Сайлау – 2011
23 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста үш мәселе – Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттар Құрманғазы Рахметов пен Жақсыбай Бәзілбаевтың ел Конституциясында, сондай-ақ «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы және Мейрамкүл Қожағұлованы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат етіп тіркеуден бас тарту туралы мәселелер қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің хабардар етуінше, президенттікке кандидаттар Құрманғазы Рахметов пен Жақсыбай Бәзілбаев Конституция және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкес деп анықталған. Өйткені, бұл кандидаттар жөніндегі негізгі құжаттар тиісті мемлекеттік органдардан келіп түсті. Сонымен қатар, үміткерлер 22 ақпанда Лингвистикалық комиссияның сынағынан ойдағыдай өтті. Оларға сайлаушылардан қол жинау үшін қол қою парақтары берілді.
Ал Мейрамкүл Қожағұлова 18 ақпанда өзін-өзі ұсыну жолымен Орталық сайлау комиссиясына өтініш берген болатын. Әсілі, ол 22 ақпанда сағат 11.00-де Лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде сынақ тапсыруы тиіс еді. Өкінішке қарай, комиссия отырысына келмеді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Мейрамкүл Қожағұлованы Конституцияның және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптары бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгергендігіне сәйкестігі анықталмады деп тауып, оны Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің отырыста мәлімдегеніндей, Орталық сайлау комиссиясы Мейрамкүл Қожағұловаға Лингвистикалық комиссияның отырысына қашан келуі керектігі жөнінде алдын ала ресми хат та жіберіпті. Тіпті, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері онымен жолығып, ескерткен де екен. Телефон арқылы хабарласыпты да. Ол сынақ тапсыратын күні телефонын өшіріп, үн-түнсіз жатып алған.
* * *
23 ақпан, сәрсенбі күні Лингвистикалық комиссияға президенттікке өзін-өзі ұсынған үш кандидат, ретімен айтқанда, сағат 11.00-де Мұрат Телібеков, сағат 15.00-де Біржан Ділмағамбет, сағат 17.00-де Серік Сапарғали сынақ тапсырулары тиіс еді. Өкініштісі сол, сағат 11.00-ге белгіленген Лингвистикалық комиссияның отырысына Мұрат Телібеков келмеді, қара көрсетпеді. Комиссия мүшелері мен БАҚ өкілдері оны бір сағатқа жуық күтті. Ешқандай хабар жоқ, ұялы телефоны өшірулі.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков үміткер Мұрат Телібековтің бұл әрекетін жауапсыздыққа балап, орынды реніш білдірді.
Лингвистикалық комиссияның отырысына президенттікке кандидат Мұрат Телібеков келуі керек еді. Міне, оны бір сағаттай күттік, – деді комиссия төрағасы. – Ол келмеді. Сондықтан одан сынақ алу өткізілмейді. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірнеше рет телефонына қоңырау шалып та көрді. Телефон өшірулі, жауап жоқ. Әр азамат заңды сыйлауы, құрметтеуі керек. Ол осында қаншама адам күтіп отырғанын жақсы біледі. Ең болмаса, өзінің келе алмайтынын телефонмен айтуына болар еді ғой. Мұны жауапсыздық деп есептеймін.
Президенттікке кандидаттыққа өзін-өзі ұсынған Біржан Ділмағамбеттің Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыруы тез әрі «қызық» болды. Сынақ қабылдайтын залға кіріп, орындыққа отырғанымен, ол өзінің сынақ тапсырудан бас тартатынын мәлімдеп, орнынан тез көтерілді. Оның Лингвистикалық комиссия мүшелерінің бәріне өкпесі бар көрінеді. «Ол кісіні қазір мен сіздерге айта алмаймын, – деді Біржан Ділмағамбет журналистерге. – Егер комиссия мүшелерінің құрамында өзгерістер болатын болса, сынақ тапсырудан бас тартпаймын».
Кейін белгілі болғанындай, 50 жастағы үміткер Лингвистикалық комиссияның төрағасына «өкпелі» екен. Осыған байланысты комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков те мәлімдеме жасады. Оның мәлімдеуінше, осыдан 36 жыл бұрын «Пионер» журналында дүлдүл ақын Кенен Әзірбаевтың 90 жасқа толуына орай «Тоқсандағы тарлан» деген мақала жарияланыпты. Мақаланың қысқаша мазмұны мынадай: Кенен Әзірбаев 90 жасқа толғанда ақынды құттықтауға Алматы қаласынан бір топ пионер келеді. Олардың арасында президенттікке кандидат қазіргі Біржан Ділмағамбет те бар екен. Қарт ақын балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, ақ батасын беріпті.
– «Сіз мынаның бәрін көп бала келді, батаны маған емес, балаларға беріпті деп жазыпсыз», – деді Мырзатай Жолдасбеков үміткердің «өкпесі» жайында. – Өзім не үшін кінәлі болғанымды түсінбей қалдым. Бұл – білместіктің белгісі. Қайта ол: «Аға, мынаны 36 жылдан бері сақтап жүрмін, рахмет. Мені үлкен бір кейіпкер ретінде жазған екенсіз, ризамын. Көрдіңіз бе, 36 жылдан кейін алдыңызға емтихан тапсыруға келіп отырмын» десе, жүрегім жылып қалар еді ғой.
Комиссия төрағасының айтуынша, аталған мақаланың авторы өзі емес. Біржан баланың кім екенін білмейді. Мақаланы Жолдасбековтің кітаптарын пайдалана отырып, журнал редакциясы жазуы мүмкін. Бұл тырнақ астынан кір іздеудің бір түрі.
Ал үшінші кандидат Серік Сапарғали Лингвистикалық комиссияның сынағынан сәтті өтті. Осыған байланысты комиссия мүшелері президенттікке кандидатты мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгерген деген ұйғарым жасады.
Комиссия төрағасының хабардар етуінше, Серік Сапарғали «Қыз өссе – елдің көркі» деген тақырыпта үш беттік шығарманы сауатты жазған. Емле қатесі жоқ, тыныс белгілерінен – екі, стильдік екі қате жіберген. Сондай-ақ, ол Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын өте жақсы оқыған. Ал «Саламатты өмір салты» тақырыбында да еркін сөйлеп, өзінің өмірден көрген-түйгендері мол азамат екендігін көрсете білген.
* * *
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста Мұрат Телібеков пен Біржан Ділмағамбетті президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы және президенттікке кандидат Серік Сапарғалиды Конституцияда және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы мәселелер қаралды. Аталған мәселелер жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов баяндама жасады.
ОСК хатшысының хабардар еткеніндей, үміткер Мұрат Телібеков 23 ақпанға белгіленген Лингвистикалық комиссияның отырысына келмеді. Біржан Ділмағамбет комиссия отырысына келгенімен, сынақ тапсырудан бас тартты. Орталық сайлау комиссиясы М.Телібеков пен Б.Ділмағамбетті Конституция мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі бөлігіндегі талаптарына сәйкестігі анықталмады деп тауып, оларды президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы, ал үміткер Серік Сапарғалидың заңнамаларда қойылатын талаптарға сәйкестігі анықталғандығы туралы қаулылар қабылдады.
Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Лингвистикалық комиссияның отырыстарына себепсіз келмеген, келсе де сынақ тапсырудан бас тартқандардың іс-әрекеттері ОСК бюджетіне едәуір шығын келтіретіндігін, сондай-ақ ОСК мен Лингвистикалық комиссияның жұмыстарына нұқсан тигізетіндігін атап өтті. Оның айтуынша, қалааралық телефон байланысына шығып, олармен хабарласуға, басқа да қызмет түрлеріне қомақты қаржы кетеді. Ал босқа кеткен сол қаражат салық төлеушілерден құралған.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.