25 Ақпан, 2011

Сағат жөндеуші

982 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әрине, маған Әбдірашид Ширханов сияқты ғажайып кәсіп иесімен жолығудың сәті түспеді. Адал еңбегімен бақытты, бақуатты ғұмыр кешкен ақсақалдың бақилық болғанына да оншақты жылдың жүзі болып қалыпты. Ұялы көзіне зиялылық тұнған, үлкен бір әулеттің иесі болған ұйғыр қариясы қарапайым кәсіппен адамдардың өлшеусіз құрметіне бөленіп өтуге болатынын дәлелдеген, дәріптеуге лайық ғажайып жан екен. Дінмұхамед Қонаевтың сағат жөндеушісі атанған ақсақалдың тағдырынан тағылым аларлық тұстар жеткілікті. Жүзбе-жүз отырып, осын­дай сирек адаммен сырласа ал­масақ та, Әбдірашид Шир­ха­нов­тың өсіп-өнген ұрпағы, Ал­матыдағы Жібек Жолы көшесі бойындағы жарты ғасырға жу­ық тапжылмай тұрған сағат жөн­дейтін дүңгіршегі оның орнын еш жоқтат­пай­ды. Қысқасы, жоқ адам­ды іздеткен нендей жәйт еді? Осы арада міндетті түр­де Әбдірашид ақ­са­қал­дың Гиннестің рекордтар кітабына есімі енгенін айта кеткен лә­зім. Ол кісі 65 жылдың ішінде 500 мыңнан астам сағат жөндеп және сағат жөндеушілердің 41 адамнан тұратын әу­ле­тін құрушы деген атақ­қа ресми түрде ие бол­ған.  Яғни, оның өзі­­нен тікелей тараған ұлдары, немерелері мен күйеу балалары осы кәсіпті әлі күнге дейін нәсіп етіп отырған жа­йы бар. Және Әбді­р­а­шид Шир­ха­нов­тың сағат жөндейтін дүң­­­­гіршегі де сол баяғы кү­йін­де, сол бая­ғы орнында сан мыңдаған са­ғат­тар­дың тоқтап қалған «жү­ре­гіне» жан бітірумен келеді. Тықылдаған тілімен уақыт­тың үнін шығарып тұрған са­ғаттар – қазіргі ең күрделі ме­ханизмдердің, тіпті компьютер­дің де атасы екені айтылып қалады. Ақиқатында солай. Қа­рапайым қол сағаттардан бастап, ғұмыры ғасырлардан да асып жығылатын сирек кездесетін сағаттарға дейін кілти­панын тауып жөндей білетін жан қай кезден, қай уақыттан бастап Дінмұхамед Қонаевтың жеке сағат жөндеушісі болғаны өзіне ғана мәлім. Бізге белгілісі, байлыққа қызықпаған Димаш ағадай тұлғаның жеке са­ғаттарының коллекциясы бол­ғаны және оларды тексеріп, жөн­­деп, уақытын дұрыстап оты­ру тек Әбдірашид Шир­ха­новқа ғана  бұйырған. Адам тани білетін, қолынан іс келетін жандарды қашанда қас­тер тұтқан Димаш ағамыз сағат жөндеушісін өте сый­лаған деседі. Өз ісінің хас шеберіне Қо­наев­тың ғана емес, Эйзенш­тейн­нің, Брежневтің, Лящен­ко­ның де сағатын жөндетуге алып келіп отырған. Оның 65 жыл бойы  «тірілткен» жарты миллионнан астам сағаттарын тізбектесек, мүмкін басқа да танымал тұлғалар шыға келер, бәл­кім?! Бірақ, мәселе Шир­ха­новтың кімдердің сағатын жөн­дегенінде емес, қалай жөнде­ге­нінде, ғаламат білгірлігінде! Аны­ғырағы, сағат шебері мұн­дай әйгілі жандардың сағатын жөндеді дегеннен гөрі, реставрациялап отырған десек дұрыс болатын секілді. – Біздің әкеміз ғана емес, бабамыз да сағат жөндей білген екен. Бірақ, әкемізді бұл кә­сіпке шындап баулыған адам  Ю Аньлай деген қытай шебері кө­рінеді. Ал бабамыздың 1900 жылы Германиядан алдыртқан кішігірім станогы болған. 1898 жылы жасалған осы қол ста­ногымен сағаттың ең майда, ең күр­делі бөлшектерін жасап шы­ғаруға болатын. Қазір ол станок біздің әулеттің ең қадірлі жәдігері. Ата-бабамыздың көзін­дей болып тұр, – дейді Әб­ді­ра­шид ақсақалдың ұлы Әбді­мәжит Ширханов. – Әкеміз Қонаевпен де осы­лай табысқан. Ди­маш ағаның коллекциясында сирек кездесетін көне сағаттар да болған. Солардың тілін білген адам біздің әкеміз. Брежневтің де «Вымпел» деген қалыңдығы бар болғаны 2 мм. сағаты болыпты. Бұл дүние­жү­зіндегі ең сирек, ең жұқа сағат. Жұқалығы Швей­ца­рияның сағат­тарынан да асып түс­кен. Бреж­невтің сол сағаты Алматыға келгенде бұзылып қа­лады. Соны Бас хатшының кө­мек­шілері бізге алып келген екен. Әкеміз неміс станогының кө­мегімен осы са­ғатты жөндеп берген. Ленин­град­тағы Эрмитаж сағаттарын, Германиядан әкелін­ген кейбір са­ғаттарға да жан бітірген, – дейді мақтанышпен ұлы Әбдімәжит. – Адамның жасағанын – адам жасайды. Тек ерінбесеңдер бол­ғаны. Бірақ, зейнеткерден ақша алмаңдар. Иманды болыңдар, иман бар адамда – ынсап та бо­лады. Тек сынып қалған, са­лып берген бөлшегіңнің ғана ақысын ал. Қарт адамдарды риза етіп жіберіңдер!  Батасын беріп, рахмет айтып кетсе – істерің алға жүреді деп отыратын әкеміз, – дейді ұлы Әбдімәжит бізге. Ұлдары әкелерінің мұқтаж адамдарға үнемі қарайласып, оты­­ны жоққа отын,  күйі жоққа қолғабыс етіп жүретінін да ыс­тық ықыласпен еске алады. «Батамен – ер көгереді, жаң­бырмен – жер көгереді» деген сөздің рас екендігіне осы әң­гімеден кейін тағы да көзіңіз жете түседі. Қазақстанда тату-тәтті, бақуатты күн кешіп келе жатқан әйгілі де қадірлі ұйғыр әулеті осы Ширхановтар. Әбдірашид ақсақал 82 жа­сын­да өз ұрпағының орта­сында, соңғы сәттеріне дейін сағаттарын тықылдатып жөндеп отырып, ауыр­­май-сырқамай көз жұмған. Ал мына бір естелікте, яғни 81-ге келген туған күніне 10 ба­ла­сынан туған 40 немересі мен 14 шөбересі, ағайын-ту­ған­дары қатысып, төбелеріне көтер­гені туралы айтылады. Содан бері де тоғыз жыл өтіп, талай таң атып, кеш батып, Ширханов­тар­дың басына бас, жасына жас қо­сылып жатқан жайы бар. Бұл отбасының әрбір мү­шесі ай­наласына адал ең­бе­гімен сыйлы. Қазір Әбдірашид атаның дүңгіршегінде екінші ұлы Абдулатиф сағат жөн­деп отыр. Мына са­ғат­ты мен жөндей ал­май­мын деп айт­пайды. Есін біліп, етегін жап­қалы бері әкесі қан­дай сағат жөнде­меген, қан­­дай сағатқа жан бітірмеген. Әкенің жа­нын­да тапжылмай оты­рып, кә­сібін ба­қы­лаған бала­ла­ры кіп-кіш­кен­тай «жү­регі» бар сағат­тың әрбір бөл­шегін бес сауса­ғын­дай жаттап өсе­ді. – Сағаттардың ішінде күрделілігі жағынан, бөлшектерінің есепсіз көптігі жағынан «Репетитор» алда еді. Бұл сағат қазір тек музейлерде ға­на бар. Әкеміз оны айт­пағанның өзін­де сырбаз «Сей­ко», «Ориент», сенімді «Побе­да­ны» суда жүзген ба­лықтай тілін табатын. Жа­пон са­ғаттарын жа­пон­дардың өзі сияқты дәл жү­реді әрі тап-тұйнақтай деп жақсы кө­ретін, – дейді шебердің ұлдары. Сирек мамандық иесі болмаса да, Ширхановтың қарапайым сағат жөндеуші­сі болса да аса танымал­ды­лы­­ғының сыры неде? Ал­дымен шеберлігінде, сосын адалдығында болса керек. Оның үстіне ол кісі 39 жыл бойы бір жерде, бір дүң­гір­шекте табан аудармай жұ­мыс істеген. Мына қызықты қараңыз, ұлдарының ай­ту­ын­ша, ол кісі туралы түрлі басылымдарда 39 мақала жа­рық көрген және 2 деректі фильм түсірілген. Уақыт әрине алға жыл­жуда, дүңгіршегі де аздап орнынан жылжыған, ең бас­тысы кәсібі өзі кеткен соң да жалғасын тапқанына қуа­насың. Алты ұлы да, тіпті төрт қызының да сағат жөндеуге икемі бар. Әулет­терінен басқа да ісмерлер, зергерлер шыққан. Шир­ха­нов­тың зергерлік өнер қон­ған ұлы – Әбдухамит. Қазір өзге ұлдары Абдулазиз мен Шухрат, кенжесі Абдуғани да тырсылы тоқтаған сағат көрсе тосырқап тұрмайды. Бақытты ғұмыр кешіп, тал егіп, ұл-қыз өсіріп, адал кә­сіппен айналысқан ға­жа­йып ғұмыр иесі дүниеден озғанда Алматы басылым­дары: «Уа­қыт әміршісінің жүрегі тоқ­тады» деп өкі­ніш­пен жа­зып­ты. Қара­па­йым кәсіпті керемет өнерге, өмірінің өзегіне айнал­ды­рып, тамаша та­ғы­лым­мен өмір сүрген жан өз ісін де өз биігіне көтеріп кеткенін қалай тәнті болмассың. Жұ­мыстың жаманы, маман­дық­тың қоры болмайтынын осындай қасиетті жандар ғана ұлықтай алмақ! Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретте: Әбдірашид ШИР­­ХАНОВ. 90-шы жылдар.