Депутаттардың аймақтарды аралау бағдарламасы шеңберінде мен Алматы, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының мемлекеттік органдар өкілдері және кәсіпкерлерімен кездестім. Талқыланған мәселелердің қатарында сыртқы экономикалық байланыстар мәселелері де болды. Осы кездесулер барысында кәсіпкерлер тарапынан кедендік әкімшілендіру заңнамаларының жетілдірілмегендігінен, осы салада «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол беріліп жатқандығы туралы шағымдар айтылды.
Кедендік әкімшілендірудің жеткілікті дәрежеде жетілдірілмегендігінің бір көрінісі – Дүниежүзілік банктің «Doing-бизнес» рейтингінде Қазақстанның «Халықаралық сауда» өлшемдерінің көрсеткіштері бойынша барлық 189 орынның 122-ші орнында қалып отырғанынан да байқалып тұр. Кәсіпкерлердің пікіріне қарағанда, барлық гәп импортталған тауарлардың «Тәуекелді басқару жүйесі» (ТБЖ) әдістемесіндегі кемістіктерге байланысты кедендік құнды анықтауда болып отыр.
Барлық әлемде ТБЖ кедендік заңнаманың бұзылғандығын анықтауға, болжауға және болдырмауға қызмет етсе, бізде бұл жүйе фискалды сипат атқарып, бюджет түсімін арттыруды ғана көздейді. Яғни, баж түсімдерін арттырумен ғана айналысады. Соның кесірінен кәсіпкерлер кеденсіздендірудің арзан, жеңілдетілген жолын іздеп жүрген көрінеді. «Іздегенге – сұраған» болып, оған Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болғандығы «жақсы болыпты». Енді пысықай кәсіпкерлер Қазақстанға Қытайдан әкелінетін тауарларды Қырғызстан арқылы енгізіп, сонда кеденсіздендіріп алғаннан соң ғана бері тасымалдайды екен. Ал Қазақстан мен Қырғызстан арасында соңғысының ЕАЭО-ға кіргеннен кейін кедендік бақылау алынып тасталғаны белгілі. Сөйтіп, кедендік баж және қосымша құн салығы (ҚҚС) түрінде Қазақстан бюджетіне түсуге тиісті сомалар Қырғызстан бюджетін толтырып жатқан көрінеді. Мысал үшін айтар болсақ, 2016 жылдың 6 айында Алматы облысының сыртқы тауар айналымынан түскен кірісі алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 есе азайған. Нақтылайтын болсақ, 2016 жылдың алты айындағы кіріс 51 млн АҚШ доллары болса, 2015 жылдың сәйкес мерзімінде ол 908,9 млн АҚШ долларына тең болған. Қанша жерден экономикалық дағдарыс десек те мұншалықты (20 есе) құлдырау адамдық фактордың араласуымен болмаса, табиғи жолмен мүмкін емес. Дәл осы мерзімде ҚҚС көлемі де 9 есе азайған. Осының бәрі – бір-ақ облыста болып жатқан келеңсіздік. Республика бойынша алсақ, бұл соманың еселеп артары сөзсіз.
Соның бәрі біздегі ТБЖ-ның жетілдірілмегендігінің кесірінен болып отыр. Кәсіпкерлер оны қолдану әдісі арқылы түрлі үстемеақылардың көбейіп кеткенінен қашып, осындай қитұрқы шараларға баруға мәжбүр. Есеп комитетінің деректеріне қарағанда, 2015 жылы кәсіпкерлердің декларациядағы көрсетуіне сенбей 36 мың рет тексеріс жүргізіліпті. Содан кедендік заңнаманың тек 103 рет қана бұзылғандығы анықталған. Ал Атырау, Алматы, Қостанай, Ақтөбе облысы кедендерінде бірде-бір рет кеден заңнамасының бұзылғандығы табылмаған. Сонымен қатар, ТБЖ қолдану арқылы 1455 сараптама жасалып, соның нәтижесінде заңнаманың 13 рет қана бұзылғандығы анықталған. Соның ішінде құны 6 доллардан 200 долларға дейін ғана тұратын тауарлар партиясына да арнаулы сараптама жасалған. Осының өзі бұл әдістің тиімсіз қолданылатындығының бір көрінісі. «Зеңбірекпен торғай ату» деген нақ осындайда айтылатын шығар.
Тағы бір айта кететін жайт, кеден органдары енгізген осы ТБЖ әдісі Қазақстанның «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңының талаптарын да бұзатындығы көзге ұрып тұр. Осы мәселелерді ескеріп, Кеден кодексіне өзгерістер енгізуді өтініп, мен Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадым.
Аманжан ЖАМАЛОВ,
Мәжіліс депутаты