29 Қыркүйек, 2016

Даудың дауасы – мәміле

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
a-tasbolatov-egemenҚазір не көп, дау көп. Бір-бірімен қатар жүрген адамдардың өздері де байқаусызда бірінің аяғын бірі басып кетсе, дауласа қалады. Бұлардың арасында өзгенің өрісін қызғанатындары, жетістігін көре алмайтындары, тіпті өзіне түк зияны тимесе де оған ор қазуға белсене шығатындары қаншама! Неліктен деп ойлайсыз? Оның үстіне, қайсыбір дауласқан адамдар қарсыласын соттатып, тұқыртпай тынбайды. Сондықтан аққа да, қараға да жанталаса күресуге тура келеді. Сосын бұл күрестің шегі мен шеті болмайды. Алайда, сотқа адамдардың көбі тек біреу­ге жаза қолдану немесе соттату үшін ғана бармайды, өздерін нақақ жаладан, лас істен арашалау үшін де барады. Ендеше, «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дау тудырып, жамандық жасайтын да, жақ­сылық әкеліп, жан дүниені жадырататын да адамдардың өздері. Адам қолынан келетін ең оңай іс – осы. Десек те жоғарыда айтылған келеңсіз көрініс­тер қайталана береді. Жалпы, біле-білгенге, заман қиындағанда адамдар біріге түседі дейді, өйткені сол қиындықты көп болып жеңу оңай. Қиындықтан қызықты, жаман­дықтан жақсылықты айналасына алып бере алатын кеңпейілді жандар көп болса екен дейміз. Осындайда көпті көрген данышпаннан сұраған ғой: «Неліктен бір адамдар мейірімді әрі адам­гершілігі мол, ал қайбіреулері керісінше, қайырымсыз және пәле қуғыш болып келеді», деп. Сонда көпті көрген ақсақал біраз ойланып барып: «Мен адамдардың екі топқа бөлінетінін өз тәжірибемнен білемін. Олардың бір тобы кәдімгі шыбынға ұқсайды. Бақта жайқалған, құлпырған, хош иісті қаншама керемет гүлдер қол бұлғап шақырып тұрса да онда ұшып келген шыбын, сол бақтың түкпіріне түсіп қалған малдың бір қиын тауып, соған барып қонады. Ал сол шыбыннан раушан гүлі қай жерде өседі деп сұрай қалсаңыз, ешқандай жауап қайтара алмайды. Өйткені, ол оның не екенін білмейді. Алайда, шыбын қай жерде жуынды төгілгенін, қай жерде дәретхана бар екені мен қай жерде малдың қиы жатқанын айтып бере алады...», деген екен. Міне, расы керек, қайсыбір адамдар осы шыбын секілді. Олар өмірлерінде тек пәле мен ластықты іздеп қана үйренген, сондықтан өзгелерден де соны ғана іздейді. Одан әрі ойын жалғаған данышпан: «Ал енді адамдардың екінші тобы ара секілді. Араларды өздеріңіз де білесіздер, олар тек сұлулық пен тәттіге үйір. Сондай бір ара қоқыс пен нәжіс төгілген алаңға ұшып келсе де еш жерге қонбайды, тек әлгі қоқыстың арасында ғайыптан тайып бір ғана гүл тұрсыншы, ол сол гүлді тауып, соған ғана барып қонады. Міне, осы араға тіл бітіп, одан жуынды төгілетін жерлер мен қоқыс жәшіктері қайда деп сұрасаңыз, жауап қайтара алмайды, өйткені ол оны қызық­тырмайды. Бірақ ара қай жерде жайқалған бақ бар екенін, қай жерде хош иісті әдемі гүл өсіп тұрғанын айтып бере алады. Адамдар да солай. Ізгі ниетті адамдар жақсылықты ойлайды және соны көре біледі. Ал ойы тар, жан дүниесі лас адамдар жамандықты ғана көреді және соны ғана үнемі іздейді», депті. Міне, сенсеңіз де, сенбесеңіз де бұл – шын­дық. Сот алдын бермейтін адамдардың көбі бол­машы дау үшін уақытын да, қаржысын да, ең бастысы – денсаулығын жоғалтып алады. Ал сонда бір-біріне кінә артқан мәселелері соттасуға дейін жеткізетін іс емес. Қызғаншақтық, көре алмаушылық, кектену, есе жібермеу ақыры дауға айналып кетеді. Қасындағысынан кемшілікті, сүрінуді ғана іздеу – оның жамандықтың жолына түскендігінің белгісі. Сондықтан да қазіргі уақытта дауларды шешудің ең тиімді жолы – медиация, яғни дауласқан тараптарды бітістіру жолы. Мұның дауларды шешудегі әділетті де сара жол болатындығын сот мамандары да, сарапшылар да, қорғаушылар да бірауыздан айтып отыр. Өйткені, медиацияның бір артық­шылығы, тырнақ астынан кір іздеп адасқан жанның ісі абырой әпермейтіндігін тараптарға алдын ала түсіндіріп бере алуында. Бұл бұрын­ғы бір ауыз сөзге тоқтаған ата-бабалар ісі секілді, сол кездегі билеріміздің дәстүрін қазір­гі судьялардың жалғастыруы болмақ. Қазақ халқы­ның бірлігі үшін оның берері мол. Айналадағы адамдардың жақсылығына шын қуана білу де бір бақыт дейді ғой. Ендеше, ең болмаса әлгі бал жинайтын арадай-ақ болуға ұмтылып бір көрейікші, ағайын! Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»