Кеңес өкіметі кезінде ауылдық кеңесте отырған өзге ұлт өкілдерінің кесірінен талайымыздың аты-жөніміз бұрмаланып, әлі күнге соның зардабын тартудамыз. Мәселен, ата-анамның азан шақырып қойған Ердәулет атым «Эрдавлет» болып жазылып кеткен. Мен мұны Тәуелсіздік алған жылдары жөндеп, біржолата «ов»-тан да құтылған болатынмын. Осымен біткен болар деп жүрсем...
Жақында бірінші сыныпқа барған немереме апайы: «Тегіңді өзгерт, не қазақша, не өзбекше емес. Айтылуы қиын екен», дегенді жұқалап жеткізіпті. Сөйтсем, немеремнің тегі «Эрдавлет» екен. Салып ұрып Неке сарайына барайын. Ондағы инспектор қыз уәжімді тыңдап: «Ниетіңіз дұрыс, ол үшін өзіңізден бастау керек. Сонан соң ұлыңызға көшеміз, ал немерелеріңіз соңынан. Ол үшін өзіңіздің Туу туралы куәлігіңізді әкелесіз», деген соң жердің шалғайлығына қарамастан айтқан бұйымтайын тауып келдім.
Куәлікті әрі-бері төңкеріп көрген инспектор:
– Енді әке-шешеңіздің Туу туралы куәліктерін әкеліңіз, – дегенінде шарт кеттім.
– Тегін өзгертетін немереме сүйектері әлдеқашан қурап кеткен менің әке-шешемнің не қатысы бар. Айналайын-ау, мынауың қып-қызыл текті өзгерту емес, ата-текті түгендеу болып кетті ғой. 40 жыл бұрын қайтыс болып кеткен әкемнің Туу туралы куәлігін қайдан табамын, – десем:
– Бізде заң солай! – деген жауабын естідім.
Осы уақытқа дейін талай қызықты көріп едім, дәл мынадай «қызықты», қызықты емес-ау, «шыжықты» бірінші көруім. Тегін өзгертудің мұндай тауқыметі барын білетіндер содан кейін екен ғой, «ов» пен «ова»-дан ажырамай жүргендері. Егер инспектор айтқандай, анық заң солай болса, онда бұл дегеніміз текті өзгертудегі таза кедергі емес пе?
Сұлтан ЕРДӘУЛЕТ
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы