Кез келген ата-ана өз баласын қандай да болсын қауіп-қатерден қорғауға дайын. Ал енді осы тұста жас аналар тарапынан вакцинациядан кейін әртүрлі асқынулар болады деген үрейдің негізсіз екендігін түсіндіру аса маңызды. Вакцинациядан бас тарту салдарынан жұқпалы аурулардың асқынулары арқылы халықтың болашағына балта шабылады.
Мамандар бүгінгі таңда қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең сенімді құралы вакцинация екеніне еш күмән келтірмейді. Американың ауруды бақылау және алдын алу орталығы 1999 жылы жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша соңғы жүз жыл ішінде Жер бетіндегі адамдардың өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайған, оның ішінде ширек ғасыры вакцинацияның және 5 жылы – сапалы ауыз судың арқасында екені дәлелденген.
Қазақстан мемлекеті үшін өз азаматтарының денінің саулығы – ең үлкен құндылық. Көптеген ауруларды емдегеннен гөрі алдын алған жеңіл болып есептелінеді. Сондықтан да еліміздегі вакцинапрофилактика ұлттың денсаулығын сақтауда стратегиялық аса маңызды қадам болып табылады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Бауыржан Байсеркиннің айтуынша, елімізде «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, вакцинациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесіне енгізілген вакциналардың барлығы қазақстандықтар үшін тегін.
Әрбір емдеу мекемелеріне вакциналарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін медицина қызметкерлері келесі жылға 25 пайыз препараттар қорын жоспарлайды. «Учаскенің, қаланың, аудандар мен облыстардың деңгейінде иммуниттеу тұрғындардың кем дегенде 95%-ын қамтыған жағдайда ғана вакцина арқылы жұқпалы аурулардың халық арасында белең алуын тоқтатуға болады. Министрліктің иммундық профилактика саласындағы басты қызметтерінің бірі – халықты тегін иммуниттеу бағдарламасымен қамтамасыз етуге негізделген. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) арқылы ұсынылған және сертификатталған, сондай-ақ сапасына дәл осы ұйым кепілдік беретін, ал қауіпсіздігі мен тиімділігі ғылыми зерттеулердің нәтижелері арқылы дәлелденген вакциналарды сатып алады», дейді Бауыржан Сәтжанұлы.
Елімізде Ұлттық екпе күнтізбесі тұрақты түрде жетілдіріліп отырады. Қазіргі таңда республикалық қаражаттан 17 жұқпалы ауруға қарсы, ал жергілікті бюджет есебінен 4 жұқпаға қарсы вакциналар сатылып алынады. Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ұлттық иммундау күнтізбесіне балаларды пневмококк жұқпасына қарсы вакциналау мүмкіндігі пайда болды. ДДҰ-ның статистикасына сүйенер болсақ, әртүрлі қоздырғыштар, оның ішінде басқасынан жиірек кездесетін пневмококк қоздырғыштары шақыратын пневмониялардан жыл сайын 700 мыңнан 1 миллионға жуық 5 жасқа дейінгі бала көз жұмады екен.
Қазақстанда пневмониядан көз жұму бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуіне себеп болатын аурулардың ішінде үшінші орында және барлық жұқпалы аурулардан болатын өлім себебі бойынша бірінші орында тұр. Педиатрлардың ескертуі бойынша: ерте жаста пневмококкті отитке шалдығу есту қабілетінің төмендеуіне алып келуі мүмкін, 5 жасқа дейінгі балаларды зақымдайтын менингиттің шамамен 15%-ы пневмококктің әсерінен туындайды екен, ал осы қоздырғыш арқылы шақырылған пневмония дене қызуының өте жоғары болуымен және емдеуге бой алдырмайтын асқынулары арқылы сипатталады. Әрине, өкінішке қарай, бұл толық статистика емес. Мамандар айсбергтің тек шыңын ғана тіркеп үлгеру мүмкін екенін мойындап отыр.
Пневмококк жұқпасына көбінесе иммунитеті төмен балалар мен ересектер, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары, бүйрек және эндокринді жүйе аурулары, онкологиялық аурулар салдарынан әлсіреген, сондай-ақ егде адамдар жиі шалдығады. Пневмококкті ауруларға шалдыққыштық өте жоғары, сол себепті асқынулар тек балалардың арасында ғана емес, сонымен қатар бүкіл бір отбасында белең алуы мүмкін, әрі соңғы жағдайда жұқпаларды таратушы ауруға шалдыққан сәбилердің әжелері мен аталары болуы мүмкін.
Тағы да бір айта кететін жайт, пневмококк жұқпасына шалдыққаннан кейін қайтадан бұл қоздырғыштың басқа типімен шақырылатын ауру түріне душар болудың алдын алуына науқастың иммунитеті қауқарсыздығынан жағдай ушығуы ықтимал. Пневмококкты пневмония өте ауыр өтеді, әрі бұл қоздырғыш әдетте дәрігерлердің емдеу үшін тағайындайтын антибиотиктерге жылдам дағдыланып алады. Мұндай жағдайда пневмококк жұқпасының алдын алудың сенімді әрі жалғыз шешімі вакцинациялау. Мамандар Ұлттық күнтізбеге еліміздің ең кішкентай тұрғындары үшін 3 реттен тұратын екпелерді енгізу арқылы Қазақстанда дұрыс шешім қабылданғанына сенімді. Пневмококк жұқпасына қарсы вакцинация жүргізу таратушылардың санын азайту үшін де маңызды. Барлық жастағы өкілдер арасында, соның ішінде 5 жасқа дейінгі балаларда пневмококк жұқпасын таратушылардың саны өте жоғары екені белгілі.
Қазақ ұлттық медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті Ләззат Ералиеваның айтуынша, науқан басталғалы вакцинация негізінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 жасқа дейінгі балалар арасында өлім-жітімнің азаю үрдісі тұрақты байқалып келеді. Егер 2010 жылы ауруға шалдығудың жалпы деңгейі жаңа туған 1000 нәрестеге 19,46 %-ды құраса, бүгінде – 12,1 %. Жоспарлы вакцинаны 2012 жылдан бастап жүргізе бастаған Қарағанды қаласында және Қарағанды облысында 2014 жылы туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім жағдайы 1000 балаға 14,4 %-дан 10 %-ға дейін төмендеген, ал тыныс алу органдары ауруларына шалдығу екі есеге қысқарған. «Қолда бар деректерге сәйкес, вакцина қабылдаған балалар арасында серотиптердің немесе ауру тудыруға қабілетті пневмококк жұқпасы түрлерінің таралуы бұған дейін вакцина алмаған балалармен салыстырғанда 2,4 есе кем» екенін алға тартады Ләззат Ералиева. Нәтижесінде емханаға түсу және аурудан көз жұму жағдайлары азаяды.
Түрлі елдерде пневмококк жұқпасына қарсы вакцинаның алуан түрлері пайдаланылады. Пневмококк жұқпасына қарсы вакцинаны енгізген күннен бастап Қазақстанда тек қана 13-валентті вакцина қолданылады. Бұл препарат жоғары тиімділігімен әрі қауіпсіздігімен дәлелденген.
Ләззат Ералиева айтқандай, бүгінгі таңда пневмококк жұқпасына қарсы вакцина жасау көрсеткіштер тізімі кеңейіп келе жатыр. Бұған дейін негізгі мақсатты аудитория ретінде 2 жасқа дейінгі балаларды алған болса, қазірде иммундаудың одан да үлкен жастағы балалар мен қарт адамдардың денсаулығын сақтауға көмектесетіні анықталып отыр. Олардың қайсысы болсын пневмококк жұқпасынан қорғауға бір ғана екпе жеткілікті. «Иммунитеті төмен балаларға, жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққан, органдарын ауыстыру бойынша ота жасалған балаларға вакцина өмірлік көрсеткіш бойынша қажет және біз мұндай науқастар екпені тегін түрде алуларына қол жеткізіп отырмыз», деп пікірін білдірді сарапшы.
Ата-аналар қарапайым ережелерді сақтау арқылы өздері де вакцинациядан кейін болуы мүмкін жағымсыз салдарлардың алдын алады. Бұл ережелер туралы толық ақпаратты, сондай-ақ вакцинаның әсері мен иммундауға қарсы көрсетілімдер жайлы сұрақтар бойынша 8 800 080 55 58 телефоны арқылы «шұғыл желіден» білуге болады.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»