Рүстем Есдәулетов қазақтың шығармашылық тынысы кең, келешегінен үлкен үміт күттірген жастарының бірі болатын. Жасындай жарқылдаған жастың қол созған армандары қандай асыл, биік болса, өнерді өрге сүйреген іс-қимылы да сондай нық, нақты еді. Қарыштап қадам басып, қалықтап қанат қағып келе жатыр еді. Жазмышқа амал бар ма, маңдайына келте ғұмыр жазылыпты...
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы І республикалық Жастар және студенттер фестивалі салтанатты түрде тұсауын кесті. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында шымылдығын түрген шараға Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Семей сынды қалалардан бірқатар театр ұжымдары келді. Фестивальға қатысушылар алдымен Рүстем Есдәулетов шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Көрмеге режиссердің түрлі театр фестивальдерінде қол жеткізген жетістіктері мен марапаттары, театр тарландарымен және әріптестерімен, сондай-ақ жұмыс барысында түскен фотосуреттері, өлеңдер жинағы мен түрлі жинақтарға енген топтамалары және баспасөз бетіндегі естеліктер қойылыпты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған театр мерекесі үш күнге созылды. Қоңыр күздегі адам жанын тербейтін руханият мерекесінің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, рухтас досы туралы шынайы сыр шертті.
– Рүстем туралы көп айтуға болады. Ол Өскеменде қазақ театрының байрағын биік желбіретемін деп тер төкті. Осыдан біраз уақыт бұрын өңірімізде өткен республикалық драма театрлары фестивалінде Рүстем досымызды еске алуға арналған ауқымды шара ұйымдастырсақ, елдің барлық тарапынан театр ұжымдарын шақырсақ, оған жастар театрлары қатысса деген ойымыз бүгін жүзеге асты. Өйткені, ол қазақтың өнердегі жастарының бет-бейнесі болып қалыптасып, елдің жадында да сол болмысымен қалды, деді Жақсылық Омар. Бұған қоса, облыс әкімінің орынбасары фестивальді дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыру көзделіп отырғанын жеткізді.
Бұдан кейін Р.Есдәулетовтің өмірі мен өнерінен сыр шерткен «Бөрінама» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне талантты ұл-қыздарды сыйлаған іргелі әулет, ауылдағы Оразбай әкенің мәуелі бағында қиялы жүйрік болып өскен арманшыл бала, оның өз бағытын айқындаған жастық шағы мен шын жүйрікке тұсау жоқ екенін танытқан сахна мен сахна сыртындағы сан түрлі ерен еңбегі баяндалады. Кадрда отыз бір жасында талай биіктерді бағындырып үлгерген Р.Есдәулетовтің өлшеулі өмірі де сағат тілімен сыртылдап, адам баласының бұл пәнидегі мақсат-мұратының мәнін аша түседі. Санкт-Петербургте ресейлік әйгілі театр тарланы Л.Додиннің тәлімін алған Рүстемнің сол кездегі өзі жетекшілік жасаған Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театрын Станиславский жүйесімен қайта құруы да өнердегі жансебіл еңбегінің бір көрінісін паш етті.
Жары Маржан бүгінде Рүстемнің түтінін өшірмей, артында қалған Олжас, Ботагөз, Ханзада, Нұрзада есімді балаларын тәрбиелеп отыр. Оның өмірден ерте озған режиссердің мұрасы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кандидаттық диссертация қорғағанын айта кеткен ләзім. Яғни, Р.Есдәулетовтің мұрасы іздеусіз емес.
Фестиваль барысында Көкшетау қаласы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Жас толқын» жастар студиясы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Семей қаласы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры М.Шахановтың «Танагөз», Алматы қаласы «А.И музыкалық театр орталығы» М.Әуезовтің «Қарагөз», Қарағанды қаласы Тәттімбет өнер колледжінің «Q» студенттер театры Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі», Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Студенттік зертханасы» И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» және бағдарламадан тыс Шығыс Қазақстан облыстық драма театры Абайдың «Атымды адам қойған соң...» атты ой-толғанысы арқау болған қойылымдарын сахналады. Белгілі театр сыншылары сахнаның жас буынына баға берді. Тақырып таңдау, эксперименттік ізденіс, актерлік ансамбль, сахнадағы қимыл-қозғалыс, режиссерлік шешім сынды сахнаның сан сырын қамтыған сын-ескертпелер келешек театр шеберлеріне бір жағынан тәжірибелік дәріс іспетті болды.
Фестивальдің жабылу салтанатында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бұл театрдың Рүстемнің өзі жобасын сызып, армандап кеткен өнер ордасы екенін, адам жанын мөлдірететін театр өнерінің Өскемендегі өрлеуі Рүстемнен басталатынын, осы орайда фестиваль келешекте шетелдердің ұжымдары да қатысатын халықаралық шараға айналса деген тілегін айтты. Сондай-ақ, көпшіліктің тілегіне сай облыстық театрға Рүстем Есдәулетовтің есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді. Айта кету керек, бұл мәселе бұдан бұрын жергілікті баспасөзде бірнеше мәрте көтерілген болатын.
Үш күнге созылған фестиваль қорытындысы бойынша бас жүлдені Астана қаласынан келген Қазақ ұлттық өнер университетінің «Студенттік зертханасы» жеңіп алды. Бұл – И.Сапарбайдың «Сыған серенадасын» қойған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевтің режиссер ретіндегі алғашқы жеңісі екен. Фестивальға қатысқан барлық театр ұжымдары жеке аталымдар бойынша марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН