30 Қыркүйек, 2016

Қоныстой көбейіп келеді

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
img_5023-1Қызылжар өңірінде баспаналы болу бақытына ие болушылардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Бұрындары жылына 100-120 мың шаршы метр баспана пайда­лануға берілсе, биылғы меже 185 мың шаршы метрді құрап, былтырғыға қарағанда 32 пайызға артты. Демек, бір мыңға жуық отбасы қуанышқа бөленеді деген сөз. Бүгінгі күні облыс орталығынан шеткерілеу жерде жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданы қалашықтан аумайды. Мұнда заманауи талапқа сай тұрғызылған 15 көп қабатты үй мен 720 орынды Назарбаев зияткерлік мектебі және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ерекше сән береді. Енді құрыш қолды құрылысшылар жыл аяғына дейін 11 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Облыс әкімі Е.Сұлтанов екпінді құрылыс алаңдарында болып, мәселенің мән-жайымен танысты. Құрылыс нысандарының басым бөлігі осында орналасқандықтан, қадағалау күшті. 55, 75, 90 пәтерлі үш ғимараттың құрылы­сын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүр­гізіп жатқан «ПМК-5», «Основание», «Строй­компания» серіктестіктерінің қимылы ширақ. Ішкі әрлеу жұмыстарының қызу қарқынмен жүргізіліп жатқанына қарағанда мерзімінде тапсырыларына еш шүбә келтіруге болмайды. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылып, 300-дей адам тартылған. «ПМК-5» ЖШС директорының орынбасары Алтай Әлібаев есік, терезе жақтауларын, газ қондырғылары мен телефон желілерін орнату ісімен айналысып жатқандарын жеткізді. Бес қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй графиктен кешеуілдеген. Қыркүйекте тапсырылуға тиісті ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бірінші қабаттан жоғары көтерілмеген. Бұл көрініске көңілі толмаған өңір басшысы мердігер компанияға құрылыстың қарқынын күшейтуді тапсырды. Юбилейный шағын ауданында бой көтерген бес тұрғын үйдің екеуі техникалық қадаға­лаудан өтіп, қуанышты күнді 198 отбасы мүшелері тағатсыздана күтіп отыр. Бұдан бөлек екі ғимарат тұрғызылуда. Ал, 2008 жылдан бері «сақалды құрылысқа» айналып, пәтер кезегінде тұрушылардың зықысын шығарған 126 пәтерлі 9 қабатты баспана жұтынып шыға келген. «Зооветснаб» ЖШС де құрылыс ауқымын кеңейтумен жүйелі айналысып келеді. Отандық және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген ветеринарлық дәрі-дәрмектерді сатумен бірнеше дүкен, ветеринар­лық қосын айналысады. Кәсіпорын басшылығы жұмысшы-қызметкерлерге арнап спорттық жаттығу залын іске қосқан. Жаңа қонысқа көшкен дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің ғимараттарында 212 оқушы дәріс алады.  Солтүстік Қазақстан облысы  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ