Демалыс күндері Алматы облысы Жамбыл ауданындағы мал базарындағы сауда-саттықтан кейін үш бірдей ағайынды азаматтың із-түзсіз жоғалуы халықты қатты алаңдатты. Сол себепті бүгін Ұзынағашта халық жиналып, жоғалған азаматтардың дерегін анықтауды талап еткен болатын.
Өкінішке қарай, жұрт амандығын жабылып тілеген арыстай жігіттер кісі қолынан қаза тапқаны анық болып отыр.
Қайғылы хабарды облыстың Ішкі істер департаменті растады. «Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағынан өлтірілген адамдардың мәйіті табылды. Бұл бұған дейін Көксу аудандық Ішкі істер бөліміне келіп түскен шағым бойынша іздестіріліп жатқан азаматтардың мәйіттері екені анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Жамбыл ауданының екі тұрғыны тұтқындалды. Аудан аумағында облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Н. Мәсімов бастаған жедел іздестіру тобы жұмыс жасап жатыр», – деді аталған департаменттің баспасөз қызметіндегілер.
Дәл осы сәттерде біздер Жамбыл ауданындағы құзырлы мекемелердің басшыларына хабарласа отырып, ақпараттың растығын анықтаған едік.
«Қазіргі уақытта облыстық, аудандық әкімшіліктің басшылары, құзырлы органдардың қызметкерлері бір кісідей жұмылып, осы мәселемен айналысуда. Тиісті мекемелерден бөлек, «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық жетекшілері, мәслихат депутаттары да Ұзынағаштағы қылмыстық оқиғаның толық ашылуына, жауыздардың тиісті жазасын алуына мүдделілік танытып отыр. Үш бірдей азаматынан аса қайғылы жағдайда айырылған отбасы мүшелеріне көңіл айтып, сөйлесіп, барлық амал-шаралардың қолданылатынын жеткіздік. Ал Ұзынағашта бұл оқиғаға алаңдап, толқыған халыққа да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көпшілікке басу айтылды. Осы қайғылы жағдайды пайдаланып, елді одан әрі дүрліктіріп, үрей туғызғысы келетіндер де бар. Өздері азалы, ашулы отбасын да арандатқысы келіп отырғандар бар. Осыны да халыққа жеткіздік. Қазір ел тарады. Ал қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерге қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір ақпаратты тексеріп, жағдайды толық бақылап отырмыз, – деді аудандық құқық қорғау органдарының жұмысына тікелей жауапты, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ертасұлы.
Еске сала кетейік, өткен жексенбі күні Алматы облысы Көксу ауданының тұрғындары – Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан атты ағайынды жігіттер 2 Камаз көлігімен Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы мал базарына мал сатуға барған. Содан ізім-қайым жоғалған азаматтардың мәйіті бүгін табылды.
Қалмаханбет Мұқаметқали,
Айнаш Есали.