26 Қыркүйек, 2016

Жаңа технологиялар мен ғылыми инновациялар мәселелері талқыланды

735 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордада Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Азия Парламентаралық форумы басталды. Жиынға қатысуға 20-дан астам елдің  парламентарийлері мен сарапшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың өкілдері келді.  Аталған ауқымды жиынды Қазақстанның Парламенті Мәжілісі Білім, ғылым және мәдениет мәселері жөніндегі ислам ұйымымен (ИСЕСКО) және Ислам Даму Банкімен бірлесе ұйымдастырды. Форумның мақсаты – Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің ғылыми және білім беру әлеуетін көтеру. Екі күнге созылатын форумның алғашқы күні, яғни бүгін білім, техология және инновация салаларындағы саясат мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, жаһандану аясындағы білім мен ғылым салаларын дамыту үшін заңнамалық базаны қалыптастыру жайы,  ұлттық бағдарламалар мен басымдықтарды іске асырудағы ұлттық институттармен қарым-қатынас жолдары мен ондағы парламентарияның рөлі мәселелері қарастырылды. Жиын барысында Әзербайжан, Алжир, Бангладеш, Египет, Үндістан, Индонезия, Пәкістан, Гамбия мен Мали республикаларынан келген ғалымдар мен сарапшылар, парламент өкілдері өз ой-пайымдарымен, тәжірибелерімен бөлісті.  Сарапшылар әсіресе, «жасыл» экономика тақырыбына айрықша назар аударып, бұл орайда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі басымдықтарымен және ұстанымдарымен танысты. «Қазіргі таңда елімізде Президенттің 5 институционалдық реформасын орындау бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылып келеді.  Ұлт жоспарында көрсетілгендей, біздің елде инновация саясаты, экономикалық даму бәсекеге қабілетті қоғам құрудың негізгі бағыты болып саналады. Біздің еліміз индустриялық-инновациялық даму бойынша алғашқы бесжылдықты табысты орындады. Қазіргі уақыта бұл бағдарламаның екінші кезеңі тиімді жүргізілуде. Ал ол бағдарламаның заң жағынан қамтамасыз етілуінде Қазақстан Парламентінің қосқан үлесі зор. Сондықтан, біздің еліміз жаңа технологиялар мен  инновациялық ғылымды дамыту жолында әрқашан әлем елдерімен бірігіп,  жұмыс істеуге дайын.  Осы орайда, Елбасының  Ислам ынтымақтастық ұйымының  ғылым және технология бойынша саммитін келесі жылы Астана қаласында өткізу туралы ұсынысының маңызы өте зор», – деді Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасы Нұрлан Нығматулин өзінің сөзінде. Форумның екінші күні аймақтық даму бойынша технологиялар мен инновация, ғылым салаларында мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамыту жайы сөз болады.  Бұл ретте, Үндістан, БАӘ, Морокко, Тәжікстан елдерінің халықаралық үздік тәжірибесі қаралады. Екі күндік талқылау нәтижесінен кейін білім, технологиялар мен инновация салаларындағы парламентаралық әріптестікті нығайту бойынша Астана декларациясының қортынды құжаты қабылданбақ. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ