30 Қыркүйек, 2016

Шығанақ шарапаты

1209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
shyganak-1777Ақ тарының атасы, даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің 135 жыл­­дығы туған жері – Ойыл ауда­­нын­­­дағы Қаратал ауылында ай­­шық­ты аталып өтті. Мерей­­той­­­лық шара рекордтық өнім ал­ған ал­қаптың қасындағы Қарасу ауы­лы­ның іргесіндегі 1946 жылы бой көтерген «Даңқ мұ­нарасы» мен тарышының бейіті­не тәу етуден басталды. Түйе шы­ғыр­мен алқапқа су шығарып, кет­пені­мен суармада тары өсіріп, маң­дай терімен қазақты әлемге таныт­қан диқанның аруағына құран бағышталды. Содан кейін Қара­тал ауылындағы даңқты диқан ес­керткішіне гүл шоқтарын қой­ған қонақтар ауыл клубында «Шы­ғанақ бағындырған шың!» тақы­ры­бында ғылыми-танымдық кон­фе­ренцияға қатысты. Шығанақ Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінде «Ақ тарының ақтаңгері – Шығанақ» атты көрмемен таныстырылып, музей қызметкерлері дайындаған бей­не­фильм көрермендер назары­на ұсынылды. Шығанақ Берсиев исі қазаққа жақсы таныс. Ол туралы қазақ жа­зу­шысы Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын жазса, неміс ақыны Бертольд Брехт «Тары тура­лы» поэманы өмірге әкелді. Жазу­шы Г.Фиш «Болмасты бол­дыр­ған адам» деген тамаша очерк жазды. Еңбек адамының атын әлемге әйгілеген оның еңбек­қор­­­лы­ғы, жылдар бойы жинаған тәжі­­ри­бесі деу орынды. Оның тары­­шы­­лар звеносы 1942 жылы 40 гек­­тар тары алқабының әр гек­тары­­нан орта есеппен 175 цент­нер тары алса, 1943 жылы 4 гек­тар жердің әр гектарынан 201 цент­нер тары жинап, дүние жүзі­лік рекордқа қол жеткізді. Бұл Шы­ғанақ бағындырған шың ретінде ел есінде мәңгі қалды. Конференцияда соңғы жыл­дары тарышы еңбегін зерделей зерт­теп жүрген ардагер журналист Идош Асқар баяндама жасады. Ол «Шығанақ – жаратқанның жа­ра­лымы, нағыз феномен тұлға», – дей келіп, атақты тарышының рекорд­тық көрсеткішіне қалай жет­­кенін еңбек және өмір жолы­мен бай­ланыстыра баяндады. Тары­­шы туралы деректер жинау­ға, зерт­теуге оқушыларын жұ­мыл­­­дыр­ған ұстаз Айжан Алма­ниязо­­ва ақ тарының атасы туралы тұжы­рымдарын ортаға салды. Ең­бек ардагерлері Келдібай Ес­па­ғам­­бетов, Елубай Қалиев, Тұ­рар Шериязданов, Қаракөз Қосаева мен жиені Мұхамбетқали Ешмұқан Шығанақ туралы және ізбасарларының еселі еңбегі жайлы естеліктер айтса, ақын Жақсылық Айжан мен ауыл тұрғыны Саламат Шаңғала да өз ойларымен бөлісті. Конференция соңында аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева қонақтарға ізгі тілегін білдірді. Конференциядан соң көрермен­дер назарына жергілікті ақын-журналист, Нұрлыбек Қалауов­тың пьесасы бойынша қойылған «Шы­ға­нақ» спектаклі ұсынылды. Одан соң ауыл ортасындағы сая­ба­қта «Құрмет тақтасы» салта­натпен ашылды. Саябақта орнатылған сахнада об­лыстық ақындар айтысы ұйым­дас­­тырылды. Оған сегіз ақын қаты­сып, айтыстың көрігін қыз­дыр­ды. Олар Шығанаққа өлең шумақ­та­рын арнап, көкейлеріне келген кө­­­рік­­­­ті ой­ларды жырларына арқау етті. Келесі күні Ойыл селосында Ш.Берсиев атындағы селолық округі­нің күні өткізіліп, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәр­меңкесі ұйымдастырылды, кон­церттік бағдарлама ұсынылды. ...Биыл жаз жаңбырлы болды. Ойылдық шаруалар ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің тары өсіру дәстүріне ден қойып, лайық­ты жалғастыруда. Шаруа қожа­лық­­тары биыл тары алқабынан мол өнім алыпты. Бұл да Шығанақ өне­ге­сінің өміршеңдігін көрсетсе керек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы