30 Қыркүйек, 2016

Әдемілік әдепте емес пе еді?

398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
korganbek-amanzhol-foto1Атағы алысқа кеткен бір жазушы ағамыздың баз-базында, ретті жерінде айтып қалатын бір одағай әңгімесі бар. «Көбіне өз-өзіммен, үндемей жүретініме, әлдебіреулердің шамға тиетін қылығына тиісті жауап қата қоймайтыныма, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтініме қарап біраз жұрт мені жуас деп ойлайтын көрінеді. Жоқ, ағайын, мен жуас емеспін, мен – мәдениеттімін», дейді ол кісі. Шынында да ешкімге дөрекілік танытпайтын, қылдай қиянаты жоқ, алыс-жақынның ала жібін аттамайтын алғаусыз адамдарға жуас, момын екен деп ен тағып айдарлап, ағаш атқа мінгізіп отыратынымыз өтірік пе? Сірә, дәп қазір арамызда ондай қой аузынан шөп алмайтын сыпайылар сирек кездесетін сыңайлы. Оның есесіне қай-қай мекемеде, сауда һәм қызмет көрсету орындарында болсын, тіпті көшеде де қаптап кеткен дөкір-дөрекіліктен, тұрпайылықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Мұның өзі мына заманда адамның, әсіресе қалт-құлт етіп жан бағып жүрген қарапайымдардың, қорғансыз қарттардың жүрегіне жүк түсірерін дәлелдеп жату артық. Қазақта «Танымасын – сыйламас» деген бір мәтел бар. Атадан қалған қағида деп осыған  сүйене ме, бір шаруаны бітіре қоймақшы болып әлдебір мекеменің есігін ашсаңыз да, немесе бас ауырып, балтыр сыздап емханаға кірсеңіз де суық көзқарас, қату қабақ, қатқыл жауап, сізге деген жүрек сыздатар, ұнжырғаны түсірер ілтипатсыздық пен құрметсіздік өңменіңізден итеріп, көңіліңізді су сепкендей басып тастайтын жағдайлар көбірек кездесіп жатады. Қорланасыз. Қолдан келер дәрмен жоқ. Тас қамалмен төбелесесіз бе? Тасбауырлыққа амалсыздан көнесіз, лажсыздан сол дөкірлердің зіркілдеген айқайымен айдағанға жүресіз. Ау, әдепсіздік пен дөрекілік, тасырлық пен тасбауырлық атам қазаққа жат мінез емес пе еді? «Түсі игіден түңілме» деп танымайтынды құрметтеп төрге шығаратын қанымызға сіңісті баба дәстүріміз бар еді ғой. Әдеп пен иба, сыпайылық пен сырбаздық, мінез байлығы адамның жанын сұлуландырып, азаматтық келбетін көркейтіп тұрар әлмисақтан белгілі ата құндылықтарымыз емес пе? Ендеше, осындай қарапайым әдеп әліппесінен жұрдай, ішкі мәдениеті төмен қызметкерлердің әр салада, әсіресе халыққа қызмет көрсететін орындарда көбейіп бара жатуының себебі неде? Осының өзі әрі-беріден соң қоғамдық дертке, тезірек сөндірмесе айнала-ауқымды жалмайтын өртке айналып бара жатқандай. Тегінде осындай келеңсіздікті дер кезінде байқаған Елбасымыздың «100 нақты қадамның» бірсыпыра тармақтарында қызмет этикасын қатаң сақтап, жоғары сатыға жақсарта көтеру қажеттігін алға тартуы қойыртпақ тасқынға қойылған толағай тосқауыл деп білсек керек. Әйтпесе, қарамағындағыларға жайдан-жай зіркілдеп ұрсып, отырса опақ, тұрса сопақ қылып, көптің көзінше қорлап, боқтап-балағаттауға дейін баратын бастықсымақтар сол отырған орындарына лайық па? Соларды мәдениетті адам деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, ондай керден кеткен, кеудесіне нан піскен, өркөкірек, ар жағында түгі жоқ, шікірейген шіренбей, мінезсіз басшылар әлде де болса жетерлік. Осындай мерездің тамырына түпкілікті балта шабылатын күні туса игі, алапесті құртудың амалы табылса игі деп үміттенуден жазбаймыз. Біле білсек, әдеп пен сыпайылық, кішіпейілдік пен иба, сыйластық пен мархабатшылдық адамның жан дүниесін сұлуландырып қана қоймайды. Бұл бекзат қасиеттердің, яғни адами мәдениет пен кісіліктің қайнар бұлағы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде жатыр. Адамгершіліктің тұнық айдынындағы ілтипаттылық, ізгілік, мейірімділік әр адамның жеке-дара мінез байлығы ғана емес, оның өзі жатқан бір телегей теңіз қазына, ұлттық байлықпен пара-пар дегіміз келеді. Неге десеңіз, қай адам болсын сыйлағанның құлы. Ал тасыраңдаған мінезсіз көкбет кімді сыйлап жарытады? Демек, халық ондай ілтипатсыздардың ақылы қызметіне жүгінбейді, тауарын ала қоймайды, дүкеніне кірмейді, емханасына бармайды. Нарық заманы мен заңдылығы әдепке, жеке бастың сырбаз мәдениетіне шақырады. Біздің бір бекзат ағамыз бар. «Шипадент» атты үлкен де мәшһүр тіс емханасының иесі. Осы емханадан қашан көрсеңіз де емделушілер үзілмейді. Тасы өрге домалап тұр. Алматыдағы қазақ-түрік «Сема» клиникасында да солай. Соның бір құпиясы кәсібилікпен қатар дәрігерлерінің кішіпейілділігі мен әдептілігінде жатыр. Науқасты дәріден гөрі жылы сөз, қамқор жанашырлық көбірек емдейді. Нақ осыған негізделген Түркияның медициналық туризмі қазіргі жаһандық нарық заманында өз елдеріне көл-көсір пайда түсіріп жатыр. Бұл ретте олар кәсіби жоғары біліктілік және озық технология, заманауи аппаратуралармен қатар, адами әдеп-ілтипатшылдықты алға шығарған. Қазақстанның да медицинасы жақсы дамып келе жатқанына, санатты дәрігерлер көптеп саналатынына дауымыз жоқ. Бірақ біздің емдеу мекемелерінен жанға медет жылы сөзді азырақ естиміз, құрақ ұшқан кішіпейілділікті азырақ көреміз. Демек, олар адами сипатын өзгерте алмай, баяғы тоңмойындықтан арыла алмай, жаһандық нарыққа бейімделе алмай жатыр. Әрине, бәрі бірдей емес, бірақ басым көпшілігі. Себебі, Қазақстаннан шетелге барып емделушілер көп, ал шеттен бізге келіп емделді дегенді естімеппіз. Осы ретте жаһанға танымал жапондықтардың ұлттық брендтерінің бірі ізеттілік екенін неге еске алмаймыз. Олай болса, әдеп байлығынан, адами мәдениет мәйегінен айнымайық та, айырылмайық та, ағайын. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024