Ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің поэзиясы туралы ой-толғау
Арлы да адал адам баласына не жетпейді?
Жетпейтін негізгі нәрселердің бірі ғана емес, бастысы – ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің туындыларындай шындық пен өзектес жұмыр да жалынды жырлар. Оның жырлары – қай кезде жазса да, көбіне-көп ескірмеген, алдағы уақытта да ескірмес есті де ерекше өлеңдер. Шамасы, Шаһизада аса аз жазатын болуы тиіс. Онда да жазбауға шамасы жетпей қалғанда ғана қағазға құятын болуы тиіс. Өйткені, мен оның өлеңдер топтамаларын мерзімді баспасөз беттерінен тым сирек көріппін. Сондықтан да оның «Гладиатор» атты кітабы шыққанын естігенде, кәдімгідей қуандым. Мұнда ақынның мағыналы ғұмыр бел-белестері, тек өзі тапқан, жарқыратып ашқан өнерлік шындықтары, ол шайқасып жеңген небір өмір сұмдықтары жатыр.
Бұл лепес-лебізімізге бұлтартпас мысал, айшықты айғақ керек пе?! Онда кітаптағы «Менің ұлы дәстүрім» атты алғашқы өлеңді-ақ алға тарталық:
Даунинг-стрит, шамдалдардың шаш нұрын,
Кейін серпіл, Хаттамалар тас мығым.
Мемлекеттер мәмілелескен кең залға
Кіріп келді менің Ұлы дәстүрім!
Кіріп келді гүл төгіліп жолында,
Қошеметшіл кілең лордтар – соңында.
Елбасына тәжім етті доннаңыз,
Премьердің сәбиі бар қолында!
Жебегенде әулием мен әнбием,
Нәрестеге нұр сіңірер бар Кием.
Жақсылардың шарапаты тиетін
Ырымымды қайдан білдің, Альбион?!
Көңіл шіркін – көгін төккен сая бақ,
Елбасымыз сөзін жұптап, аялап,
Тебіренді бір сәт,
Тони Блэрдің
Жас сәбиін құшағына ап аялап.
Еге болмай бір әкенің тағына,
«Ержетсін, – деп.
– Адамзаттың бағына» –
Азияның дидарынан тамған нұр
Еуропаның тарап жатты қанына!..
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ерекше жыр, есті өлең бұл. Ерекше әрі есті болатыны, бұл – қазақтың кемел де кемеңгер ұлының қайраткерлік қырына арналған нағыз төгіліп түскен тосын да тамаша жыр. Мынау – нені жазса жазатындай-ақ, мақтансақ – мақтанатындай-ақ тарихи сәт, жаңа да жасампаз шындық емес пе?! Шаһизада бұл сәтте халқымыздың ұлы дәстүрін айнала әлемге паш етіп, мақтан тұтып отыр.
Біздің халқымыздың осынау ұлы дәстүрі – ен жатқан, басқа ұлттармен терезесі тең жатқан, кейінгі кездері бөтендер түгілі өзі де бағалап танып, төбесіне көтере алмағандықтан бағы кем жатқан – қияпат та қат-қат қазына емес пе?! Жалғастырмасақ – толықпай, жоғалады; жастарымызға білдіріп, егемен еліміз өмірінде қолданып, қанымызға сіңірмесек – омалады ол. Айтпақшы, бұл адал да арлы алаш жағасына ғана емес, қалың да қаймана қазақ баласына түгел қажет қасиетті шындық бұл.
Уа, Тәңірім, қызығыңа жолықтыр
Адамзаттың баласын.
Екі ғасыр бөліп тұр
Бесігім мен бейітімнің арасын...
Шүкір, әзір бүтінмін,
«Сол баяғы... қоңыртөбел тіршілік...».
Жалған баққа түкірдім,
Орман-баққа шаншып кеттім бір шыбық...
Тоныкөктей «басы барды иемін»,
Бірақ билік құра алсақ...
Мен де өзімше Отанымды сүйемін,
Мінберлерде тұрмасам да ұран сап...
Жаныма, арым, құтпан бол!
Жаза бассам – кіркеукемді оқ бұзсын!
Бесігімнен шыққан жол
Бейітіме аман-есен жеткізсін!
Ақын Шаһизада Әбдікәрімов бұл өлеңінде де адуын. Өз ұстанымынан да, қазақтың қасиетті болмыс-бітімінен де бір қарыс бөлінгісі жоқ. Алашына айтар ақ сөзі – серті. Бірақ оның да жыр жазғанда от, қалған кездерде ет жүрегіне мына жаңа нарықтық өмір, жабайы капиталистік жүйе қатты салмақ түсіріп, алаңдатқан, уайымдатқан күйі бар. Тәңір бұйыртса «екі ғасыр өліп тұрған» бесігі мен бейіті арасында әлі талай арпалыс өмір бар.
Ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің әлемі – төрт құбыласы тең жалпақ жазира (бұл – бірінші өлшемі), ағып жатқан дария сыры, қолат-қолат құмы қыры бар, жайқалып тұрған бауы мен асқар ала тауы бар (биіктік – екінші өлшемі), терең көлі (ойы) мен тартылмаған Арал теңізі (сезімі) бар (тереңдік – үшінші өлшемі), бай да байтақ, Жиделібайсын әлем. Мұның бәрін аралауға, ең бастысы – жай саяхаттап көріп, «Жигулимен» желіп өтпей, саралауға, бар қазынасын берекелі базар ғып, сұлулығын сіңіріп ажар ғып, Тәңір тауына шығып түлеп, ақ жауын Аралына түсіп тазарып, яғни, Шаһизада Әбдікәрімов әлемі нақ мынадай-мынадай деп даралауға көп уақыт қана қажет емес, бастан кешкен зерделі зерттеу, талмай таныр талант-тұлпарыңды ерттеу керек.
Алла қаласа, амандық болса, алдағы уақытта бұған да жетерміз. Бұл – адам-азамат Әбдікәрімов үшін емес, ұлы мәртебелі әдебиетіміз үшін керек. Оған қоса, кейінгі уақытта дару уызбен де емес, бал татыған сары қымызбен де емес, қорегі аз көк сумен ауызданып, шелек-шелек шалаппен қанағаттанып қалған қалың оқырман – әлеумет түзелуі үшін де керек.
Ал әзірше осы жолы ақын Әбдікәрімов әлемін көктей өтіп, базбір биік, тереңдіктеріне ғана жетіп, Махамбеттің қамшысындай жыр-жебесін бірер атумен, теңіздің дәмін тамшысынан татумен қанағаттанайық.
Міне, ақынның «Тақыркөлде» деген өлеңі. Үзінді келтірейін:
Жанарымда – алпар аймақ,
Жанарымда – абат көл.
Кекілімнен тартады ойнап,
Сайдан соққан сабат жел...
Әлденеге сүйінемін,
Шаттық шіреп жүректі.
Кіндігінен дүниенің
Қос қуаныш шыр етті.
Тыңда, көктем, сабыр ет те,
(Көзіме жас іркілді).
Талғат ұшты тағы көкке!..
Жеңешем аман ұл туды.
Қос қуаныш құтты болсын, халайық.
Ақынның әрбір жыры – құтты қайран бел, бір сайран көл, жазы жайнап, қазанда құрт-ірімшік қайнап жатқан жайраң ел... Мысалға, мен ақынның осы жинақтағы арнау өлеңдеріне түгел дерлік көңілім толып, қатты сүйсіндім. «Пиндар ақынға» қатты қызығып, «Пушкинді оқығанда» ішіне еніп кетіп, «қолыңды қалтыратпа, бауырым, мушкетті ат» дегім келіп тұрды да, ақынға да, алашқа да ортақ «Абай ескерткішіне» келіп тағзым еттім. Ақын Шаһизада баласының абыз атасымен тілдесуіне құлақ салдым.
Саумысың, қазағына құтпан шалым,
Тау-мүсін Алматының жұтқан шаңын.
Даласын Жидебайдың көрсетпей ме,
Қарасын Қарауылдың тұтқан сағым.
Төменде Сарыарқаның сазы қалды,
Төбеңде – Жетісудың жазы мәңгі.
Байлаусыз Байқоңырдан келдім саған,
Алғаусыз айтқым келіп базынамды.
Асылы, Абай жеке басы жалқы да жалғыз болғанмен, ол – «қалың елі – қазағы, қайран жұртының» Абайы. Жұмыр жер бетіндегілер қазынасына қол жеткізе алса, ұғып-түсіне алса, Ол – Адамзаттың да Абайы. Айтпақшы, мұндағы бір ерекшелік – Абай адамзатқа – басқа ұлттарға өзі бармайды, олар Абайға керек емес, ал оларға Абай өте керек; өйткені, Абайды білмесе – бұлардың бір ақылы, бір сыбағасы, бір құты кем. Ендеше, бұлар – қай-қайсысы да есті ел, толық адам болу үшін Абайды тауып-танып, қазақтың ұлы ақынымен табысуға мұқтаж да мүдделі. Жиделібайсын да жұмбақ құбылыс болғандықтан, барша адамға ортақ етене Ақын болғандықтан тани алса, түсіне алса, шуақ-шарапатына бөлене алса, әркімнің өз Абайы бар.
Өлеңдегі өмірбаян дегеннен шығады, прозада автор «Мадам Боваридан» (Флобер) бөлек өзгелер – бандит пен баскесер де бола алар; драматург те солай, сыншы да өзінен алыстап, ақиқат ауылына көшіп алып, тура би болу қолынан келмесе, туғанды би болып көрер. Ал ақын кімді жазса да, нендей кенді қазса да – алдымен де, кейін де, ақырында да өзін жазады. Жан сырын ашып, жүрек отын төгіп салады.
Жылдарым-ай...
Махаббатқа мас болған,
Ләйліп шығып «Ләйлі-Мәжнүн» дастаннан!
Қособада Бекежанды байлап ап,
Қыз Жібектің ақ білегін жастанған!
Жылдарым-ай...
Заманамен үндескен,
Аллаңызбен анадайдан тілдескен!
Айдаһардың арқасында мызғып ап,
Жолбарыстың жотасына мінгескен!
Аталмыш жыр толқын атып жалғаса түседі. Қалған шумақтары да олқы емес. Ол Алаштың анасы – Сырдарияға арналған жырында серпіліп, «өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырғандай» күй танытады.
Алтын басың дауға қалып,
Ағайынның арасында;
Ай астында аунап ағып,
Алысқа ұзап барасың ба?!
...Әкімияттың тұғырынан
Көзді алдайды қайым шағың:
Жардай атан жұмырыңнан
Жұқпай өткен жайын шаһың.
Құрыған соң нар қамысы,
Ырылдайды ыңыранып,
Сырдың соңғы жолбарысы
Көкірегіме кіріп алып.
Менің бұл жырды оқығанда куә болған оқиғам – Сырдың соңғы жолбарысының тірі екендігі, Шаһизаданың мына өлеңінде өмір сүріп жатқандығы. Ал бұл – «айдаһардың арқасында» мызғып алудан да асқан, «жолбарыстың жотасына мінгесуден» де маңызды жаңалық. Ендігі мәселе – осы жолбарысты өлтіріп алмауда, керек десеңіз, оны өсіріп-көбейтуде. Бұл қастерлі міндетті орындап, жүзеге асыруға жағдай бар ма? Әрине. Ол – ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің өз жыр арнасын суалдырмай, жырдың нар қамысын жайқалта беруі.
Мен ақиық ақынымыз, Шаһизада Әбдікәрімовтің бұл биіктен де көрінеріне кәміл сенемін. Мақаламның соңында нүкте ретінде оның «Алыптармен тілдесу» атты жырының соңғы шумақтарына жүгінсем, бұған және көз жетеді:
Жұлдыздармен талассам, назым ғой ол білдірген,
Арасынан солардың өзімді іздеп жүрмін мен.
Болмаған соң бірдеңе... «ұқсап бағып» не керек,
Абайламай Абайың айтқан шығар... кім білген?
О, мықтылар, мықтылар – ұлылықтың үрдісі,
«Мықты болмай немене, мықты болса тұрмысы?» –
Деп ем налып...
фрагы шұрық-тесік Пушкиннің
Маған қарай бұрылды мушкетінің ұңғысы.
Жә, ғафу ет...
ақындық – айбар емес заты уақ,
Дәуір тұрар сыртыңда қарымыңды бақылап.
Александр Сергеич мүлт жібермес бұл жолы,
Қалтырамай қолыңа қаламыңды ал, ақымақ!
Абайымызды айтпағанда адамзаттың ұлы ақыны Александр Пушкиннің біздің ақынымыздың қадамын құптап, қаламын қорғап жатса, енді не керек! Сырдың соңғы жолбарысы Шаһизада Әбдікәрімовтің жыр-қамысында тіріліп қана қоймай, құты таймаған, қазынасы ортаймаған Қызылорданың нұр-намысында да, бәлкім, балп-балп басып жүретін болар алдағы уақытта...
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ