25 Ақпан, 2011

ЕҚЫҰ-ға төрағалығы арқылы өз тәуелсіздігінің тұғыры бекем екенін айғақтады

500 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлем және Қазақстан

Жаһанмен үндес жарқын ел

Тұңғиық тарих. Сол тұң­ғиық­тың ең тереңінен бастау алып, бетіне дейін үзілмей келе жатқан бірде тұма, бірде тұзды қарт Еуропа тарихы. Аумағы Азиядай болмаса да, абыройы тез биіктеген, халқының тығыз­ды­ғы да тым жоғары, өркениет бастауында тұрған құрлық. Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы заманда-ақ еуропалық дамуға деген қызығушылық, ондағы ғылымға, өнерге деген құш­тар­лық, Еуропамен достық қарым-қатынаста болуға ұмтылыс Еуразияны мекендеген мем­лекет­тердің тарапынан да анық сезіле бастады. Жартылай Еуропа құрлығында орын тепкен Ресей патшалығы да өз даму жолында Еуропадан сабақ, оның озып кеткен өркениетінен өнеге алып отырды. Ресейдің ұлы патшасы Петр І өзімен өзі болып келген Ресей «үйінен» Еуропаға «терезе» ашты. Ал өркениет ғасырында Тәуелсіз Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың «Еу­ропаға жол» атаулы ауқым­ды мемлекеттік бағдарлама­сы­на сай елімізде игілікті істер атқарылуда. Тарихы тереңнен бастала­тын Еуропа ескірмесе де кө­не­ре бастағаны, әлемдік қаржы дағдарысының зардабын кейбір елдерінің қыр арқасымен сезініп отыруы күрмеуі оңай тар­қатыла қоймайтын кейбір қай­шылықтар мен күрделіліктерге әкелгені жасырын емес. Әлем­дік ауқымда беделді халық­ара­лық ұйымдардың бірегейі ЕҚЫҰ-ның қызметінің уақыт туындатып отырған күрделі мә­селелерді мейлінше оң шешу бағытындағы жүйелілігі мен ырғақтылығын, жітілігін қа­лып­тастыру келешектік маңыз­ға ие болды. Одан елдер ара­сындағы, континенттер, конфессиялар, діндер арасындағы бейбіт өмір, саяси сауаттылық, еуразиялық экономикалық интеграция, т.б. халықаралық мүд­де­лердің тәуелділігі анық сезілді. Осыдан төрт жыл бұрын ЕҚЫҰ-ға төрағалық таңдауы­ның, айтып отырғанымыздай, күрделі кезеңде Қазақстан мемлекетіне тоқтауының өзі тектен-тек емес еді. ЕҚЫҰ-ға қазақша айтқанда, мүйізі қарағайдай мемлекеттер мүше. Бірақ таңдау, салыстырмалы түрде айтар болсақ, мүше болғанына көп уақыт өтпеген, ЕҚЫҰ өмірінде аса «танымал» емес Қазақстан мемлекетіне неге түсті? Бұл сұраққа әлемнің  көптеген мемлекеттерінің көр­нек­ті өкілдері үш-төрт жыл бойы жауап беріп келеді. Қа­зақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ету жылының әрбір са­ғаты сол жауаптардың дәлдігін, дұрыстығын дәлелдей түсті. Қа­зақстан мемлекеті осынау беделді, бейбітшілік пен ынтымақ, мүдделестік, ортақ мақсатты­лық­ты орнықтыра түсуді міндет са­наған, мойнына алған ЕҚЫҰ-ға төрағалық жылын тиянақты нә­тижелерімен көрнекілей тәмам­дап, Қазақстанның беделді Ұйым басындағы төрағалық қызметі төрткүл дүние тараптары тал­қы­лап, дұрыстығына шүбә келтірмеген таңдаудың талабы дең­гейі­нен көрініп, көп­теген елдер мен мемлекеттерді толған­дырған та­қы­рыптарды шешуге Еуропа елдерін ұтым­ды ұйымдастыра білді. Көпті көрген көнекөз, тал­ғампаз, қандай қиын мәселені шешерде де балама, қосалқы нұсқаларсыз болмайтын өр­кениетті мемлекеттер ұйымдастығына жетек­шілік ету жұмысында Қазақстан өз қол­таң­басын қалдыра алды. ЕҚЫҰ-ның басты міндеті, мақсаты адам­заттың бейбіт өмірін, беймарал, қамсыз бола­шақ­ты бекіте түсу болса, оны жүзеге асыр­мақшы, оған мұрындық болмақшы мемлекет­тің өзі бейбітшіліктің қазанын алдымен өз төрінде, өз ішінде қайната алған, бірлігі баян­ды, тірлігі тұғырлы, ісі оңынан оңғарылған мемлекет болмағы төрағалық етпекші ел си­патының ең басты көрсеткіші еді. Өзге түгілі өз тірлігін ұйымдастыра алмай, береке-бірлікке, ел іші ынтымақтастығына, экономикалық дамуға төрелік етуге дәрмені жетпей, сүттей ұйып, суреттей көріне алуға қолы қысқалық етіп отырған елдерге мұндай биік жауапкершілік сеніп тапсырылмасы айтпаса да түсі­нікті болатын. Халықаралық деңгейде, құрлықаралық өл­шем­де абыройға ие болып, ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ету талаптарына сай болу өзінен-өзі келген жоқ. Ол орасан еңбектің нәтижесінде мүмкін болды. Әлем мемлекеттерінің басым бөлігінің мүддесін өз елінің, өз халқының мүддесіндей сезіне алатын, 55 елдің қажетін өз қажетіндей, ортақ қажеттіліктей түсінетін, соның арқасында бейбітшілікті, әлемдік бір-біріне сенім мен сыйлаушылықты мемлекет­аралық, халықаралық бейбітшілік ережесіне, нормасы мен стандартына айналдыра алу қабілеті бар елге көрсетілген сенім ЕҚЫҰ төрағалығы арқылы айшықталған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, терең тарихы бар, өркениетті, еуропалық елдердің ұжым­дас­тығын басқарып, олардың ортасында төре­лік айту оңай шаруа емес. Ондай ортада сөз алып, жетекшілік жасау дегеніміз майданның жеңісі тылдың беріктігіне байланыстылығы сияқты (бейнелеп айтар болсақ), артыңдағы өз еліңнің қаншалықты берекелі, мәдениетті, экономикалық жағдайы жақсылығы, болаша­ғы­ның сенімділігі сияқты көрсеткіштердің, факторлардың жоғары да берік екендігіне байланысты. Іс жүзінде өзінде жоқ нәрсені – қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулықты, дінаралық түсіністікті уағыздау ешкіммен де қабылдана қоймасы хақ. Сондықтан біздің Қазақ елінің бүгінгі жағдайы өзгелер мүд­десі­не мүмкіндік жасалар мінберден сөйлеуге мүм­кіндік берді. Біздің Қазақстан мемле­кеті­нің әлемдік қаржы дағдарысының әлі де болса айылын толық жия қоймаған, қиыншылығы жоқ емес кезеңде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, әрине, бұл жұмыстағы жауапкершілікті еселей түсті. Сонымен қатар, соңғы жылдары жеткілікті деңгейде мән берілмеген кейбір мәселе­лерді жаңғырту, жолға қою, ЕҚЫҰ-ның құзы­ре­тіндегі мәселелерге қайта оралу сияқ­ты тұс­тар да қозғауын күтіп келген. Солардың бірі бірнеше жыл бойы өткізілмеген Саммит еді. Міне, бұл Саммит те сәтімен өтті. Осынау, Еуразия мемлекеттерінің сан түрлі мәсе­лелерге сараптама жасалып, болашағы болжанар, бейбітшілігі мен ынтымақтастығы беки түсіп, дәстүрлі достығы дами түсуіне алғы­шарт­тар тізімі толықтырылған халықаралық алқалы жиын біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық жылы­ның жемісі, жалпы ЕҚЫҰ-ның бірнеше жыл­дың қорытындысын негізге ала отырып, алдағы бейбіт те берекелі жылдар жоспарына жобалар жасау, оларды бас қоса, ақыл тоғыс­тыра отырып бекіту шарасы болып табылды. Астана Саммиті Еуропа, Азия, Еуроатлантика елдерінің бейбітшілік, ынтымақтастық негізіндегі даму даңғылының, оның тарихы­ның Қазақстан мемлекеті жазған тозбас, тамаша парағы болып, жаһанмен үндестік тапты. Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ, ақын. Атырау