30 Қыркүйек, 2016

Бала өлімі қайтсе азаяды?

359 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
bala-1Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, ТМД елдерімен салыс­тыра қара­ған­да елімізде бұған дейін сәбилер­дің шетінеу көрініс­тері алдыңғы орын­дардың бірінде болып келіпті. Әйтсе де соңғы кезде тәуелсіздіктің алғаш­қы жыл­дарындағы бұл жоғары көрсет­кіштің 18,4-тен 9,2 промильге, яғни 50 пайызға дейін төмен­дегенін бір есептен шүкірші­лік етуге болатын да секілді. Әрине, бала өлімін күрт тыю, бірден тоқ­тату оңай емес екені де, тіпті, мүм­кін емес екені де талассыз. Деген­мен, жоғарыда көрсетілген промиль­дік есептеулерге шаққан­да елімізде бала өлімі көрсеткішін төмендету жолдары бар екені анық. Мұндай қорытындыға біз облыс­та республикамыздағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығы мамандары жүр­гіз­ген мониторингтік зерттеулерден кейін келіп отырмыз. Аталған орта­лықтың директоры, медицина ғыл­ым­дарының докторы Риза Боран­баеваның мәлімдеуінше, сәбилер мен балалар өлімін және осы орайда қайғылы жағдайлармен аяқталатын көріністерді ауыздықтау мәселесі – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы міндетті іске асыру үшін олар еліміздің барлық аймақтарына барып, консультативтік-әдістемелік көмектер беруді дәстүрге айналдыра бастапты. Сонымен бірге, бірқатар нақты ұйымдастыру мәселелері жөнінде де шеберлік сағаттарын өт­кізу ұйғарылған. Тексеруге құрылмаған, тек бір жақ­ты мониторингтік талдаулар жүр­гізуді алға қойған орта­лық маман­­дарының іссапары респуб­лика­дағы бала өлімі жиі кезде­сетін өңірлерден басталыпты. Мони­­­­торинг­тік зерттеулер жүргізу бары­­сын­да олар балаларды емдеу меке­­­ме­­лерінің кадрлармен қанша­лықты деңгейде қамтылғанына да назар аударып отырады екен. Сон­дай-ақ, медициналық карталар­ға жасал­ған жан-жақты әрі терең түр­де зерт­телген талдаулар да бірқа­­тар «әтте­ген-айлардың» бетін ашып­ты. Ал жағдайлары өте ауыр, әрі күр­делі ауруларға беріл­ген жоғары білік си­патындағы кеңес­тер­дің де тигізген пайдасы мол болғаны байқалады. Сонымен бірге, өңірлердегі сәби­лер мен балалардың шетінеу көрі­ніс­терін төмендетуге медицина­лық қондырғылар мен құрал-жаб­дық­тардың тигізетін пайдасы мен көмегі де мол екені талассыз. Орталық маман­­дарының осындай өзекті де қажет­ті мәселелер жөнінде ой-пікір қорытуы  және әдістемелік көмек­­тер көрсетіп жүргендері  тек қол­­дауға әрі құптауға лайықты  іс бол­мақ. Бала өлімі көрсеткіші Батыс Қазақ­стан облысында кандай дең­гейде? Біз бұған аталған орталық маман­дары жүргізген мониторингтік зерт­теулердің нәтижелері негізінде жауаптар қайтарғанды жөн көрдік. Бұл орайда бірден айтарымыз, туа бітті және сәбидің ағзасында кейін пайда болған әртүрлі аурулар мен дерттердің салдарынан болатын балалар өлімі деңгейі респуб­ли­калық орташа көрсеткіштен бір­шама төмен екендігі. Тіпті, Риза Зұлқар­най­қызының айтуы бойынша, облыста аталған көрсеткіш республика аймақтары арасындағы ең төменгі орындардың бірін құрайды екен. Бұл әрине, оң құбылыс. Сонымен бірге, бұл көрініс өңір педиатрларының білік­тілігі мен кәсіби шеберліктерінің жоғары екенін де көрсете алады. Ең бастысы, облыста дәрігерлер қызметі оң жолға қойылған. Әйтсе де Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиетінің бүгінгі ақсақалы, қазақ баспасөзінің қара нары Шерхан Мұртаза айтқандай – бұл істе бір кем дүниенің орын алып отырғаны өкіндірмей қоймайды. Бұл жоғарыда айтылғандай әртүрлі аурулардың салдарынан орын алатын балалар өлімінің деңгейі өте төмен бола тұра, сәбилер мен балалар арасында кездейсоқ, күтпеген қай­ғылы оқиғалардың азаймай отыр­ғаны. Тіпті, осы опындырарлық мәсе­лені тұтастай бір өңірдің проб­ле­ма­лық ерекшелігі десе де болады. Әрине, бұл мәселені реттеу­дің жолдары жеткілікті. Әрі бұған то­лық мүмкіндіктер бар екені де бел­гілі. Сайып келгенде, мұны тек облыс­тағы денсаулық сақшыларының қолын­­да тұрған іс деуге болмайды. Бұл үшін ортақ мақсатты көздейтін ведомс­твоаралық буындар құрылса, мұн­дай нақты іс-қадамдар оны бол­дыр­­мауға септігін тигізбек. Бір сөз­бен айтқанда, бұл қалың жұрт­­шы­­лық пен жергілікті атқару­шы орган­дардың, денсаулық сақтау, білім беру мен ішкі істер бас­қар­малары қызметін бір арнаға жұмыл­дыру деген сөз. Қысқасы, бойында ешқандай дерті жоқ, сап-сау сәбилер мен бала­­лар­дың қас пен көздің арасында өмірден кете баруы – қолдан  жасал­­ғанмен пара-пар көрініс емес пе? Өңірде, өзгесін айтпағанда, тек биылғы жылдың басынан бері он­даған бүлдіршін кездейсоқ оқи­ғалар­дың салдарынан мерт болыпты. Оның дені бір жасқа дейінгі бөбек­тер екен. Сөз жоқ, олар мұн­дай қайғылы жағдайлар орын ал­мағанда қол-аяқтары балғадай, қоғам­­ның толық­қанды мүшесі болып қа­лып­тасар еді-ау. Орын алған өкініші мол көрініс­тердің басты себебі, жол-көлік оқи­ғаларының әсерінен болған ауыр жарақаттар мен ата-аналар­дың ұқыпсыздығы болып отыр. Омырауын­дағы ана сүтін еміп жүр­ген сәбилердің арасында көмір қыш­қылының шамадан тыс көп шоғырланып, оттегінің жетіспеуі­нен болатын, ана сүтіне қақалып-шашалудан, тұншығудан, құсықты жөтелден орын алатын қайғылы оқиғалар облыста жиі кездесуде. Жас аналар өз перзенттерін омырау сүтімен қоректендіру кезінде оны дұрыс ұстамауынан кездесетін қайғылы жәйттерге не дерсіз? Биыл­ғы маусымда балалардың суға батып кету деректері бірнеше дүркін қайталанды. Суға батып, өмірмен қоштасқан балалардың саны был­тыр­ғы деңгейден артық болды. Облыста балалар денсаулы­ғын сақтауға қатысты бұдан басқа қан­дай өзекті мәселелер бар? Тағы да сол еліміздегі Педиатрия және бала­лар хирургиясы ғылыми-зерт­теу ор­та­­лығының деректеріне сүйенсек, мұн­­дағы басты проблема кадрлардың тап­шы­лығынан туындайды. Алайда, бұл шешімін таппайтын мәселе емес. Өз­гесін айтпағанда, тіпті, мұны реттеуге Педиатрия және балалар хирургиясы мәселелерімен шұғылданатын аталмыш республикалық орталықтың өзі де көмегін тигізе алатынына осы материалды газетке әзірлеу барысында көз жеткіздік. Өйткені, олар балаларды емдеу­мен қоса, осы салаға қажетті кадр­лар әзірлеу ісімен де шұғылданады екен. Бұл арада мамандық деңгейін көтеру ісіне басымдықтар беріліпті. Соған сәйкес, орталық республика өңірлерінен педиатрия мамандарын әртүрлі мерзімдегі білімін жетілдіру курстарына шақыру тәртібін енгізген. Бұл жөнінде орталық жетекшілерінің арнайы жұмыс жоспары жасақталған. Біз бүгінгі материалымызда тұтас­тай республика және жекелеген өңір мысалында балалар өліміне әрі олар­ды шетінетпеуге жол бермейтін бір­қатар жәйттерді тілге тиек еттік. Осында айтылған мәселелер қалың жұрт­шылық пен тиісті ұйымдардың назарына ілініп жатса, ойға алған мақ­сатымыздың орындалғаны. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы