Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болды.
Онда алдымен Мәжіліс мақұлдаған Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы ТМД-ға қатысушы мемлекет басшылары 1994 жылдың 15 сәуірінде қол қойған келісімге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуына қарағанда, заң жобасы Қазақстанда 215 мың адамды қамтитын көрінеді. Бүгінгі таңда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік қамтамасыз етілуінде түбегейлі өзгерістер жасалып, ұлттық заңнамалары мен әлеуметтік жүйелері қалыптасты. Осынау өзгерістер 1994 жылғы жасалған келісімге енгізілмей келеді. Ұсынылып отырған заң жобасы осы өзгерістердің келісімге енгізілуін көздейді, деді министр.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына уақытша барған осы заңды қолдануға тиісті біздің адамдарға берілетін кепілдіктер тізімі өзгерген. Заңға сәйкес, ондайлар енді ауырған жағдайда, жарақат алып немесе уланып қалса және т.б. қиын жағдайға ұшыраса медициналық ұйымдар оған тегін жедел медициналық көмек жасауға, ал сауда және байланыс орындары кезектен тыс қызмет көрсетуге міндетті.
Сонымен бірге, жеңілдіктерге ие болатын адамдар қатарына 1944 жылғы 1 қаңтар мен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина, Беларусь, Литва, Латвия, Эстония аумақтарындағы заңсыз құрылымдар мен топтарды жою жөніндегі ұрыс операцияларына қатысқан адамдар да осы келісімге енгізіліп, оның аясын кеңітіп отыр. Қазақстан аумағында осындай 29 адам тұратын көрінеді.
Баяндама аяқталған соң Т.Дүйсенова депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде сенатор Аңсар Мұсаханов заң жобасы жеңілдік категориялары бойынша қанша адамды қамтитынын сұрады. Оған Ұлы Отан соғысына қатысушылар – 3200, Ауғанстан соғысына қатысқандар – 18 мың, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқандар – 18 мыңнан астам және т.б. екендігі айтылды.
Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов келісімге енген мемлекеттерде жеңілдіктер өздерінің ұлттық валютасымен төленетінін айта келіп, олар қалай ретке келтірілетінін сұрады. Оған жеңілдік көлемі сол елдің ұлттық заңнамасында белгіленген көлемде берілетіндігі айтылды. Оларды барлық елде бірдей деңгейге жеткізу қарастырылмаған екен.
Бұлардан басқа бірнеше сұрақтан кейін заң жобасы талқыланып, хаттама ратификацияланды.
Жалпы отырыста, сондай-ақ, Мәжіліс мақұлдаған Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция мен оған жасалған хаттаманы ратификациялау туралы заң қабылданып, бұл хаттама да ратификацияланды.
2015 жылғы 28 тамызда Астанада қол қойылған Конвенция мен Хаттама Қазақстан мен Сербия арасындағы инвестицияға қолайлы жағдай жасау арқылы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталған. Конвенция қосарланған салық салдырмау мақсатында жасалған халықаралық құжат болып табылады. Тараптар салық төлеушіге қатысушы мемлекеттердің бірінде ғана тек бір рет салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралып болған соң Премьер-Министрдің атына бірқатар депутаттық сауалдар жария етілді. Ал сенатор Аңсар Мұсаханов Алматы облысындағы үш азаматтың өлімін тергеуге қатысты Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»