Дамыған алпауыт мемлекеттерде кітап шығару қазірде рухани байлықтың көбеюі ғана емес, бизнестің қайнар көзі. Радио хабар тарата бастағанда-ақ баспа журналистері газет, кітаптарды, қағаз хаттарды жоғалып кетеді деп алаңдаған болатын. Уақыт өте келе кітапты да бизнес көзіне айналдырып, кітаппен нәпақасын тауып жүргендер саны да өсе берді.
Әдебиет – Кино – Бизнес. Жоғарыда алпауыт мемлекеттер деп отырғанымыз АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Қытай, Ресей... тізім осылай жалғасып кете береді. Аталған елдердің әдебиеті киномен үндесіп, әлем таңғалатын туындылар жарық көруде. Бұл тұста жазушылар мен режиссер арасындағы жіпсіз байланыстың барына көзің жетеді. Ал Қазақстанда ше?
Кітап шығаруды бизнес көзіне айналдыру мәселесі жайлы пікір білдірген драматург Исрайл Сапарбай «Ондай «капиталистік» жүйеге біздің діліміз, психологиямыз жат» деген екен.
Психологиямыздың жат екеніне «в контакте» әлеуметтік желісіндегі «Кітаптар әлемі» парақшасында жүргізген сауалнаманың қорытындысын көріп, көз жеткіздім. Оқырмандар арасынан «Әдебиетті сату – әдебиетке деген сатқындық» деген пікірдің қалыптасып қалғаны, біздегі әдебиет пен бизнестің бір-біріне кереғар екенін көрсетті. Аталмыш сауалнамаға 143 әлеуметтік желі қолданушысы қатысып, 114-і жазушылардың еңбектерін негізгі табыс көзіне айналдыруға қарсы екендігін білдірген.
Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ақын-жазушылар туындыларын сатуға болмайды дегенді білдіреді. Неге? Шығармашылық адамдары өзінің жазбаларымен күн көреді емес пе? Шығармаларын сатып, оны бизнеске айналдырып, оң пайдасын көріп отырса, оны неге «әдебиетке деген сатқындық» деп қабылдауымыз керек? Ақын, жазушылар өлеңге сөз жазып, айтыстағы жүлделері және әртүрлі жыр-мүшайралардың сыйлықтарымен ғана күнелтуі керек пе? Қазақстанда әдеби шығармалар желісі бойынша фильм шығарып жатса, қуанатын жағдай емес пе? Ендеше неге түсірілмейді? Бұл режиссерлар мен жазушылар арасында байланыстың жоқтығын білдіре ме?.. Сұрақтар осылай көбейе береді. Бұл сұрақты жас режиссер Жандос Құсайынға қойып көрген едік.
- Менің ойымша, бірнеше себебі бар, – деп бастады ол сөзін. - Біріншіден, біздегі, қазақ тілінде жазылған әдеби шығармалардың дені соғысқа дейінгі немесе кейінгі периодты суреттейді. Сайын Мұратбеков, Таxауи Аxтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауиннің туындылары... Тариxи шығармаларды киноға айналдыру үлкен қаржы мен қажырды, біліктілікті талап етеді. Әрине, бізде біліктілігі жоғары режиссерлер бар, бірақ кассалық тұрғыдан көрерменге постсоғыстық сүрең өмір қызық па, әлде ішегің қатып күліп, былай шыға ұмытып кететін «Келинка Сабинка» қызық па? Осыдан саралай беруге болады.
Екіншіден, замануи авторлар мен режиссерлердің байланысы жоқ болатын себебінің де бірнеше себебі бар. Арнайы авторлық орталықтар, жай ғана маркетингтік тәсілдің жоқтығы, яғни, продюсерлердің әдеби шығармалармен арнайы айналыспауы. Көрерменге қызық тақырып төңірегінде ізденбеу. Және әдеби шығарманы адаптация жасаудағы драматургиялық кедейлік. Біздегі кинокөш біртіндеп батыстық интертайнментке көшіп келе жатыр. Яғни, клише, қалып, примитив немесе қатып қалған формула... "Свадьба на троиx", "Осторожно, Корова". Демек, замануи жазушылардың шығармалары әлі де сол ескі стильде. Терең, адамзаттық құндылықтар, тариxи таным, ұлттық құндылықтар, т.б. Ал қазір кино өнері кассаға тәуелді. Тағы сол көрерменнің сұранысына кеп тіреледі.
Расымен, біздегі прозаның басым көпшілігі тарихи. Және оны оқитындардың басым көпшілігі тиісінше, үлкен буын өкілдері. «Әдеби шығармалар, соның ішінде заманауи кітаптар қаншалықты сұранысқа ие?» деген сұрақпен Астана қаласындағы Ұлттық академиалық кітапханаға барғанымда көркем әдебиет бөлімінің қызметшісі Гүлден Қасымқызы «жастар қазақ әдебиетіне қарағанда әлем әдебиетін көп оқиды. Оларға Ремарк, Марк Твеннің шығармаларымен қатар, Даниэль Дефоның «Рабинзон Крузосы» мен Джоан Роулингтің «Гарри Потері» қызығырақ. «Мәдени – тарихи» кітаптар сериясынан ғылыми жоба материалы үшін алады. Ал қазақ әдебиет өкілдерінен Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің, Қабдеш Жұмаділов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» әрдайым сұраныста. Бұлар енді посткеңестік дәуірдегі әдебиет өкілдері ғой. Ал жас прозашылардан Бейбіт Сарыбайдың кітаптары өтімдірек» - дейді.
Ұлттық кітапхана сөресінен мен де жас прозашылардың кітаптары аз екенін байқадым.
Өткен ғасырда түсірілген Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасын» көруден көрермен ешқашан жалыққан емес. Дулат Исабековтың «Әпкесін» телесериал ретінде көрермен жақсы қабылдады. Осындай қазақша әдеби шығармалардың киноға айналғаны екі жаққа да тиімді деп ойлаймын. Автор танылып, өз шығармасын бизнеске айналдырып жатса, қазақ әдебиетінің де, кино өнерінің де қатар дамығаны емес пе?
Әйгерім Тоқсанбек