Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен сәрсенбі күнгі жалпы отырысқа Премьер-Министр бастаған Үкімет мүшелері «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қорғауға келді.
Бюджет жобасы негізінен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерінің параметрлерін нақтылауға, Мемлекет басшысының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Аталған заң жобасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов сөз сөйледі.
Сонымен, 2011 жылға арналған бюджет түсімі 4 триллион 249 миллиард теңге болып, қолданыстағысымен салыстырғанда 207,9 миллиардқа ұлғайып отыр. Ал шығыс бөлігі 4 триллион 954,1 миллиард теңгені құрап (ІЖӨ-нің 20,8 пайызы), бекітілген бюджетпен салыстырғанда 301,3 миллиард теңгеге ұлғайған. 2020 жылға дейін халықты жұмыспен қамту жөніндегі жаңа бағдарламаны іске асыруға 40,2 миллиард теңге қарастырылған. Осы ретте білім беруге 20,5 миллиард теңге, денсаулық сақтауға – 7,1, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 8,2 миллиард теңге көзделгенін айта кету керек. Гидротехникалық құрылыстарға және жағалауды нығайту іс-шараларына 9,9 миллиард теңге, жылжымайтын мүлік рыногы мен ТКШ-ні қолдау жөніндегі шараларға 75 миллиард теңге, ал ҮИИДМБ шараларын іске асыруға 56,9 миллиард теңге көзделген. Қаржы бұдан басқа да бағдарламаларды қамтыған.
Қысқа мерзімдік экономикалық индикатор биылғы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша былтырғы жылғы қаңтар айымен салыстырғанда 106,9% құрды. Өнеркәсіп өндірісі 5,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 пайызға, ішкі сауда тауар айналымы 11,1 пайызға, көлік қызметінің көлемі 7 пайызға артқан. Халықаралық валюта қоры үстіміздегі жылдың қаңтар айында әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі болжамын 4,2 пайыздан 4,4 пайызға дейін ұлғайту жағына қарай түзеткен-ді. Осы орайда биыл әлемдік рынокта ауыл шаруашылығы өнімдері мен металға деген баға жоғары деңгейде болады деп күтілуде.
Депутаттар қойған сауалдардың дені микронесие беруге арналды. Атап айтқанда, қазір өңірлерде қайтарымы міндетті 5 жылға дейінгі мерзім ішінде 3 миллион теңгеден аспайтын несие беру көзделген. Алайда депутаттар осы шағын несие ставкасын жергілікті атқарушы органдар белгілеп, өздерінің бюджет есебінен баюына мүмкіндік жасалып жатқан жоқ па деген күдіктерін де жасыра алмады. Қаржы министрі Болат Жәмішев республикалық бюджет нөлдік ставкамен несие бере алатынын, ал атқарушы билік оны қаржыдан өзге кәсіпорындарға тиімді ставкамен жеткізетінін атап көрсетті. Яғни, бұл несиелер бюджетаралық келісім негізінде жүзеге асатын болады.
Осы ретте министр ең төменгі ставка 5 пайыздан кем болмауы тиістігін де ескерте кетті. Депутат Қабиболла Жақыпов микронесие қарастырылған қаржыны өңірлерге бөлгенде 200 миллион теңгеден келерін, бұл мардымсыз екенін алға тартты. Шағын несие беріп келе жатқан ұйымдар да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда мұндай ұйымдардың 1700-і тіркелсе, соның тек 700-і ғана жұмыс істеп тұр екен. Нұртай Сабильянов бағдарламада қаржының несие серіктестіктері арқылы берілуі мүмкіндігі жазылғандығын, ал олардың берешегінің өзі 17 миллиард теңгені құрап отырғандығын еске сала кетті.
Сонымен қатар, азық-түлікке деген бағаның шарықтап өсуі де сөз етілді. Осы мәселеге байланысты Зейнолла Алшымбаевтың сұрағына жауабында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова қазіргі кезде дамушы елдерде бұл үлкен проблемаға айналғандығын жеткізді. Дүниежүзілік банк деректеріне қарағанда, биылдың бір айы ішінде тамаққа деген баға 29 пайызға өскен. Бұған мұнайға деген баға өсімінің ықпалы да жоқ емес деп санайды сарапшылар. Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар мен ауыл шаруашылығы саласына қолдау білдіру және кедендік баждарды төмендету жолымен бағаны тұрақтандыруға болады деп санайтындықтарын ортаға салды.
Заң жобасы толығымен мақұлданды. Жалпы отырысқа қатысқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, депутаттарға ел бюджетінің жоспарына енгізілген толықтыруларды талқылауда белсенділік танытып, бірлесе жұмыс атқарғандары үшін ризашылығын білдірді. Және де Үкімет басшысы депутаттардың бюджетті жетілдіруге және әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты айтқан ұсыныстары ескерілетінін мәлім етті.
Сонымен қатар, депутаттар «Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режімінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Сегізінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдады.
Алғашқы заң жобасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Кеден одағы бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеу режімінен жекелеген уақытша алулар туралы хаттама Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасында 2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында жасалды. Хаттамаға сәйкес жалпы пайдаланудағы жолдармен жүруге арналмаған квадроциклдерді, қармен жүретін мәшинелерді және өзге де жеңіл көлік құралдарын қоспағанда, негізінен адам тасымалдауға арналған, жеке пайдалануға арналған жеңіл автомобильдер мен моторлы көлік құралдарына қатысты кедендік баждардың, салықтардың ставкалары, сондай-ақ кедендiк баждарды, салықтарды төлеудi қамтамасыз ету мөлшерi аумағында осындай автомобильдер шығару жүзеге асырылатын тараптың заңнамасымен белгiленедi. 1-баптың ережесі 2011 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылады.
Келесі заң жобасы бойынша Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады. Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Сегізінші қо-сымша хаттама Дүниежүзілік пошта одағының 24-ші конгресінде 2008 жылғы 12 тамызда Женевада жасалған.
Дүниежүзілік пошта одағы Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесінің мәртебесі бар халықаралық ұйым болып табылады. Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бері Дүниежүзілік пошта одағына толық құқықты мүше болып табылады.
Хаттаманың 2-бабында олардың тағайындалған операторлары Дүниежүзілік пошта одағының құрамына кірмейтін аумақтарға қызмет көрсететін мүше елдер басқа мүше елдер үшін делдал болуға міндетті деп айқындалған.
Хаттаманың 3-бабына сәйкес Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдер немесе олардың тағайындаған операторлары өңірлік одақтар құра алады және халықаралық пошта қызметі туралы арнайы келісімдер жасаса алады. Бұл ретте олар мүдделі мүше елдер қатысушысы болып табылатын актілерде көзделген ережелерден халыққа қолайсыздау ережелерді енгізбеуі тиіс.
Соңғы қаралған заң жобасының көздеген мақсаты туралы Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Айта кету керек, тараптар осы шартқа, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнамаға сәйкес, қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ынтымақтасады, өз қызметін үйлестіреді, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге бірлестіктер мен ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың күш-жігерін біріктіреді, деп көрсетілген. Ал шартты іске асыру мақсатында тараптардың ынтымақтастығы мынадай негізгі бағыттар мен нысандарды қамтиды: заңнаманы үйлестіру; құқықтық көмек көрсету, оның ішінде құжаттар тапсыру, қылмыстық кірістерге және терроризмді қаржыландыратын қаражатқа тыйым салу, тәркілеуді жүзеге асыру; ақпарат алмасу; жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу; консультациялар; өкілдер алмасу.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.