28 Қыркүйек, 2016

Тергеуге түскен тергеуші

612 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
sotҚызылорда қалалық ішкі істер басқармасы штаб-бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ардақ Қоразбаевтың анасынан редакциямызға хат келді. Онда баласының бір жылда тергеген жүздеген істерінің ішінде бір қылмыстық іс бойынша қыспаққа түскендігін жазыпты. Жолдасы, яғни, Ардақтың әкесі Хұсайын Асанұлы Қоразбаев осы салада 37 жыл жұмыс істесе, оның әкесі Асан Қоразбаев ҰОС ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдердің иегері. Осындай үлгілі заңгерлер отбасынан шыққан баласының басына қара бұлт үйірілгеннен кейін кейуана қолына қалам алыпты. Ардақ өзінің жұмыс нәтижесі үшін бірнеше рет марапатталған. Жақында біліктілігінің арқасында штаб-бөлімшесінің бастығы болып жоғарылатылып, полиция майоры шенін алған екен. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Заң институтын 2008 жылы үздік «Ерекше дипломмен» аяқтағаннан бері тергеуші лауазымында жұмыс істеп келе жатқан көрінеді. Қалай болған күнде де тәжірибелі тергеуші саналатын полиция майоры Ардақ Қоразбаев аса ірі көлемде алаяқтық жолмен қарызға ақша алған Тынышкүл Балғабаеваның ісін тергей бастады. Енді осы іс дауға айналып отыр. Негізінен, аталған іс бойынша Қызылорда қаласының № 2 сотының 11.02.2015 жылғы үкімімен Т.Балғабаева кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленуге жатқызылған. Және де бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, оны түзеу колониясының жалпы режімінде өтеу белгіленген. Бұдан басқа, мемлекет пайдасына алынатын соманы айтпағанда, талапкер Күміс Жарасқызының пайдасына 15080000 теңге мүліктік залал өндіруге де үкім етілген. Қылмыстық істің байыбына бару үшін, алдымен, дау неден басталғандығына үңілгенді жөн көріп отырмыз. 2013 жылы қаңтар айының басында Т.Балғабаева танысы К.Жарасқызынан жолдасының қозғалмалы және жылжымайтын мүліктерін сатқандығын естіп, қылмыстық ниеті туындаған. Реті келгенде өзінің күйеуі К.Амировтың атындағы «Амиров К.Т.» жеке кәсіпкерінің атынан Қытайдан комбайндар мен «Беларусь» тракторына қосалқы бөлшектер әкеліп жүргендігін, қажет болса 35000 АҚШ долларына Камаз автокөлігін жеткізіп бере алатынынан құлаққағыс етеді. Және де сол жүк көлігін ірі компанияларға жалға беріп, пайда таба алатынын айтып, сеніміне кірген. Бұл пиғылын Т.Балғабаева 2013 жылдың 18-ші қаңтары, сағат 19:30 шамасында жүзеге асырған. Жәбірленуші К.Жарасқызының үйіне барып, оның ұлы Е.Бисариевтің, қызы Қ.Алматтың және туысы Қ.Боранбайқызының көздерінше Қытайдан жүк көлігін 2013 жылдың наурызына дейін әкеліп беремін деп 35000 АҚШ долларын және қарызға деп 65000 АҚШ долларын алып, өз пайдасына жұмсап жіберген. Тіпті, алаяқтық іс-әрекетін жүзеге асыру үшін қолхат та жазып беріпті. Алайда, Т.Балғабаева басты сот талқылауында өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, 2008 жылы өзіне тиесілі үйді сатып жібергендіктен, жәбірленуші К.Жарасқызының үйін айына 10000 теңгеге жалға алып тұрған. Тағы белгілі болғаны, 2013 жылдың қараша айында жәбірленуші К.Жарасқызының ұлы Е.Бисариев пен Т.Балғабаеваның қызы Г.Қадірбекқызымен үйленіп, құдандалы болып, 2014 жылдың сәуірінде қызы жүкті кезінде жас­тар ажырасып кеткен. Бұл ретте Т.Балғабаева бұрынғы күйеу баласы Е.Бисариев өзіне «бизнеспен айналысу үшін 100000 АҚШ долларын қарызға берейін, айналдырып 40000 АҚШ долларын қосып берсеңіз», деп өтініш айтқанын да келтіріпті. Және де Т.Балғабаева алдын ала дайын­далған қолхатқа ақшаны алмай тұрып қол қоя салғандығын жеткізген. Осы орайда қолхаттың түпнұсқасын компьютерден «Ин­Кейс» бағдарламасы бойынша іздеу нәтижесінде басылымның сақталғаны, оның қолдағы нұсқа мәтінімен толық сәйкес келетіні анықталған. Онда «арыз өз сөзіммен менің айтуым бойынша дұрыс жазылды және оқып шықтым» деген сөздері де жүр. 2014 жылдың тамызында «Қазпошта» арқылы К.Жарасқызы 2012 жылы өзі одан 100000 АҚШ долларын қайтаруын сұрап арыз жолдағанын, өзінің ол хабарламаға мән бермегендігін келтіріпті. Дей тұрғанмен, сотталушы Т.Балғабаева өз қылмысын мойындамай, аталған қолхат тек қағаз жүзінде жасалғанын, оның орындалуы іске асырылмағандығынан таймай отыр. Оның пайымынша, қолхатты қарсы жақ пайдаланып, жала жабуда екен. Қызылорда қалалық соты тарапынан сотталғаннан кейін Т.Балғабаева облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сотына келтірген шағымына сәйкес сот алқасы кәмелет жасына толмаған баласының 14 жасқа келгенге дейінгі уақытқа үкімді ұзартуды шешті. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы да бірінші соттың шешімін дұрыс деп тапқан. Және де 21.09.2015 жылы Жоғарғы соттың қадағалаушы сот алқасы да бұл істі қарап, бұрынғы шығарылған үкімдерді күшінде қалдырған. Ал 2015 жылдың 29 желтоқсанында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы Бас прокурордың наразылығына байланысты істі қайта қарап, қанағаттандырусыз қалдырып, бұрынғы шығарылған үкімдерді дұрыс деп тапқан. Алайда, тергеуші Ардақ Қоразбаевтың үстінен арыз жазу тоқтар емес. Осындай арыздардың негізінде Облыстық ішкі істер департаменті тексеру жүргізген, бірақ заң бұзушылық барлығы анықталмаған. Сол сияқты Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеушісі тарапынан тергеу жүріп, қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған. Бірақ Т.Балғабаева қорғаушысы С.Рах­мановпен бірге Бас прокуратураға арыздан­ғандықтан жоғары жақтың нұсқауы бойынша 09.03.2016 жылы Қызылорда облысы прокуроры Қ.Бөрібаев 2015 жылдың 3 қазандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулының күшін жояды. Аталған іс Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына жолданып, тергеуші Н.Қосмұратов тарапынан 05.04.2016 жылы қайта тоқтату туралы қаулы қабылданады. Бас прокуратураның нұсқауы бойынша белгісіз себептермен енді қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне қайта жолданғаны белгілі болып отыр. Қызылорда облысының үш, ал Жоғарғы соттың екі сатылы соттары қараған іске әлі күнге нүкте қойылмауы, істің бұлайша сағызша созылып кетуі түсініксіздік тудырған. «Неге қылмыстық іс Шымкентке жолданады, әлде Қызылордада маман жоқ па? Сараптама және өзге де іс-әрекеттер үшін мемлекетке қан­шама шығын келді. Сонда Балғабаеваның дәлелін таппаған арызы неге Бас прокуратурада қайта-қайта қарала береді? Неге менің балам шымкенттік тергеушілерге барып, жауап беруге тиіс. Және өзінің кінәсіздігін барып дәлелдеуі тиіс?», дейді К.Қоразбаева. Шынында да Қылмыстық кодекстің 19-бабына сәйкес әркім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Оның үстіне Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған бес институттық реформаның «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­парындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету жайы назардан тыс қалғаны ма, дейді баласының тағдырына алаңдаған ана. Бұл жерде Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде мәселе етіп көтерген полиция қызметкерлерін қорғау жайы назардан тыс қалған ба дерсіз. Өйткені, тергеушінің үстінен тексеру жүргізу мерзімінің ұзаққа созылып кетуі соның бір көрінісі секілді. Енді тиісті органдар бұл мәселеге көңіл аударар деп сенеміз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»