Кеше Денсаулық сақтау министрлігінде құрылымдық бөлімшелер мен облыстық денсаулық сақтау басқармалары басшыларының, ірі медициналық ұйымдар бас дәрігерлерінің және осы ведомство комитеттерінің өңірлік департаменттері директорларының қатысуымен селекторлық кеңес болып өтті. Онда инфекциялық аурулар бойынша республикадағы эпидемиологиялық жағдай және иммундық профилактиканың кейбір мәселелері мен «Время» газетінде, сондай-ақ азаматтардың хабарламаларында көрсетілген фактілерді тексеру үшін құрылған жұмыс комиссиясының қорытындылары қаралды.
Өткен кезең ішінде республикадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. 18 инфекциялық ауру, оның ішінде ЖРВИ және тұмау бойынша ауру деңгейінің төмендегені байқалды. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында республика бойынша пневмококк инфекцияларына қарсы кезең-кезеңмен егу шаралары енгізілуде. Полиомиелиттің таралуының алдын алу және ескерту мақсатында ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында 5 жасқа дейінгі балаларды иммунизациялаудың қосымша ұлттық шарасын жүргізу жоспарланып отыр.
Кеңес барысында стационарлық көмектің қолжетімділігі мәселесі талқыланды. Ағымдағы жылы порталда 148,7 мың жолдама тіркелген, олардың 43 пайызы ауыл тұрғындарына тиесілі. Госпиталдандырудың проблемалық мәселелерін шұғыл шешу мақсатында портал бойынша күн сайын мониторинг жүргізіліп отырады.
Жұмыс комиссиясының қорытындылары Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке ұсынылды. Тексерістер аяқталғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық, фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мен Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті өңірлік бөлімшелері жетекшілерінің атқарып отырған лауазымдық қызметтерге сәйкестігі мәселесі шешілетіні айтылды.
«Егемен-ақпарат».