бұл жұмысты қолға алғанына бір жыл ғана болыпты. Жалпы, айтуларынша, Бірлік және Ақмектеп бөлімшесін қосқанда екі ауылда барлығы мыңға жуық адам қалыпты. Осы мыңның 475-і іргедегі Майкөбе, Сарыкөл көмір кеніштерінде еңбек етуде. Ауылдағы көңіл қуантар жақсы бір жаңалық осы. Ең бастысы, жұмыс бар. Қысқы көмірлерін түсіріп береді. Қытайдан Нәбиден Жарман деген кісінің отбасы көшіп келіпті. Елге оралған ағайындарымыздың көпшілігі Бозшакөлде, Екібастұз, Ақсуда, Майқайыңдағы өндіріс орындарында еңбек етіп жүргенін білеміз. Нәбиден де кен орнында жұмыс істейді. Өздері келген Қытай жағында мал бағып қана қоймай, кен орындарында да жұмыс жасап, маманданған көрінеді.
Ал баяғыда келген өзге ұлт өкілдерінен ауылда ерлі-зайыпты Николай мен Евдокия Мещеряковтар қалыпты, Григорий Лупанчук, Анатолий Чеманин, Наталья Дементьева, Нина Боярчук, Людмила Касьянова секілді орыс, украиндар, Вероника Виталайм деген молдаван, башқұрт Темірболат Азнабаевтардың отбасылары да тату-тәтті өмір сүріп, Баянауылдың қазақтарындай болып кетіпті.
Бірлікте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері атанған 36 ана тұрады екен. Бұл да көңіл қуантты. Келесі қуаныш: ауыл мектебінде 150 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылы басталып, жөндеу, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілген мектептері жарқырап, жайнап тұр. Сыныптары кең, тап-таза. Ауыл балаларының оқып-білім алуларына барлық жағдай жасалған. Ауласында жасанды жасыл төсеніштері бар спорт алаңы бар. Бірліктің мектебі өңірдегі «Үздік ауыл мектебі» қатарына алынып, оқу-білім саласындағы жетістіктерімен алда келеді.
– Биыл өткен Олимпиада балаларды жігерлендірді. Қазір күрес, дзюдо түрлерінен бәрі де мектептің спорт залына жаттығуға асығады, – деп жатыр бізге денешынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы Мейрам Қожанов.
Жап-жақсы мәдениет үйлері де бар екен. Өкінішке қарай, Бірліктегі мәдениет үйінде өнер адамдары емес, 3 еден сыпырушы, екі күзетші, бір директор жұмыс істейтіні қызық көрінді. Екінші қабатында ауыл той өткізеді. Сонда мәдениет үйінен еңбекақы алатын 3 еден сыпырушы тойдан кейінгі қоқысты жинау үшін алынған ба?.. Ауыл кеші көңілді деп мәдениет үйін ән мен күйге толтырудың орнына, аудандық мәдениет бөлімі оны ауылда бар деп мәлімет беру үшін ұстап отырған сияқты. Әйтпесе, директоры Бауыржан Жақыпов музыка колледжін бітірген, өнерлі жігіт екен. Тағы бір қызығы, мәдениет үйінің музыка аспаптарын, кейбір құрал-жабдықтарын шаруа қожалығының басшысы, әкесі Жылқыбай сатып әперіпті.
Ендігі мәселе – жер. Барлық ауылдардағыдай, ауыл маңындағы жайылымдық жердің жағдайы Бірліктің де тұрғындарын толғантады екен. Бұрындары ауылдың жанынан жер сатып алғандар да бар көрінеді. Қазір жер алайын, игерейін десе, бос жер жоқ деген жауап алады. Ал ауыл аймағы бос. Әкімдік қызметкерлері қанша бос жатқан жер бар екенін, жермен не істеу керектігі, жалпы, жер жағдайы туралы ештеңе айта алмады. Екі ауылда 39 шаруа қожалығы тіркеліпті. Ауылға, мектепке көмектесетіндері «Мәжит», «Дильназ», «Тұз», «Ботагөз» деген шаруа қожалықтары, бірі мектептегі спорт залына қазақша күрес алаңын, екіншілері тағзым ескерткішін ашуға қолдау көрсетіпті. Әр үй қой, жылқы, сиыр ұстап, құс өсіретіндіктен ауыл дастарқаны бай, тұрмыстары бақуатты.
Ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отырған басты мәселе – экология, қоршаған ортаның шаңның ішінде қалуы. Өйткені, кеніштер жақын.
– Қазір менің бір түсінбейтінім, ақшасы барлардың бәрі жерді қазып, көмір шығаратын болып алды. Бұларға бір тыйым, тексеріс деген бола ма, жоқ па? Күл, шаң, топырақтың астында қашанғы отырамыз осылай?! Сарыкөл кеніші біздің ауылдың аумағында орналасқан соң, кеніштер бізге есеп беріп отырулары керек. Қоғамдық тыңдаулар өткізу керек. Бұлар сонда салықты қалай төлейді? Сарыкөл деген көліміз де бар, обал, құрып кете ме деп қорқамыз. Кие, қасиеттен қорықпай ма бұлар? – деді Қаржаубай ағамыз ренішпен.
Біз Сарыкөл, Талдыкөл, Майкөбе кеніштерінің ауыл тұрғындарымен өткізген қоғамдық тыңдауларын Баянауыл ауданы әкімдігінің сайтынан іздеп көрген едік. Тақырыбы жазылып тұрғаны болмаса, шешімдер, міндеттемелерді орындау туралы ештеңе жазылмапты.
Облыс прокурорлары биыл «Майкубен Вест» ЖШС көмір өндіретін кәсіпорнына табиғатты қорғау заңын бұзғаны үшін 5,6 миллион теңге айыппұл салғанын арнайы хабарлады. Кәсіпорынның қоршаған ортаға шығарынды тастауға рұқсат беретін құжаттарсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Сондықтан, мұндай тексерулер басқа кеніштерге де жүргізілуі қажет.
Кәсіпорындар Елбасы жиі айтатын мәселенің бірі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне аса мән бере қоймайтындай. Әрине, кәсіпорындардың ел экономикасына қосып жатқан үлестері де бар, адамдарды жұмыспен, өңірлерді көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, ауыл халқын, ең бастысы, өздері өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығы, экология мәселесі алаңдатады. Ауылдықтар бұл жерде қалай өмір сүріп, тіршілік жасауда деп қайран қаласың.
Біз ешкімді «делдал», «алыпсатар» деп қаралай алмаймыз. Бірақ тұрмысы жүдеу ауылдарға түсіністік танытып, жанашырлық жасағанымыз дұрыс. Ауыл тұрғындарына жұмыс бердік деп есептесіп, керісінше, қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулықтарына зиян келтіруге болмас. Шаң мен түтінге қарсы пайдаланылатын өндірістік технологияны қолдану басты шарт болуы керек.
Қазір облыс әкімі Болат Бақауов ауылдардың жағдайымен өзі жеке танысып, елді мекендерді аралап тұрады. Олай болса, біз айтқан мәселелер өңір басшысының да назарына ілігер деген үміттеміз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы