27 Қыркүйек, 2016

Киіз үйден де айырылып қалмасақ

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
немесе голливуд киносындағы ақшаңқан үйлерді көрген соң туған ой Ағылшын жазушысы Хелен Филдингтің әлемге әйгілі кітабының желісі бойынша Лондонда түсіріліп, жуырда Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастаған «Бриджит Джонстың баласы» фильмінен қаз-қатар тігіліп тұрған киіз үйлерді көріп, еріксіз қайран қалдық. Кәдімгі біздің қазақтың киіз үйлері. Ою-өрнегі, уық, керегесі, бәрі-бәрі айна-қатесіз сол қалпында тұр. Осыған орай, «Көшпелілердің киіз үйі шетелдік танымал фильмдерінің сюжеттерінде осылай түсіріле беретін болса, ертеңгі күні бір киностудияның оны меншіктеп патенттеп алмастарына кім кепіл?» деген ой еріксіз қылаң берді. «Көшпенділердің киіз үйі», «қазақ киіз үйі» деген сөздер біздің жадымызда тұрақты тіркес іспетті сақталып қалған. Сонау ғасырдан бері көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қолайлы, оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, тігіп алуға да болады. Осындай тұрмысқа ыңғайлы ерекшеліктері арқылы «киіз үйіміз» сұранысқа ие болып тұр ғой. Алайда, киіз үйдің әу бастан-ақ көшпелілердікі екені өзімізге ғана аян сияқты. Ендеше, осындай ұлттық құндылықтарымызды қолдан шығарып алмай тұрып неге патенттеп алмаймыз? Қымызымызды патенттеп алайық деп жар салып жүргенде, неміс халқы «жылқы сүтінен алынатын қышқыл сүт өнімі» деп патенттеп алды емес пе? Тағы бір ұлттық құндылығымызды дәріптейтін «Көкпар» ойынын қырғыздар өздеріне меншіктеп кетті. Осы секілді әттеген-айлап жүрмейміз бе? Ал, кинодағы көрініске қайта бір соғар болсақ, қазақ киіз үйін голливуд киногерлері қаншалықты заңды пайдаланып жүр? Мәдени құндылығымыз ғой ол біздің. Халықаралық нормалар бұған не дейді? Білікті заңгерлердің ой таразысына салатын сұрақ екені сөзсіз. Айтпақшы, Хелен Филдингтің кітабының «Бриджит Джонстың күнделігі» атты бірінші бөлімінің өзі 15 000 000 данамен сатылған еді. Фариза Бауыржанқызы