«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Міндеттер мен межелер
Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауының негізгі бағыттары бойынша нәтижелер мен индикаторлар Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, сол сияқты, Елбасының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Үкімет нақты іс-қимыл шараларын белгіледі. Осы тұрғыда Үкімет алғашқы кезекте Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) бағдарламасын бекітті. Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасы «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың нақты және қаржы секторында орын алған проблемаларды атап өте отырып, Үкіметке Ұлттық банкпен және Қаржы қадағалау агенттігімен бірлесіп, дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл міндетті екі бағытта – бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру үшін көмек көрсету және қаржы жүйесін сауықтыру жолдарымен жүзеге асыру керектігін белгілеп берді. Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) бағдарламасы борыштары 4,5 миллиард теңгеден асатын бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында әзірленді. Қазақстан Республикасының даму индикаторлары (жалпы) • 2020 жылға қарай ІЖӨ өсімі 30 пайыздан кем болмайды. • Өңдеу саласының өсімі экономиканың өндіруші салаларындағы өсімнен көп немесе бірдей болады. • Ұлттық қор активтері ІЖӨ-нің 30 пайызынан кем болмайды. • Инфляция 5-8 пайыз деңгейінде болады. Борыштары аталған сомадан аз бәсекеге қабілетті кәсіпорындар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі мемлекеттік қолдауды пайдалана алады. Мемлекет басшысы кәсіпорындарды сауықтырудағы мемлекет қолдауының уақытша екенін, оның кәсіпорындардың өсу стратегиясына көшуіне көмектесу үшін ғана көрсетілетінін айтқан болатын. Сондықтан бағдарламаға ену мүмкіндігі 2011 жылмен шектеледі. Өздерінің төлем қабілеттерін қалпына келтірген кәсіпорындар одан әрі «Өнімділік-2020» бағдарламасына және Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатыса алады. Бағдарламада кәсіпорындарды сауықтыру кредиторлардың, меншік иелерінің және мемлекеттің бірлескен іс-қимылымен жүзеге асырылуы керектігі, ал мемлекеттік көмектің көлемі кредиторлар мен меншік иелері көрсеткен көмекпен бірдей болатындығы қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру тетігі оған қатысушы кәсіпорынның қаржылық жағдайына талдау жасау және әр кәсіпорын бойынша жеке сауықтыру жоспарларын әзірлеу мәселелерін қамтиды. Бағдарламаға жүйе құраушы мәртебесі бар, «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң қағидаларына сәйкес орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, өнеркәсіптің өндіру салаларында жұмыс істейтін, сол сияқты, алкогольді және темекі өнімдерін шығаратындардан өзге кәсіпорындар қатыса алады. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарының алдында қабылдаған міндеттемелері 2011 жылдың 1 қаңтарына қарасты жиынтығында 4,5 миллиард теңгеден аспай, сол сияқты, қайта құрылымдаусыз оларды орындау болашақта проблема туғызады деген негіз болуы керек. Сол сияқты, белгіленген критерилерге сәйкес келетін, «Банкроттық туралы» заңға сәйкес 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін сот шешімімен қалпына келтіру процедурасы қолданылған кәсіпорындар да бағдарламаға қатыса алды. Мемлекеттің қатысуындағы заңды тұлғалар, ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және олар бақылайтын заңды тұлғалар, сол сияқты, шет елдердің қатысуындағы заңды тұлғалар бағдарламаға қатысушы бола алмайды. Аталған критерилер бойынша іріктеуден өткен кәсіпорындар кәсіпорынның сауықтыру жоспарын әзірлеу үшін кредиторлар комитеті таңдаған консультанттарды жалдайды. Үкімет тарапынан консультанттар қызметі құнының 50 пайыз мөлшерін қоса қаржыландыру жүзеге асырылады. Бірақ ол бір қатысушыға 35 миллион теңгеден аспауы тиіс. 2016 жылға қарай бағдарламаның негізгі сандық және сапалық нәтижелері төмендегідей болады: - Қазақстан экономикасы үшін зор маңызы бар 30-50 кәсіпорын сауықтырылады; - бағдарламаға қатысушы кәсіпорындарда бұрыннан бар жұмыс орындарының кемінде 70 пайызы сақталады. Бизнес ахуалды жақсарту • Экономиканың шикізаттық емес секторына (өнеркәсіп, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қызметтер) отандық және шетелдік инвестициялар кемінде 30 пайызға артады. • ІЖӨ-ге тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі он пайыздық пунктке ұлғаяды. • ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 7-10 пайызға артады. Еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясы-2020 Бағдарламаның мақсаты – тұрақты және өнікті еңбекпен қамтуға жағдай жасай отырып, халықтың табыстарын арттыру. Міндеттер: - өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген тұрғындарды өнікті экономикалық еңбекке тарту; - индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрлар әлеуетін дамыту; - атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесін жетілдіру. Бағдарлама бірінші кезекте тұрғылықты жерлері бойынша оқытуға, еңбекке орналастыруға, өз ісін ұйымдастыруына ықпал жасауға бағытталған, ондай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, экономикалық өсу орындарына өз еркімен қоныс аударуына ықпал ету. Бағдарлама төмендегі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: 1. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген тұрғындарды оқыту және еңбекке орналасуына жағдай жасау. 2. Ауылда кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету. 3. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру. Бағдарлама үш сатыда жүзеге асырылады. 2011 жыл қанатқақты жыл болып, бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері мен оны құқықтық қамтамасыз ету мәселелері әзірленеді. Екінші саты 2012-2015 жылдары, ал үшінші саты 2016-дан 2020 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асырылады. Бағдарламаның жаңа бағыттары Бағдарлама тұрғылықты жерлерде еңбекпен қамтылуға ықпал ету арқылы азаматтардың тұрақты және өнікті жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, ол өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген азаматтарды қамтитын болады. Бағдарламада ауыл жастарының қатысу мүмкіндіктеріне басымдықтар берілген. Бағдарламаның бірінші бағытына қатысушыларға кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына жолдама беру, оқу орнына дейінгі жолақы мен жатақханада тұру құнын субсидиялау, сәйкес келетін бос орындар іздеу және еңбекке орналасуға көмектесу, сол сияқты, психологиялық бейімделу тәрізді мемлекеттік қолдау түрлері көрсетілетін болады. Бағдарламаның екінші бағыты Мақсат – өз ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру. Бағдарламаға өз ісін ұйымдастыруға ниеті бар және сондай мүмкіндіктерге ие азаматтар қатыса алады. Ауылдық жерлерде бизнеспен айналысқысы келетіндерге басымдықтар беріледі. Бұл бағыттағы қолдау шаралары: 1. Консультативтік қызмет көрсету. 2. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. 3. Микронесилер беру. 4. Инфрақұрылымды дамыту. Микронесие қайтарымды негізде, 5 жылдан аспайтын мерзімге беріледі және ол 3 миллион теңгеден аспауы керек. Микронесие алу үшін кепілдік талап етіледі. Микронесиелер беру үшін өңірлерге 5 жыл мерзімге нөлдік сыйақы ставкасымен бюджеттік кредиттер ұсынылатын болады. Бағдарламаның үшінші бағыты Үшінші бағыт оған қатысушылардың жалдамалы еңбекпен немесе өз ісімен айналысуларына нақты перспективалары болмаған жағдайлар үшін ойластырылған. Бұл ретте де ауыл жастары басымдыққа ие болады. Бағдарлама азаматтарды экономикалық әлеуеті төмен өңірлерден экономикалық белсенділігі жоғары орталықтарға көшіруді қарастырады. Ол бір ауданның ішінде немесе бір ауданнан екінші ауданға қоныс аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл бағдарламаға қатысушы адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз немесе аз қамтамасыз етілген болып, экономикалық әлеуеті төмен елді мекенде өмір сүріп, бірге тұрып жатқан отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтындай жиынтық айлық табыс табатын болуы керек. Мұндай жағдайда көші-қонды субсидиялау, сатып алу құқығы бар арендалық тұрғын үй беру, тұрғылықты жерінде осы бағдарлама шеңберінде оқыту, психологиялық бейімдеу сияқты қолдаулар көрсетіледі. Арендалық тұрғын үй ретінде «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде салынған үйлер, сол сияқты, отбасылық үлгідегі жатақханалар пайдаланылуы мүмкін. 2015 жылға қарай жаңа бағдарлама бойынша 1,5 миллион адамды еңбекпен қамту көзделіп отыр. Оны жүзеге асыру кедейшілік деңгейін 8,2 пайыздан 6 пайызға дейін төмендетеді, ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады. «Өнімділік-2020» бағдарламасы «Өнімділік-2020» бағдарламасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен қатар, Қазақстан Республикасын 2010-2014 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру құралы болып табылады. Құралдарды анықтау және қаржылық қолдаудың қажетті көлемін білу мақсатында 200-ден астам ірі және орта кәсіпорындарға зерттеу жүргізілді. Бағдарлама еңбек өнімділігін арттыра отырып, экономиканың басым секторындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін төмендегі міндеттерді шешу қажет: - кәсіпорындар қолданатын басқару және өндірістік технологияларды жетілдіру; - жұмыс істеп тұрғандарды жаңғыртып (техникалық қайта жарақтау), бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құру. 2020 жылға арналған мақсатты индикаторлар: - өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін кем дегенде 2 есе ұлғайту; - ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін кем дегенде 13 пайызға дейін ұлғайту. Бағдарлама екі сатыда жүзеге асырылатын болады. Бірінші саты 2011-ден 2014 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және 2011 жыл қанатқақты болып есептеледі. 2012-2014 жылдары бағдарламаның орындалуы жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсету және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, сол сияқты, индустриялық кәсіпорындардың кадрлық әлеуетін күшейту арқылы көрініс табатын болады. 2015-2020 жылдары жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсетіліп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жаңғыртылады. Бағдарламаны жүзеге асыру құралдары: - ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды ұсыну; - білікті жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу; - технологиялар сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу; - жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу; - қазіргі заманғы басқару және өндірістік технологияларды енгізу; - ұзақ мерзімді кезеңге кепілдендірілген тапсырыстар берілуіне ықпал жасау. Бағдарламаға төмендегі критерилерге сәйкес келетін кәсіпорындар қатыса алады: - мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан немесе жүзеге асыруды жоспарлап отырған кәсіпорындар; - қаржылық тұрақты кәсіпорындар; - инвестициялық жобалардың 3 жылдан астам мерзімге кешенді жоспары бар кәсіпорындар. Инвестициялық жобалардың кешенді жоспары инвестициялық жобаның қаржылық қайтарымдылығын, еңбек өнімділігінің 2 есе артуын, өнімдердің бәсекеге қабілеттігін қарастыруы тиіс. Бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2011 жылы 4,9 миллиард теңге қарастырылған. 2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы Біз тұрғын үй-коммуналдық қызметтің сапасын арттырамыз. Ауылдық елді мекендердің 80 пайызы және шағын қалалардың 100 пайызы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесіне қол жеткізетін болады, деп атап көрсеткен болатын Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын орындау мақсатында әзірленген болатын. Бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың өзара байланысты екі негізгі элементі бойынша әзірленді. Бірінші, коммуналдық сектор, соның ішінде сумен, газбен, жылумен, электр қуатымен жабдықтау және су тарату. Екінші, коммуналдық қызметті негізгі тұтынушы болып табылатын тұрғын үй секторы. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің айрықша маңыздылығына байланысты елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі жеке бағдарлама ретінде бөлінді. 2004-2010 жылдары желілерді жөндеуге және салуға елеулі бюджет қаржылары жұмсалды. Ол бүтіндей алғанда өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Бірақ сонымен бірге, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласын жаңғырту қажет. Бағдарламада коммуналдық саланың инфрақұрылымын дамыту үшін төмендегідей жүйелі көзқарастар қарастырылған. 1. Жаңа желілер мен ғимараттар салу. Оларды келешекте кімдердің пайдаланатынына қарамастан, жұмыстар республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын болады. 2. Коммуналдық меншіктегі желілер мен ғимараттарды жөндеу мен қайта жаңарту кәсіпорындардың өз қаржылары және бюджет қаржылары есебінен қаржыландырылады. 3. Жеке меншіктегі желілер мен ғимараттарды жөндеу және қайта құру толықтай кәсіпорындардың өз қаржылары есебінен қаржыландырылады. 4. Жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарына бағытталған мемлекеттің және жеке кәсіпорындардың қаржылары тариф белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу есебінен қалыптастырылады. 5. Жергілікті атқару органдары салалық бағдарламаның мақсатты индикаторлары негізінде аумақтарды дамыту бойынша аталған бағдарламаның тиісті бөлімін әзірлеп, оны орындауы тиіс. 2004-2010 жылдары су тарату ісін дамытуға әкімдіктер 43 миллиард теңге шамасында бюджет қаржыларын жұмсады. Соның нәтижесінде халықтың су тарату желілері қызметіне қолжетімділігі 4 пайызға өсіп, апаттар саны 2 есе қысқарды. Электрмен жабдықтауды дамытуға 2004-2010 жылдары әкімдіктер 8 миллиард теңгеден астам бюджет қаржыларын бөліп, олар негізінен апаттарды қалпына келтіру үшін пайдаланылды. Елді мекендерде электр желілерін салу, қайта қалпына келтіру бағдарламада белгіленген ортақ принциптерге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Сол сияқты, жаңа технологиялар енгізіліп, көшені жарықтандыру үшін үнемдегіш жабдықтар орнату, бірінші кезекте бюджеттік ұйымдарда қызу лампыларын қазіргі заманғы лампыларға ауыстыру жоспарланып отыр. Газбен жабдықтауды дамытуға 2004-2010 жылдары әкімдіктер 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаржыларын бағыттады. Олар негізінен жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Қазіргі уақытта республикада 9 облыс және Алматы қаласы газдандырылды. Табиғи газбен жабдықтау 5 облыс пен Астана қаласына ғана жеткен жоқ. Газбен жабдықтау жүйесін дамыту шеңберінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысын салу жоспарланып отыр. Қызылорда облысында 16 елді мекен газдандырылады. Қосымша Оңтүстік Қазақстан облысында 9 елді мекенді газдандыру қарастырылған. Сол сияқты, «Қостанай-Көкшетау-Астана-Қарағанды» магистралды газ құбырын салу нұсқасы да ойластырылуда. Жылумен жабдықтауды дамытуға 2004-2010 жылдары әкімдіктер 19 миллиард теңгеден астам бюджет қаржыларын жұмсады. Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық сектор республиканың бүкіл энергия ресурстарының 30 пайыздайын тұтынушы болып табылады. Сонымен бірге, жылудың рәсуа болуы да өте жоғары. Бағдарламаға сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жылуды үнемдеуге оларды терможаңғырту жөніндегі кешенді жұмыстарды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілетін болады. 2012 жылдан бастап терможаңғырту жұмыстары пәтер иелері есебінен және қайтарымды негіздегі бюджет қаржылары арқылы жүргізіледі деп жоспарлануда. Терможаңғырту жөніндегі жоспарды табысты жүзеге асыру үшін тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту қажет. Сондықтан бағдарламаның жеке бөлімінде көп пәтерлі үйлерді қалыпты ұстауды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылуда. Бүгінгі таңда республикада 172 мың көп пәтерлі тұрғын үйлер бар болса, солардың тек 8,5 пайызы ғана кондоминимум нысандары ретінде тіркелген. 2011 жылы тұрғын үй инспекциялары туралы типтік ережелер, кондоминимум нысандарын басқаруға арналған типтік келісімшарттар, кондоминимум нысандарын басқару органдары басшыларына қойылатын біліктілік талаптары мен аттестациялау тетіктері әзірленіп, өңірлерге жіберілетін болады. Республикалық бюджеттен бөлінетін 52,7 миллиард теңге қаржының 50,6 миллиард теңгесі немесе 96 пайызы су тарату, жылумен, электрмен және газбен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мен дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады. Жергілікті бюджеттерден коммуналдық жүйені модернизациялау мен дамыту жобаларын жүзеге асыруға республикалық бюджет қаржыларының 30 пайызынан кем емес мөлшерде міндетті шығындар белгіленген, ол 11,2 миллиард теңгені құрайтын болады. Коммуналдық сектор кәсіпорындарын тарифтік реттеудің жаңа тетіктерін енгізу есебінен 3 жыл ішінде коммуналдық жүйені жаңғырту мен дамытуға 208,4 миллирад теңге бағыттауға мүмкіндік туады. Осылайша бағдарламаның бірінші сатысын жүзеге асыруға кететін жалпы шығындар 272,3 миллиард теңгені құрайды. Оның басым бөлігі, яғни 77 пайызы кәсіпорындар қаржыларының есебінен жабылатын болады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 2010 жылы 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асыру аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет республика халқын ауыз сумен толық көлемде қамтамасыз ету үшін жаңа жоба әзірледі. Онда 2011-2020 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарлама көрініс табатын болады. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге барлық көздерден 195 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Ол қаржыға 13 282 шақырым су құбырлары мен ауыз сумен жабдықтау желілері салынды, қайта жаңғыртылды және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 449 ауылдық елді мекендерде сумен қамтамасыз ету жақсарды. Осылайша 5 миллионнан астам, оның ішінде, 3,5 миллион ауыл тұрғындары бар, халық ауыз сумен қамтамасыз етілді. Аталған мерзім ішінде 48,5 миллион АҚШ доллары және 5,1 миллион еуро займдар мен гранттар тартылды. Республикада орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінен алынатын ауыз су қауіпсіздігі жағдайы тұрақтандырылды. 2002-2008 жылдары жұмыс істемейтін су құбырларының үлес салмағы 299-дан 209-ға және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндер саны 363-тен 235-ге дейін қысқарды. Бүтіндей алғанда тасып жеткізілетін суды пайдаланатын ауыл тұрғындарының қатары азая түсуде. 2001-2020 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты жаңа көзқарастар 1. Су шаруашылығы секторына жеке капиталды барынша тарту. Су шаруашылығы секторына жеке инвесторларды тарту үшін төмендегідей шаралар жүзеге асырылмақ. Біріншіден, кейбір сумен жабдықтау нысандарын жекенің пайдалануына беруді заңдық деңгейде қарастыру. Екіншіден, әкімдіктер инвестициялық тартымды су арналарының жұмысын орта мерзімді (1 жылдан 5 жылға дейін) немесе ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) тарифтерге көшіруді қамтамасыз етуі керек. Үшіншіден, дербес есептеу құралдарымен 100 пайыз қамтамасыз ету қажет. Су шаруашылығы секторына жеке инвесторларды тарту ауыз суды ұтымсыз пайдалануды төмендетуге, судың өндірістен тыс рәсуа болуын қысқартуға, негізгі қорларды жаңғыртуды жүзеге асыруға, суды есептеу құралдарымен қамтуды ұлғайтуға жағдай жасайтын болады. 2. Жер асты суларының ресурстық әлеуетін кеңінен пайдалану. Бұл орайда елді мекендерге барынша жақын жер асты сулары көздерін іздеуге басымдық берілетін болады. Елді мекендерді жер асты ауыз сулары қорларымен қамтамасыз ету жөніндегі геологиялық барлау жұмыстарына 2018 жылға дейін жыл сайын 6,2 миллиард теңге қажет болады. 3. Сумен жабдықтаудың жаңа нысандарын салуға жүйелі көзқарас. Сумен қамтамасыз етудің жаңа нысандарын салу үдерісін жүйелендіру үшін төмендегі жәйттер қарастырылатын болады. Біріншіден, сумен жабдықтау жобаларын одан әрі жүзеге асыруды Үкімет жыл сайын бекітетін жобалардың бірегей тізіміне сәйкес жүзеге асыру қажет. Екіншіден, жобаларды жүзеге асыру барысында басымдық критерийлері анықталуы тиіс. Үшіншіден, сумен жабдықтау проблемасын шешуге қажет болатын қаржыландыру көлемін жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерде бекітіп отыру керек. Төртіншіден, жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бақылау қатаң болуы тиіс. Ауыз су • Қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға толық қолжетімділік қамтамасыз етіледі. • Ауылдық жерлерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 80 пайызға дейін ұлғаяды. • Сумен жабдықтау нысандарындағы апаттылық 2 есе қысқарады. • Нормативтік шығындар деңгейі 15 пайыздан аспайтын болады. Тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары 2010 жылы тұрғын үйді іске қосу көлемінің төмендеуіне жол бермей, оны 2009 жылғы деңгейде сақтауға жағдай жасады. 2011 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау көрсетудің үш негізгі бағыттары анықталды. Олар, бірінші, тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесін пайдалану арқылы сатылатын қымбат емес тұрғын үйлер салу. Екінші, құрылысты қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру. Үшінші, инженерлік коммуникациялар салу. Бірінші бағыт – ол жергілікті атқару органдарының тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесінің әлеуетін пайдаланып сатуы үшін несиелік тұрғын үйлер салуы. Бұл схема Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады және 2011-2013 жылдарға 40,8 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Оның ішінде 20,8 миллиард теңге қанатқақты жобаларды жүзеге асыру үшін 2011 жылы бөлінетін болады. Бұл схема бойынша қанатқақты жобалар үстіміздегі жылы жүзеге асырылып, республиканың бүкіл өңірлерінің тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етеді. 2011-2012 жылдары осы аталған схема бойынша салынатын тұрғын үйлерге 40 миллиард теңге шамасында, соның ішінде, 2011 жылы 8 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Ол 2012 жылы 300 мың шаршы метр несиелік тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ететін болады. Екінші бағыт – екінші деңгейлі банктерді қорландыру. 2011-2012 жылдары қосымша 70 миллиард теңге, соның ішінде 2011 жылы 57 миллиард теңге бөлу ұсынылып отыр. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде 2012 жылы 1,7 миллион шаршы метр коммерциялық тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Үшінші бағыт – ол инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы. Инженерлік желілер құрылысы тұрғын үй салынатын аудандарда, соның ішінде, жеке тұрғын үй құрылысы да бар, жүргізілетін болады. 2011-2012 жылдары осы мақсаттар үшін қосымша 40 миллиард теңге, оның ішінде, 2011 жылы 10 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Ол жылына қосымша 1,2 миллион шаршы метр жеке тұрғын үйлер салуға, сол сияқты, мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үйлерді уақытында іске қосуға жағдай жасайтын болады. 2011-2012 жылдары бюджет қаржыларына деген қосымша қажеттілік 150 миллиард теңгені, оның ішінде 2011 жылы 75 миллиард теңгені құрайтын болады. Бүтіндей алғанда жоғарыда айтылған ұсыныстар қолдау тапқан күнде, жыл сайын шамамен 6 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Мал шаруашылығын қолдау жөніндегі шаралар «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық, мәшине жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жем-шөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады. Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері селодағы индустрияландырудың осынау маңызды бөлігімен айналысуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында. Әлемдік тәжірибені және Қазақстанның жағдайларын ескере отырып, «ҚазАгро» холдингі «Ірі-қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» атты жоба әзірлеп, ол Мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Бұл жоба төмендегідей өзара байланысты негізгі іс-шараларды жүзеге асыруды қарастырады. Бордақылау алаңдары желілерін салу. Мал бордақылау алаңдарының желілері салынатын болады. Оның міндеті малды қазіргі заманғы технологияларға сәйкес бордақылауды жүзеге асыру болып табылады. Ет бордақылау алаңдарынан ет комбинаттарына жеткізіліп, онда еттің дайын коммерциялық партиялары әзірленеді. Бұл жұмысты несиелеу «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Несиелеу шарттары біршама жеңілдіктерді қарастырады. Несиелеу ставкасы – 6 пайыз, мерзімі – 9,5 жылға дейін, займды қайтарудың жеңілдікті мерзімі – 2 жылға дейін. Фермерлік шаруашылықтарды несиелеу. Етті мал басының санын ұлғайтып, сапасын арттыру үшін етті мал шаруашылығы саласындағы фермерлік шаруашылықтарға қолдау көрсетіліп, дамытылатын болады. Фермерлік шаруашылықтарға қолдау көрсету несиелеудің «Сыбаға» атты арнайы бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Фермерлік шаруашылықтарға несиелер жеңілдікті түрде беріледі. Асыл тұқымды төлдейтін мал шаруашылықтары желілерін құру. Қазіргі уақытта Қазақстанда 18 айлық бұқалардың орташа тірі салмағы шамамен 310 килоны құрайды, ал әлемде стандартты салмақ 520 кило болып табылады. Тауарлық табынның өнімділігін арттыру үшін 5 жыл ішінде шамамен 72 мың бас жоғары өнімді, ет бағытындағы ірі қара малды импорттау жоспарланып отыр. Ет өңдеу кешендерін құру. Қазіргі заманғы ет өңдеу кешендері ет өнімдерінің экспорттық партияларын қалыптастыратын болады. Ет өңдеуші кешендерді қаржыландыруды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жеңілдікті жағдайларда жүзеге асыратын болады. Табынды басқару мен консалтингтің қазіргі заманғы орталығын құру. Орталықтың міндеті табынды басқару мен төлдетудің ақпараттық жүйесін құру, асыл тұқымды материалды таңдау мен жеткізу болып табылады. Жобаны жүзеге асыру 2016 жылы шамамен 60 мың тонна және одан кейінгі 5 жылда жылына 180 мың тоннаға дейін экспортталатын ет өндірісіне жағдай туғызады. Осы аталғандардың сыртында жем-шөп өндірісін дамыту, ветеринария жүйесін жетілдіру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылатын болады. 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасы 2010 жылдың 29 қарашасында Мемлекет басшысы 2011-2015 жылдары денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын бекітті. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Мемлекет басшысы неғұрлым басым бағдарлама ретінде атап көрсеткен төрт шешуші мемлекеттік бағдарламалардың қатарына жатады. 2005-2010 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама: жүзеге асу қорытындылары. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қабылданды. Денсаулық сақтаудың, жергілікті және республикалық маңыздағы медициналық білім берудің 59 нысанының құрылыстары салынды және қайта жаңартылды. Ұлттық медициналық холдинг құрылды. 2010 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуде. Өмір жасының күтілетін ұзақтығы: 2005 жылы – 65,91; 2009 жылы – 68,6 жас. Жалпы өлім көрсеткіші: 1000 адамға шаққанда 2005 жылы – 10,37; 2009 жылы – 8,97. Ана өлімі: жаңа туған 100 нәрестеге шаққанда 2005 жылы – 40,5; 2009 жылы – 36,8. Сәби өлімі: тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда 2005 жылы – 15,15; 2009 жылы – 18,23. (Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жаңа критерийлерін ескергенде). Туберкулезбен сырқаттану: 100 мың тұрғынға шаққанда 2005 жылы – 147,3; 2009 жылы – 15,3. 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Мақсат: Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулықтарын нығайту және елдің әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру. 2011-2015 жылдарға тиесілі барлық шығындар – 445,66 миллиард теңге. Бағдарламаны жүзеге асыру бағыттары: • азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық іс-қимылдардың тиімділігін арттыру; • профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, диагностиканы, негізгі әлеуметтік маңызды дерттерді диагностикалау мен емдеуді жетілдіру; • санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру; • Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқару мен қаржыландыруды жетілдіру; • медициналық, фармацевтикалық білім беруді жетілдіру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізу; • дәрі-дәрмектің халық үшін қолжетімді әрі сапалы болуын арттыру. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру халыққа не береді? 1. Дәрігерді, медицина ұйымын, жеңілдікті дәрілер мен дәріханаларды таңдау еркіндігі қамтамасыз етілді, сол сияқты, отандық дәрі-дәрмекке қолжетімділік арттырылды. 2. Әлеуметтік қызметкерлер институтын енгізу нәтижесінде медициналық-әлеуметтік проблемаларды шешуге көңіл аударылды. 3. Дәрі-дәрмек пен тамақ өнімдері қауіпсіздігіне бақылау жасаудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу есебінен дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдерінің сапасы арттырылды. 4. Саламатты өмір салтын енгізу үшін жақсы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалды, спорт клубтары мен фитнес-орталықтар халық үшін қолжетімді болды. 5. Диагностика мен емдеудің халықаралық стандарттарын енгізу есебінен емдеудің сапалық, қолжетімділік және қауіпсіздік деңгейі арттырылды. Бағдарламаны жүзеге асыру медицина қызметкерлеріне не береді? Жұмыс үшін жақсы жағдайлардағы жұмыстың көлемі мен нәтижелеріне қарай көбірек табыс табу мүмкіндігі туды. Кәсіби біліктілікті, соның ішінде, шет елде де көтерудің мүмкіндігі көбейді. Қазіргі заманғы жабдықтармен жұмыс істеу және жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндігі артты. Бағдарламаны жүзеге асыру мемлекетке не береді? Азаматтардың сырқаттарынан, мүгедектігі мен мерзімінен бұрын қаза болуынан келетін тікелей және жанама шығындарды қысқарту есебінен Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қамтамасыз етілді. Азаматтардың денсаулықтарын қорғау мен нығайтуда азаматтардың, жұмыс берушілердің, медициналық қызмет қөрсетушілер мен мемлекет жауапкершілігінің оңтайлы тепе-теңдігі қамтамасыз етілді. Тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесін енгізу нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық және фармацевтикалық қызмет саласына бақылау оңтайландырылды. Денсаулық сақтауды қаржыландыруға қосымша көздер тартылды: мемлекет-жеке меншік әріптестігі, азаматтардың жинақтаушы есеп-шоттары, ерікті медициналық сақтандыру. Бағдарламаның бірінші бағыты. Халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған ведоствоаралық іс-шараларды жүзеге асыру бойынша таратылатын бюджеттік бағдарламаға бірегей бюджеттік классификация енгізу. Қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелері бойынша 7 сектораралық бағдарламаларды жүзеге асыру. Қоғамдық денсаулық саласындағы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бизнес құрылымдар мен ҮЕҰ-ларды тартудың тиімді тетіктерін келісе отырып әзірлеу және енгізу. Бағдарламаның екінші бағыты. Профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, диагностиканы, негізгі әлеуметтік маңызды дерттерді диагностикалау мен емдеуді күшейту. Бағдарламаның үшінші бағыты. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру. Мақсатты индикаторлар: • 2015 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа дейін ұлғайту; • өлімнің жалпы коэффициентін 15 пайызға төмендету; • нәресте өлімі көрсеткішін 1,5 есе төмендету; • ана өлімі көрсеткішін 1,5 есе төмендету; • балалардың өкпе қабынуымен сырқаттануын 50 пайызға, одан болатын өлімді 20 пайызға төмендету; • қауіпсіздік көрсеткішіне сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің үлес салмағын 2008 жылы – 2,7 пайызға, 2015 жылы 1 пайызға төмендету; • 2015 жылға қарай медициналық иммуннобиологиялық дәрі-дәрмектерді шығару жөнінен отандық база құрылатын болады. Бағдарламаның төртінші бағыты. Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқару мен қаржыландыруды жетілдіру. Бағдарламаның бесінші бағыты. Медициналық, фармацевтикалық білім беруді жетілдіру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізу. Бағдарламаның алтыншы бағыты. Дәрі-дәрмектің халық үшін қолжетімді әрі сапалы болуын арттыру. Мақсатты индикаторлар: - практикалық дағдыларды қалыптастыру үшін өңірлік симуляциялық орталықтар құру; - шетелдік басылымдардағы жарияланымдар мен патенттердің үлесін арттыру; - халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық дәрі-дәрмектердің үлесін арттыру, - 2015 жылға қарай барлық сынақ зертханалары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін болады. 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Биыл 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталады. «Білім беру туралы» заң жаңа редакцияда қабылданды. Бес республикалық орталық құрылды. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту есебінен мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру 16,3 пайызға артты. Оқушылар орны тапшылығы 129 мың орынға қысқарды. Төрт ауысыммен оқу жойылды. Үш мыңнан астам мектеп интерактивті кабинеттермен жабдықталды. Мектептердің 34 пайызы кең жолақты интернетке қосылды. Кәсіптік лицейлер желісі 118-ге көбейіп, контингент 172 мың адамға артты. Үш деңгейлі бакалавр-магистр-Ph.D докторы бойынша мамандар даярлау енгізілді. 43 жоо-ға сапа менеджменті жүйесі енгізілді. Жоо-лардың материалдық-техникалық базалары нығайтылды. 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасының мақсаты білім берудің бәсекеге қабілеттігін арттыру, азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту үшін адами капиталды дамыту, сапалы білім алу қолжетімділігін барша үшін де қамтамасыз ету жолымен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу болып табылады. Бағдарлама 9 бағытта жүзеге асырылады. 1. Білім беру жүйесін қаржыландыру. 2. Педагог мәртебесі. 3. Білім менеджменті. 4. «e-learning» электронды оқыту. 5. Мектеп жасына дейінгі тәрбие мен оқыту. 6. Орта білім. 7. Техникалық және кәсіптік білім. 8. Жоғары және жоо-дан кейінгі білім. 9. Тәрбие жұмысы және жастар саясаты. Мемлекеттік бағдарлама жобасы шеңберінде үш тілде оқытатын мектептер санын 720-ға дейін ұлғайту, халықаралық «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде ағылшын тілді педагог кадрларын даярлауды қамтамасыз ету, тілді меңгерудің халықаралық стандарты негізінде мемлекеттік тілді «Балабақша-мектеп, кәсіптік лицей, колледж-жоғары оқу орны» бойынша үздіксіз оқып-үйрену жүйесін құру жүзеге асырылады. Қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың Қазтест жүйесі енгізілетін болады. Бағдарламадан күтілетін тиімділіктер. Халықаралық рейтингтер көрсеткішінің жақсаруы. Қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын қамтамасыз ету. Балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Баланың оқуы туралы қашықтықтан ақпараттық хабарлау. Мұғалімдердің қызмет бабында өсу жүйесін қамтамасыз ету. Оқушылардың сапалы білімге, озық білім беру ресурстары мен технологияларына қол жеткіз