29 Қыркүйек, 2016

Аймақтардың қысқа әзірлігі қандай?

335 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

kubyrlar-520x245Қыр астында тұрған қатал маусым қарсаңында өңірлерде атқарылған ауқымды жұмыстар барысын тілшілеріміз баяндайды.

Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ

Алты ай бойы ақ көрпесін ай­қара жамылатын теріскей үшін қыс – қатал сынақ. Үскірік аязы мен долы боранын ала келетін «кәрі құдаң» «ұшпадай бөркін киіп оқшырайтып» әлек салғанда қаһарына төтеп беру оңай емес. Сондықтан, ауа райы қытымыр өңірде алдағы жылыту маусымына жан-жақты дайындық жасамай болмайды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Тас­мұрат Қатқадамовтың мәліметтеріне қара­­ғанда бюджеттік ұйымдарға 170 мың тонна көмір жеткізілген. Жылу электр кәсіпорнының №12 қазандық орталығы мен №5 турбоагрегаты жуық арада пайдалануға беріледі. Сонда жыл соңына қа­рай электр қуатын 541 мВт-қа, ал жы­­­луды 713 Гкал/сағатқа дейін арттыруға мүмкіндік туады. Облыс орталығындағы 76 білім беру, 30 емдеу мекемелеріне жылу ерте беріліп, балалар мен науқастардың қамы бірінші кезекте ойластырылған. 72 ғимаратты күрделі және ағымдық жөндеуден өткізу үшін 343 миллион теңге бөлінген. Дегенмен, көпқабатты тұрғын үйлердің жылу құбырлары шаю, қысымын тексеру шараларын ат­қаруда баяулық басым. Оның бір себебі пәтер иелері кооператив­тері мен жекелеген тұрғындардың сал­ғырттығына келіп тіреледі. Сол сияқты ауыл мектептеріне қа­тыс­ты түйінді мәселе де жоқ емес. Атап айтқанда, көбінің жылыту қа­зан­дықтары оқу ғимараттарының ішінде орналасқан. Қазіргі қауіп­сіздік талаптары бойынша қазандық сыртта болуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама шең­берінде Петропавл қаласында­ғы 1048 көпқабатты баспананың 288-і­не жылу есептегіш құралдары ор­на­тылған. Жоспар бойынша 537 үйге қою көзделгенімен, кей тұрғындар жобаның маңыз­ды­лығынан, қон­дырғылардың тиім­ділігі мен артық­шылығынан хабарсыз. Есептегіш құрылғыларды орнатқан кезде 4 жылға бөліп төлеу жеңілдігі қа­рас­тырылғанын, жылу ақысы 60 пайызға дейін үнемделетінін біле бермейді. Көпқабатты үйлерге жылу 1 қа­заннан бастап берілетінін ескерсек, әзірлік жұмыстарын тыңғылықты атқарып шығуға әлі уақыт бар.

Қарағандыдан – Қайрат ӘБІЛДИНОВ

Биыл жұрттан бұрын жылуды Қарағанды мен Теміртаудың тұрғындары алатын болды. Бұл қалаларда жылыту маусымы 1 қа­заннан бастап күшіне енеді. Он күннен кейін, яғни 10 қазан күні Жезқазған, Саран және Шахтинск қалалары  жылу жүйесіне қосыл­мақ­­шы. Ал қалған өңірлер үшін жылу берілетін күн 15 қазан деп белгіленген. Жоғарыдағы ақпаратты об­лыс­тық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Бегімов мәлім етті. «Қалалар мен аудандар және әзір­лік актісі берген деректерге сәй­кес, қыс мерзіміндегі жұ­мыс­­қа білім беру (780 нысан), ден­саулық сақ­тау (269  нысан) басқармаларындағы нысан­дар толығымен дайын. Ал мәде­ниет (99,2%), спорт (97,5%) са­ла­ларын­дағы нысандар аз күннен кейін дайындықты аяқтайды. Қазір­дің өзінде 6314 көпқабатты тұрғын үй (94%) қысқа дайын». Сонымен қатар, Қайрат Бе­гі­мов бүгінгі күнде облыс бо­йын­­­­ша қа­зан­дықтарды қалпына келтіріп, жылыту жүйелерін жөн­деу жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқа­нын атап өтті. Жалпы, биылғы қыс маусымына деген дайындық барысы облыс басшылығының қатаң бақылауына алынған. Таяуда өткен аппарат жиы­нында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әб­­дібеков күн тәртібіндегі бұл мәсе­ленің айрықша өзектілігіне назар аударды. – Бізде әлі де болса уақыт бар, сондықтан да, бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды мейлінше ширатып, ке­дергілерді жеңе білу керек. Күз­гі-қысқы жылыту маусымын дер кезінде әрі сапалы бастау, кем­шіліктерге жол бермеу – басты міндет, – деді өңір басшысы. Сонымен қатар ол, қысқы жылу беру  маусымына дайындық бары­сы мен оның сапалы өткерілуі қалалар мен аудандар әкімдерінен қатаң түрде сұралатынын ескертті.

Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН

Оңтүстік Қазақстан облысында қыс мезгілі ұзақ емес, қоянның құйрығындай келте. Солай бола тұра, кей жылдары жылу беру мау­сымы кезінде шідерлеулі аттай кібіртіктеп, проблемаларының көбейіп кететіндігі бар. Биылғы дайындық барысы жайлы осы салаға бірден-бір жауапты маман, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның түйін­ді сөзін тыңдадық. Ол 1 қараша­ға дейін барлық проблемаларды шешеміз деп отыр. Мәселен, облыстың 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық  биылғы 5 сәуірден басталып, бүгінгі күнге дейін бұл мәселе 3 рет Үкімет тарапынан өткізілген селекторлық мәжілісте, 5 рет Энергетика ми­нистрлігінің Атом, энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан өт­кізілген селекторлық мәжілісте, 3 рет облыс әкімдігінің кеңейтілген се­лекторлық мәжі­лісінде қаралып, нақты тапсырмалар берілген. Жалпы алғанда, облыс бойынша 3272 мекеменің алдағы жылу маусымына дайындалғаны 3268 екен. Былай айтқанда, 99 пайыз. Ең өзекті білім беру мекемелері бойынша 1510 нысан, денсаулық сақтау бойынша 951 нысандар жылу маусымына 100 пайыз дайын. Ал әлеуметтік сала бойынша 4 нысан құрылысы толық аяқ­талмағандықтан дайындығы күрделілеу күйде қалып отыр. Облыстағы 3272 бюджеттік ме­ке­мелердегі 1108 кіші қазан­дықтың 374-іне жөндеу жұмыс­тары жос­парланып, 1 қарашаға дейін толық бітеді. Облыстағы күрделі мәселе­нің бірі – «3-Энергоорталық» акционерлік қо­ғамының «ҚазТрансГаз» АҚ-қа қарызы 1686 млн теңгеге жет­кендігі. Осыған бай­ланысты, «Энерго­орталық» осы айдың соңына дейін 700 млн теңгені төлеуге «ҚазТрансГаз»-бен келісімге келіп, хаттама тол­тырған. Газ тасымалдаушы «Қуат­ЖылуОрталық-3» МҚК ТЭЦ-3-тің қарыздарын 2017 жылдың 1 сә­уі­ріне дейін толық төлеуді мойнына алды.

Ақтаудан – Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдің аудан, қала­лары жылыту маусымына толық­тай дайын болып барады. Қысқа дайын­дық, құбырларды жөндеу, бөлшектерді ауыстыру жұмыстары үшін жергілікті бюджеттен биыл 97 млн теңге бөлінген. Қазір бұл қара­жатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. – Сабақ басталды, енді аз күн­дерден соң мектеп, балабақшалар ғи­мараттары салқын тартуы мүм­кін. Сондықтан, біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Өңірдегі 305 білім беру нысаны жылыту маусымына сақадай сай тұр. Ал денсаулық сақтау саласына қатысты 97 нысанның 96-сы дайын. Бір нысандағы жұмыстар  маусым басталғанға дейін аяқталатын бо­лады, – дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруа­шылы­ғы бас­қар­масының бас маманы Абылай Төреханов. Маңғыстауда өткен жылы қыс аса қатты суық болған жоқ. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде өңірде апатты жағдайлар орын алмаған. Ағымдағы және күрделі жөн­деулерді жүргізіп, бір­қатар орындарға су жаңа тетіктерді қондырған құзырлы орындар биыл­ғы қысқа да әзірміз деп отыр. Санаулы күндерден соң бас­талатын жылыту маусымы құ­зыр­лы орындардың тегеурінді жұ­мысын қажет етеді және оларға зор жауапкершілік жүктейді. Маң­ғыстауда күн жылы болады дегенмен, қыстың аты қыс. Жылусыз бір күн отыру еш мүмкін емес. Сондықтан, жұмыстардың сапалы жүруі – тиісті мекемелер үшін де, тұрғындар үшін де аса маңызды.