Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.
Форум аясында Тұрақты комитеттің отырысы, сондай-ақ саяси мәселелер және қауіпсіздік, экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта, демократия, адам құқығы мен гуманитарлық мәселелер жөніндегі Жалпы үш комитеттің отырыстары жүруде. Қазақстандықтар Ассамблеяның саяси, қауіпсіздік, сондай-ақ экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі комитеттерге мүше болып табылады. Бұл – Парламенттік Ассамблея қысқы мәжілісінің оныншы кездесуі. Басқосуға 53 мемлекеттен 240 парламентші тіркелген екен және бұл осыған дейін болып келген Ассамблеяның ең ірі қысқы мәжілісі болып табылады. Бірінші күні өткен үш Жалпы комитеттердің бірлескен отырысында Ассамблея Төрағасы Петрос Эфтимиу, Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишер, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис сөз сөйледі. Түстен кейін болған саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі Жалпы комитеттің мәжілісінде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Парламенттік Ассамблея сессиясы ЕҚЫҰ аумағындағы ағымдағы мәселелерді қарастырады. Талқылау тақырыптарының қатарында Беларусьтегі ахуал мен Минскідегі ЕҚЫҰ Офисінің жабылуы, Қырғызстандағы жағдай, ЕҚЫҰ реформасы, БАҚ бостандығы, демократия мен адам құқықтарының сақталуы, ұзаққа созылған жанжалдар, Еуропа қауіпсіздігінің келешегі турасындағы үнқатысу және басқалары бар. Әрине, форум делегаттары тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық өте жоғары. Былтырғы жылы төрағалықты үздік атқарып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен он бір жылда тұңғыш рет жоғары деңгейдегі саммиті ұйымдастырып, ЕҚЫҰ-ның одан арғы бағдарын айқындаған Астана Декларациясының қабылдануына барынша күш-жігерін салған Қазақстан өзінің артынан орасан саяси мұра қалдырды. Ал биылғы жылы Үштікке мүше ретінде өзінің ЕҚЫҰ-дағы белсенді саясатын жалғастыруда. Мираскерлік пен сабақтастықты қамтамасыз ететін бұл органның күнделікті жұмысымен бірге Қазақстан ЕҚЫҰ-ның азиялық әріптестерімен ынтымақтасу жөніндегі байланыс тобына төрағалық етуде. Бұл топқа 56 мүше мемлекетпен қоса, ынтымақтастық жөніндегі әріптес дәрежесіне ие алты азиялық ел кіреді. Олар – Австралия, Ауғанстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Таиланд және Жапония. ЕҚЫҰ Астана Декларациясында әріптес елдермен ынтымақтастық деңгейін көтеру қажеттілігі айтылған. Құжатта, атап айтқанда, «аймақтық қауіпсіздік көршілес аймақтардың қауіпсіздігімен тығыз байланысты, әсіресе, Жерорта теңізі аймағы мен Азияда» делінген. 2011 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде тағы бір жауапты әрі маңызды миссияны жүзеге асырады. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында еліміз ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумына төрағалық етеді. Бұл форумның жұмысы Парламенттік Ассамблея мәжілісінің күн тәртібінде ерекше орын алмақ. Форум Тұрақты кеңес, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және саммитпен қатар ЕҚЫҰ-ның ресми шешімдер қабылдайтын дербес нұсқаушы органы болып табылады. Форум қатысушы-мемлекеттердің тұрақты өкілдерінен тұрады және ЕҚЫҰ аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы әскери-саяси саладағы нақты шаралар жөнінде кеңестер мен келіссөздер өткізу мақсатында Ұйымның Венадағы Штаб-пәтерінде апталық жиналыстар ұйымдастырады. Қару-жарақты бақылау, қарусыздану мен сенім шаралары, қақтығыстардың пайда болу қаупін мейлінше азайту жөніндегі келіссөздер, қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты кеңестер, сенім шаралары мен қауіпсіздік мәселелерінің жүзеге асуын бағалау жөніндегі жылдық жиналыстар, әскери доктриналар жөніндегі семинарлар ұйымдастыру форум міндетіне жатады. ЕҚЫҰ-ның атқарушы құрылымдарында қазақстандық өкілдер бүгінде өз жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Ал биылғы қаңтар айында ЕҚЫҰ-дағы Литва төрағалығы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Елші Әділ Ахметовті Іс басындағы төрағаның Мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі ретінде қайта тағайындағанын атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстанның Ұйымның үш өлшемінің жұмысына белсенді қатысуы жалғасуда. Астана ЕҚЫҰ-ға Литва төрағалығымен тығыз өзара қарым-қатынасқа және оның 2011 жылғы бағдарламасын жүзеге асыруда атсалысуға дайын екендігін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Қ.Тоқаевтың Венаға сапарының бағдарламасы австриялық және халықаралық саясаткерлермен, сарапшылармен екіжақты кездесулерге толы. ЕҚЫҰ ПА Президенті П.Эфтимиумен, осы ұйымның құрметті төрағасы Жоао Соарешпен және ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Спенсер Оливермен кездесулер барысында парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директоры Янеш Ленарчичпен кездесу барысында Қ.Тоқаев биылғы сәуір айындағы президенттік сайлау қарсаңындағы Қазақстандағы жағдай туралы жан-жақты хабардар етті және Қазақстан мен ЕҚЫҰ, оның ішінде ДИАҚБ-мен ынтымақтастық президенттік сайлау барысында да табысты жалғаса беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Я.Ленарчич ЕҚЫҰ алдағы сайлау үдерісіне зор ықылас білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда халықаралық ережелер мен қағидаларға сәйкес байқаушылар тобы жұмыс істейтін болады. Олар сайлау үдерістерін нақты әрі шынайы бағалайды, деді Я.Ленарчич. Қазақстан делегациясы басшысының Австрия Республикасының Федералды Президенті Хайнц Фишермен кездесуінде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев былтырғы желтоқсандағы Х.Фишердің Қазақстанға сапары «табысты және жемісті» болғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Х.Фишерге Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ізгі тілектестігін жеткізді. Одан басқа, Қ.Тоқаев Монтерей халықаралық зерттеулер институты қаруды таратпау мәселелерін зерттеу орталығының директоры профессор Уильям Поттермен кездесті. Қазақстанның осы орталықпен ынтымақтастығының келешегін талқылау барысында У.Поттер 2010 жылғы сәуірдегі Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген бастамаларды жоғары бағалады. Венаға сапарының алғашқы күні еліміздің делегациясы Қазақстанның елшілігі ұйымдастырған Қазақстан-Австрия дипломатиялық қатынастары орнауының 19 жылдығына арналған қабылдауға қатысты.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше