Алматыда 22-23 ақпан күндері Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына 2010-2011 жылдардағы төрағалығы аясында «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл: ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі заманғы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тәжірибелер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған ұйымның атын қоңыр тіршілік кешкен қарапайым елдің құлағы шалып қалса да, оның атқарып жатқан тірлігін егжей-тегжейлі біле бермесі анық. Ақиқатында, ШЫҰ қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа толық қызмет ете алды ма? Саясаттан тысқары қауым ШЫҰ соңғы 10 жылда не бітірді? Тұрақтылығымызға не берді, тұтастығымызға ықпал етті ме, деп сауал тастаса, былай деп түйінді жауап беруге болар еді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 10 жылда тұрақтылықпен және қауіпсіздікпен қамтудың, жаһандық жаңа қауіп-қатерлерге қарсы бірігіп күрес жүргізудің негізгі факторына айналды. Ұйымның халықаралық-құқықтық базасы жасалды. Жеке институт ретінде қалыптасу жолында өзара іс-қимыл тетіктері бекітіліп, «Лаңкестікпен күрес жөніндегі» Шанхай конвенциясы қабылданды. 10 жылда осы бағытта 40-қа жуық құжат әзірленді. Алайда, бүгінгі күні дүние әлі мазасыз күй кешуде. Ауғанстанда тұрақтылық орнаған жоқ. Есірткі тасымалы мен трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік әлемге қауіп туғызуда. Ұйым осы бағыттағы жұмысын күшейте түспек. 7 жыл бұрын Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі келісім қабылданды. Биыл Астанада өтетін саммитте «Есірткімен күрес» стратегиялық жобасы әзірленбек.
ШЫҰ-ға мүше елдердің, бақылаушы мемлекеттер мен әріптестердің басын қосқан халықаралық жиынды ашқан Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай: «Бұл шара ШЫҰ-ның 10 жылдығына арналған. Ендігі жерде осыдан 10 жыл бұрын құрылған ұйымның болашағы қандай болмақ? Басты проблемалар аймақтағы қауіпсіздік, жаңа қауіп-қатерлер десек, олардың қалай алдын алуға болады? Қалай еңсереміз? Еңсеру жолдарында біз қалай өзара ынтымақтасамыз? Жаңа экономикалық-гуманитарлық салада ықпалдасу қалай болмақ?» деген сауалдар тастап, сарапшыларды осы мәселелер төңірегінде екі күн ой бөлісіп, ортақ мәмілеге келуге шақырды.
– Біздің мақсатымыз – жаңа қауіп-қатерлерді еңсерудің жолын іздеуде өзара ықпалдасу, – деді Қайрат Сарыбай. Осылайша ШЫҰ-ның 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияның тақырыптық сессияларында қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер жан-жақты қозғалды. Конференция барысында айтылған ұсыыныс-пікірлердің ауқымды бөлігі 15 маусымда Астанада мемлекет басшылары деңгейінде өтетін кездесуде талқыланбақ.
Жоғарыда атап өткендей, конференция тақырыбы ұйымның қауіпсіздік саласындағы 10 жылдық кезеңдегі қызметіне шолу жасауға арналған. Алқалы жиында қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер «Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ШЫҰ-ның рөлі мен маңызы», «ШЫҰ-ның кеңею келешегі мен халықаралық байланыстарды дамыту», «ШЫҰ кеңістігіндегі есірткі қаупінің өсу факторлары», «ШЫҰ кеңістігіндегі жаңа қауіп-қатерлер» атты 4 сессияда кеңінен сөз болды.
Алғашқы сессияда аймақтық қауіпсіздік, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал мен лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес мәселелері талқыланды. Ал 2-сессияда жаңа мүшелер қабылдау арқылы ұйымды кеңейтудің келешегі жайлы сөз қозғалды. Ал 3-4-сессияларда есірткі қаупі, заңсыз көші-қон, адам мен қару саудасы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес пен техногендік және табиғи апаттар, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде әңгіме қозғалды.
Ерекше атап өткен жөн, ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы 2004-2010 жылдары 500 лаңкестік оқиғаның алдын алған. Бұл туралы ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Жеңісбек Жұманбеков мәлімдеді. Ол ШЫҰ-ның құзырлы орындары лаңкестердің 360 базасын анықтағанын ресми түрде мәлімдеді.
– Лаңкестердің базаларынан 317 жарылғыш құрылғылар, 1167 дана атыс қарулары мен 1400-ден астам жарылғыш заттар тәркіленді. 50-ден астам адамның лаңкестік әрекеттеріне тосқауыл қойылды, – деді Жеңісбек Жұманбеков.
Оның айтуынша, 2010 жылғы маусым айында Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде бірқатар құқықтық құжаттарға қол қойылған. Соның ішінде 2011-2016 жылдарға арналған ШЫҰ-ның Лаңкестік ұйымдарға қарсы стратегиясы қабылданған.
Екі күнге созылған жиын барысында Қазақстанның ШЫҰ қызметі бойынша ұлттық үйлестірушісі әрі Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев ШЫҰ-ның Астанада өтетін саммитінде жаңа мүшелер қабылдау қарастырылмайтыны туралы жеткізді. Және ол Астанада өтетін ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитінде ұйымға мүше боламын деп ниет білдіруші мемлекеттердің міндеттемелері жөніндегі меморандум бекітілетінін айтты.
– Былтыр Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде жаңа мемлекеттерді қабылдау бойынша ереже қабылдадық. Онда жаңа елдердің қандай талаптарды орындау қажеттігі айтылған болатын. Биыл Астанада өтетін мерейтойлық саммитте мүше боламын деп ниет білдіруші мемлекеттердің міндеттемелері жөніндегі меморандум бекітіледі, – деді Қазақстанның ШЫҰ қызметі бойынша ұлттық үйлестірушісі Шахрат Нұрышев. Еліміз Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісінің айтуынша, Астанадағы саммитте кіруге ниет білдірген мемлекет ұйымға қосылу үшін қандай қаржылық, құқықтық міндеттерді орындауы керектігі ғана анықталады. Сондықтан онда жаңа мүшелер қабылдау мәселесі қарастырылмайды. Бұған дейін аймақтық бұл ұйымға кіруге Иран, Пәкстан, Үндістан қызығушылық білдірген болатын. Алайда, бұл мәселе, Шахрат Нұрышевтің сөзіне қарағанда, ШЫҰ-да әлі қарастырылмаған.
Сондай-ақ, конференцияның келесі күні ШЫҰ аясындағы Ауғанстанмен байланыс тобы екіжақты байланыстарды ары қарай қалай нығайту қажеттігін және қандай талаптарға көбірек көңіл бөлу керектігін пысықтап жатқаны белгілі болды.
– Қазақстан тарапы Ауғанстанға 50 миллион доллармен есептелетін көлемде көмек көрсетті. Ауғанстаннан студенттер қабылдап жатыр. ШЫҰ-ға мүше Ресей, Қытай сияқты өзге елдер де Ауғанстанмен тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатуда. Бірақ оның бәрі екіжақты негізде жасалуда, – деді Шахрат Нұрышев. Оның айтуынша, ШЫҰ аясында Ауғанстанмен байланыс тобы нәтижелі жұмыс жасауда. Соның негізінде қазір олар екіжақты байланыстарды және ұйым мен Ауғанстанның ортасындағы ынтымақтастықты ары қарай қалай нығайту керек, қандай талаптарға көбірек көңіл бөлу керектігін дәйектеп жатыр. Және Таяу Шығыс елдеріндегі ахуал қазір бүкіл әлемнің тынышын кетіріп отырғанда, ШЫҰ да одан бейтарап қала алмайтыны белгілі.
– Қазір Таяу Шығыс елдеріндегі ахуал бойынша әлемде екіжақты және көпжақты консультациялар жүргізілуде. ШЫҰ аясында әзірге мұндай шаралар жасалған жоқ. Дегенмен, бұл мәселені ШЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстан алдағы уақытта сыртқы саяси мәселелермен айналысатын түрлі мекемелер арасында ресми немесе бейресми жағдайларда талқылауды жоспарлап отыр, – деді ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев. Оның сөзіне қарағанда, бұл пікірталасқа қатысатын барлық талаптар өз ұйғарымдарын ортаға салмақ. Ол Астанадағы ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының саммиті кезінде де талқыланатын болады.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда, сондай-ақ лаңкестік-экстремистік ұйымдарға қатысты БҰҰ шешімі ШЫҰ аясында да қолдау табуы керектігі сөз болды.
– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер лаңкестік-экстремистік ұйымдардың бәріне бірдей тыйым салып отырған жоқ. БҰҰ-ның шешімі болса да солай болып отыр. Мәселен, «Әл-Каида» ұйымына ШЫҰ-дағы 5 елде тыйым салынған. Қытайлық әріптестеріміз «Әл-Каида» қызметін сезінбегендіктен, оған қарсы ешқандай шаралар қолданған жоқ. Сол сияқты Шығыс Түркістан ислам қозғалысы ұйымына да 5 елде ғана тыйым салынған, – деді Жеңісбек Жұманбеков.
Ж.Жұманбековтің пікірі мынадай. БҰҰ лаңкестік-экстремистік ұйымдарға қатысты арнайы шешім қабылдағаннан кейін ШЫҰ да бірыңғай ортақ ұйғарымға келуі керек. Қазіргі таңда ШЫҰ аймағындағы 58 ұйымның бес-алтауы бойынша ғана мүше елдерде ортақ шешім қабылданған. Оны сарапшылар тобы анықтап бір шешім жасауы керек. Қазір Қазақстан ШЫҰ аумағындағы 58 лаңкестік-эктремистік ұйымдардың 20-дан астамына ғана тыйым салған. Сондықтан ШЫҰ-дағы қайта құрылымдау хатшылықты ғана емес, ондағы барлық құрылымдарды да қамтуы керек. Өйткені, кейбір құрылымдарда дербес жұмыс жасайтын екі мекеме бар. Олар бір-біріне бағынбайды. Бұл – дұрыс емес.
ШЫҰ аясындағы әріптестіктің тағы бір пайдалы қыры – оған мүше мемлекеттердің құзырлы органдарының ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етілуі. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Жанат Жарасов айта келе:
– ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының мәліметтері қорғалған мамандандырылған банкі құрылуда. Осының арқасында мемлекеттердің құзырлы мекемелерінің жұмысы жолға қойылып, тиімді әрекет етуде. Мұның айқын мысалы – ШЫҰ әскери ведомстволарының «Бейбітшілік миссиясы-2010» атты лаңкестікке қарсы жаттығулары. Және Қысқы Азия ойындары кезінде күшімізді біріктіре отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алдық, – деді.
Сонымен, биыл ШЫҰ-ның Астанада өтетін мерейтойлық саммиті алдындағы келелі жиын да аяқталды. Конференцияға жиналған мүше мемлекеттер – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, бақылаушы елдер – Үндістан, Иран, Моңғолия, Пәкстан, әріптес елдер – Белоруссия мен Шри-Ланка, сондай-ақ Ауғанстан мен Түркіменстаннан келген қонақтар Алматыда көтерілген көптеген көкейкесті мәселелердің Астанада шешімі табылатындығына сенім білдірді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.