Президент сайлауы – парасат сынағы
«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөзді журналистер жиі жазып жататын. Байқап отырсам, сол cөз рас екен. Сексеннен асқан жасыңда дүние сөзін көп сөйлемей-ақ, шығармашылықпен шамаң келгенше ғана айналысып, жаныңды күтіп жүргің келеді. Сонда да сөйлемесіңе қоймайтын жағдайлар болады екен. Әсіресе, еліңнің келешек тағдырына қатысты тұрлаулы шешім қабылдануға тиіс тұста үндемей қалсақ, сөз атасын өлтіретін сияқтымыз. Абай атамыз айтқандай, «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық».
Сонда мені қолға қалам алдыруға мәжбүр етіп отырған не?
Сайлау. Президент сайлауы.
Біз сайлаудың неше түрін көрген адамдармыз. Бала күнімізде сайлау деген кәдімгі бір мерекедей болатын. Мерекедей болғаны емес пе, сол күні туған ұлдарға Сайлау, Сайлаубек, қыздарға Сайлаугүл деген сияқты есімдер беріп те жататын. Соғыстан кейінгі елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдардағы сайлаулардың бәрі бір-бірінен айнымайтын. Бір округ бойынша «Коммунистер мен партияда жоқтардың мызғымас блогынан» бір ғана кандидат ұсынылады. Оның сайлауалды бағдарламасын ауыл-ауылдағы мектеп, кітапхана, кеңсе сияқты көрнекті жерлерге жапсырып қоятын. Оны оқып, талқылап жатқан ешкім жоқ. Өйткені, онымен таласатын ешкім жоқ. Содан сайлау болатын күні бірдеңеден құр қалатындай таң азаннан тұрып алып, әке-шешелеріміз сайлау учаскесіне кететін. Бірауыздан дауыс беріп келетін. Кейін біз де сөйттік. Кейін өзіміз де ат жалын тартып мініп, азамат болдық, ел көзіне түстік, қалалық, облыстық кеңестерге, бара-бара Жоғарғы Кеңеске де депутат болдық. Жалғыз өзіміз түсіп, бәйгеден «дара» келетінбіз. Бұл жағдай «қайта құру» басталғанда ғана өзгерді. Өзгергенде де қатты өзгерді. «Альтернатива» деген шықты. Бір орынға он, тіпті одан да көп адамның ұсынылуы қалыпты жайға айналды. Кандидаттардың бір-бірін беттен алып, жаға жыртысуына да жұрттың көзі үйренді. Нағыз тартыс сонда болды. Құдайға шүкір, ол сайлауда да бағым жанып, КСРО Халық депутаттары съезінде ел атынан бірнеше рет сөз де сөйледім. Сөйтіп жүріп ол кезеңнен де өттік. «Демократияның балалық ауруынан» айыққанымыз тәуелсіздіктің таңсәрі шағында жақсы танылды. Егемен еліміздің Тұңғыш Президентін сайлайтын тұста халқымыз асылды айнытпай ажырататын ардақты дәстүріне беріктігін көрсетті. Ел бағына туған ерге – Қазақстанды өте бір күрделі кезеңнен аман-есен алып шыққан, көп тілді, көп дінді жұртты дау-шарға ұрындырмай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті жағдайда, тұтас күйде тәуелсіздікке жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевқа толық сенді.
Содан бергі жиырма жылға жуық уақыттың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы ел сенімін абыроймен ақтаумен келеді. Еліміз небір қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен өтті, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығының соңына дәулетіне сәулеті сай, бүкіл әлем білетін, білетін ғана емес-ау құрмет тұтатын ел болып жетті.
Бұл жағын енді көбейтіп, таратып айтып жатпай-ақ қояйын. Әйтпесе, сөз санап, сөйлем сығалап отырғандар мені Назарбаевтың сайлауалды үгітін жүргізіп отырғандай көруі де мүмкін. Нұрсұлтанға ондай үгіттің қажеті де шамалы. Мына сүттей ұйыған ел, түбегейлі өзгерген жер, сол жердің төсінде бой көтерген мың сан құрылыстар, салынған жолдар, тартылған құбырлар, қазылған каналдар, атқылаған мұнай мен газ, жылдан-жылға өсіп келе жатқан жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, халықтың орташа өмір сүру жасының артуы, өлімнің азаюы, туудың көбеюі... – осының бәрі Назарбаев кандидатурасын қолдауға өзінен-өзі жұмыс істеп тұр. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш. Осы 20 жылдың ішінде қазақтың даласында соғыс оты атылған жоқ, қазақтың баласы да, басқаның баласы да қантөгіс өртінің шарпуына шалынған жоқ. Жақында Маралтай деген талантты жігіттің бір өлеңін оқыдым. Былай депті:
Қанша құмар болсаңдар да даңққа,
Тас лақтырып, күл шашпаңдар алыпқа.
Ең данышпан ұлы патша сол патша –
Оқтың даусын естіртпесе халыққа!
Айтқан-ақ қой. Назарбаев халыққа оқтың даусын естірткен жоқ. Біз бейбіт күннің бағасын білуге тиіспіз.
Назарбаевтың мемлекет басқару өнерін бүкіл әлем мойындап отыр. Оны көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Менің айтпағым ол емес. Менің айтпағым сайлау алдындағы қазір қалыптасқан жағдай.
Газеттерден көңіліме қонған мақалаларды қиып алып, сақтап жүретін әдетім бар. Сондайлардың бірі «Егемен Қазақстанға» алдыңғы жылы шыққан сұхбат – бәріміз ат үстінде жүргенінде ғана емес, аттан түскенінде де аузына қарап, қатты қадірлеп-құрметтеген, өмірден өткеннен кейін де халық көңіліндегі биік тұғырында тұрған асыл ағамыз Бәйкен Әшімовтің соңғы сұхбаты. Жақында тағы бір қайтара оқыдым. Жарықтық бәрін айтып кеткен екен ғой. Өзінің өмірін де әсерлі әңгімелепті, елдіктің мәселелерін де жеріне жеткізе көтеріпті. Мына қазіргі жағдайды да алдын ала ескертіпті ағамыз.
Бәйкен Әшімұлы сол сұхбатында былай депті: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің арқасында, ел бастаған еріміз деп бүкіл халық болып сенгеннің арқасында, азаматымыз алға апарады деп соңынан ергеннің арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жатыр. Ана талапты сақтаймыз, мына жердің көңілінен шығамыз деп жүріп, саяси тартыстарды қолдан ұйымдастырып, көш қарқынын қолдан кідіртетін, сөйтіп дағдарыстан кейінгі дамуды ойластырып жатқан, соны жүзеге асырып жатқан елдің есін кетіретін, халықты текке ырың-жырың ететін, жасампаздық істен алаңдататын қадамдардың ешқайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін біз қолда бар мүмкіндіктердің бәрін де жасауымыз керек. Өзіміз үшін жасауымыз керек. Болашағымыз үшін жасауымыз керек. Елбасы өкілеттілігін ұзарту Парламент шешімімен жасала ма, әлде бүкілхалықтық референдум арқылы шешіле ме – ол жағын заңгерлер, саясаткерлер анықтай жатар. Бірақ, қалайда мынандай жауапты шақта жауапты шешім қабылдауымыз керектігі сөзсіз. Ұлттың ұлы мұраттарын бәрінен биік қоятын ел екенімізді білдіргіміз келсе, солай еткеніміз дұрыс.
...Тоқсаннан жасы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі, ердің мерейі керек. Соның бәріне халқымызды жұмылдыратын, алыс асқарларға ұмтылдыратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен біздің алар асуларымыз әлі алда. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Нұрсұлтан қазір нағыз кемеліне келді. Қай жағынан да. Қандай биіктен қарағанда да. Азаматтың тілеуін тілейік, ағайын! Тілеуін тілеу деген ең алдымен Елбасымыз бастаған ұлы іске тірек болудан, қолдау көрсетуден танылуы тиіс. Ежелден елдікті ерекше қадірлеген халқымыздың мемлекет мұратын бәрінен жоғары қоятынына мен сенемін».
Нағыз абыз ақсақалдың аманаты емес пе бұл сөздер, ағайындарым-ау?! Бұдан артық қалай айтуға болады?
«Мына қазіргі жағдайды да алдын ала ескертіпті» дегенде мен осы президенттік сайлаудың, Бәйкен аға айтқандай, елдің есін кетіретін, халықты текке ырың-жырың ететін, жасампаздық істен алаңдататын» шаруаға айналып кетпеуіне алаңдап отырмын. Сексеннен жасы асқан мына маған да енді тек елдің тыныштығы керек. Жасарымды жасадым, көрер құрметімді көрдім, бәріне тәубе. Біздің халқымыз ежелден ел бастаған ерді ерекше қастерлейтін, ел бастаушының қызметін де бөлекше құрметтейтін. Мына сайлаудың алдындағы жағдай еліміздің осы дәстүріне де сызат түсе бастағандай әсер қалдырады.
Олай демей қалай дейін енді? Жап-жақсы бастама көтеріліп еді. Бүкілхалықтық референдум өткізіп, оның күн тәртібіне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мәселесін елдің талқысына салу жөнінде. Бастаманы халық қолдап әкетіп еді. Референдум деген халықтың еркін білдірудің бір түрі. Сайлау да соның бір түрі. Референдумда да мәселені халық таңдауы шешеді. Халықтың басым бөлігі қолдаса – президенттік өкілеттік ұзартылатын еді, қолдамаса – ұзартылмайтын еді. «Назарбаев Президент болып қашанғы отыра береді, көп мәселе шешілмей жатыр, соны шешетін, лайықты басқа адам бар» деп санасаңыз бюллетеньдегі «жоқ» деген тұсқа белгі қоясыз. Бәрі де ап-айқын емес пе? Тіпті референдум өткізу керек те көрінген. Маған салсаңыз, жеке пікірімді айтар болсам, сол референдумның өзі дұрыс еді. Бұл мәселені референдум жолымен шешкенімізде халқымыз он жыл бойы жасампаздық жұмыспен алаңсыз айналысар еді. Бірақ, біз мына әлемде жападан-жалғыз емеспіз. Дүниенің, әсіресе өркениетті дүниенің өз заңдылықтары бар. Кеше ғана ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, демократияны дамудың даңғыл жолы ретінде ұстанып отырған біздің еліміз ол заңдылықтарға, сөз жоқ, бағынады. Сондықтан да Елбасымыз осы мәселеге өте терең қарап, болашақтағы президенттерге жағымсыз прецедент жасамауды мақсат тұтты, Ата Заңға құрметпен қараудың үлгісін көрсетті. Миллиондаған адамдардың референдумды қолдаған пікірін де ескерусіз қалдырмады. Қиын түйінді даналықпен тарқатты. Өзінің өкілеттігі екі жылға шегерілетініне қарамастан, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде шешім қабылдады. Дұрыс жасады. Әйтпесе, әлемдік қоғамдастықтағы түсініспестікті былай қойғанда, ішіміздегі оппозицияның өзі-ақ «референдум арқылы өкілеттігін ұзартып алды, баламалы сайлауға түскен жоқ» деген сияқты айыпты бетіне баса беретін еді.
Иә, Елбасымыз дұрыс жасады. Ал біз дұрыс жасап отырмыз ба? Ойланайықшы. Осы қазір сайлауға байланысты не істеп жатырмыз өзі?
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған тізімді қарап отырсам, президенттікке үміткер 22 адамның 18-і өзін-өзі ұсынушылар екен. Түнде түс көріп, түсіңізде өзіңізді Президент орынтағында отырғандай елестетсеңіз болды, таңертең барасыз да тиісті тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына кандидаттыққа үміткер болып тіркеле саласыз... Бәрі заңды. Формасы – «өзін-өзі ұсыну». Енді қалғаны Лингвистикалық комиссияның сынағынан өту, одан өтсеңіз жақтастарыңызды жауып, тамыр-таныстарыңызды тартып, ағайын-туғанды аралап жүріп тиісті қолдаушылар қолын жинап шығу, орысша айтқанда, «дело техники». Содан кейін Қазақстан Президенті сайлауына түскен адам ретінде тәуелсіздік тарихына енесіз, немере, шөберелеріңіз «Біздің атамыз кезінде президенттік сайлауға түскен кісі екен» деп мақтан етіп, атыңызды аңызға айналдырады. Және бәрі рас. Ғажап!
Сүйегі қатайып кеткен егде жастағы кісілер демократияның талаптарын толық ескере бермейді деп кінәласаңыз кінәлаңыз, ағайын. Әйтсе де мен, басқа-басқа, дәл президенттік сайлауға келгенде осы «самовыдвижение» дегенді қолдай қоймаймын.
Күнде теледидар қараймыз, күнде газет оқимыз. Саясат сайысына кімдер түскелі жатыр екен деп елеңдейміз. Шыны керек, көбіне-көп қарадан қарап отырып қарның ашады. Тіпті бар ғой, намысың келеді. Өмірдің үлкен мектебінен өту, басшылық жасау тәжірибесіне ие болу тұрмақ, қарақан басын зорға алып жүрген адамдардың, жұмыссыз бос жүргендердің президенттікке түсемін, жеңіп шықсам мынаны, мынаны жасаймын дегендеріне не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Сайлау туралы заң өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік береді екен деп осыншалыққа баруға бола ма?!
Ана жылғы президенттік сайлау кезінде марқұм Жарасқан ақынның бір топ эпиграммалары газетке шыққаны есімде. Президенттің өзінен бастап кандидаттардың бәрін бір-бір шымшылап өткен еді. Сонда мұнай саласында жұмыс істейтін бір жігітке жазған эпиграммасының соңғы екі жолы есімде қалып қойыпты. «Әрине, жақсы кәсіп – мұнайшылық, сонда да болу керек құдайшылық»... Рас қой. Құдайшылық болу керек. Шын мәнінде, өзіме салса, қазіргі сайлауда кандидаттыққа тіркелгелі жүргендердің арасынан саясаттың ыстық-суығын көрген, биліктің де баспалдақтарынан өткен, айтса аузынан, істесе қолынан келетін деп тек Ғани Қасымовты айтар едім. Журналистерге қазақша сұхбатын жөндеп бере алмай жүріп, тіл сынағынан қалай өтіп кетті десем, бұл жерде де оның кәнігі саясаткерлігі танылған екен. Өзінің шамасына қарап, қысқа-қысқа сөйлемдермен, тақ-тұқ етіп жазып, әріп қателерін аз жіберуді алдымен ойлапты. Айланың өзі де ақылдың бір түрі ғой. Ең бастысы – Ғани Қасымов маған билікке қарсы электорат та қолдау көрсетеді деп отыр. Мейлі. Бұл арқылы да біздің азаматтарымызға таңдау мүмкіндігі көбейе түседі.
Мен президенттікке кандидаттыққа түсіп жатқан адамдардың қадір-қасиетіне тоқталғым келмейді. Ешқайсысының да атын атап, түсін түстемеймін. Алда-жалда біреу-міреуі «жеке басыма тіл тигізді» деп арыздана қалса, сотқа сүйреленіп жүрер жағдайым жоқ. Бірақ осы елдің бір азаматы, депутат та болған, министр де болған, өмір көрген кісі ретінде қазір сайлауға түсуден үміт етіп жүрген азаматтардың кейбіріне: «Айналайындар, әлі де ойланыңдар, айналамен ақылдасыңдар, көктегі айға қол созып, өздерің де күлкі болмаңдар, президенттік сайлаудың да бағасын түсірмеңдер, елдің қазынасын текке рәсуа етпеңдер, шамаларыңды қарап, ыңғайы болса өз кандидатураларыңды тағы да сананың сарабына салып салмақтаңдар, өз мүмкіндіктеріңді өлшеңдер», дегім келеді. Осылай деу заңға томпақтау болса да айтып отырмын.
Заң демекші, қатып қалған ештеңе жоқ. Жайы келсе қолданыстағы заңнамаларды қайта қарап, өзгерістер мен толықтырулар жасап, биылғыдай жағдайды болдырмаудың алдын алуға әбден болады деп ойлаймын.
Кандидаттарды қолдаушылардың қолын жинайтын азаматтарға да тілегім бар. Олар да бұл жауапты іске барынша жауапты қараса деймін. Жұртшылық та қолдау парағына қол қоярда әй бір қызық болсын, өзінің талайынан көрер, жолына кедергі тұрмайын демей, көңілжықпастық көрсетпей, бұл іске елдіктің бір сынағы ретінде қарауға тиіс.
Тақты тәлкек етуге болмайды. Елдегі ең басты, ең лауазымды қызметтің қадірін түсіруге жол бермеуіміз керек. Хадисте «Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген сөз бар. Ел басшысының біздің өміріміздегі орнына сондайлық құрметпен қарағанымыз жөн. Ол үшін осы қызметке сайланудан үміт етудің өзіне талапшылдық танытқанымыз абзал. Сонда ғана ел ертеңіне жауапты ұрпақ екенімізді көрсетеміз. Өз басым халқымыздың 3 сәуір күні елдік қалауын жасайтынына сенемін.
Президент сайлауы бәріміз үшін ортақ сынақ – парасат сынағы екенін ұмытпайық.
Арзандамайықшы, ағайын!
Еркеғали РАХМАДИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері.