01 Қазан, 2016

Асылбек ҚИЛЫМОВ: Бокс – өмірімнің бір белесі

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кезінде қазақ боксы мақтаныштарының бірі болған КСРО-ның 1984 жылғы чемпионы, 1985 және 1986 жылдарғы күміс жүлдегері Асылбек Қилымовты спорт жанкүйерлері ұмыта қоймаса керек. Жақында біз белгілі былғары қолғап шеберімен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік. – Бокстың сүйек майын шаққан шетел­дік бір журналистің «Майк Тайсон – өз мүмкіншілігінің 50 па­­­йы­зын ғана жүзеге асырған бокс­шы» деген пікірін оқып едім. Төрт­күл дүниені дүрліктірген «Темір Тай­сон» өз мүмкіншілігін жартылай ғана жүзе­ге асырса, қазақтың күрзі жұды­рық­ты жігіті Асылбек Қилымовта бұл көрсеткіш 30-40 пайызды құрайтын шығар. Неге? – Рахмет. Шынымды айтсам, осы сұрақ­ты өзіме де көп қойдым. Оның же­те­гінде ой дариясына сан рет шомдым. Бірақ әлі оның нақты жауабын таба алған жоқпын. Көп нәрсені күні бүгінге дейін түсіне алмай, дал боламын. Бәріне спортпен қоян-қолтық қабаттасып жүретін сая­сат кінәлі сияқты. – Сонда өзіңізді «тоталитарлық жүйенің солақай саясатының құрбаны­мын» деп санайсыз ба? – Бүгінде олай деп, өзімді тым жоға­ры бағалағым келмейді. Бірақ мен бір-екі мысал келтірейін. 1979 жылы Молдавияда КСРО-ның жасөспірімдер ара­сындағы чемпионаты өтті. Оған қаты­су үшін қала, облыс, спорт қоғамы және Бүкілодақтық кәсіподақ спорт қоғамының біріншіліктерін жеңу керек. Мен олардың үшеуін оңай жеңіп шығып, жеңімпаз атандым. Соңғысында ақтық бәсекеде ұтып тұрсам да, прибалтикалық қарсыласымның қолын көтерді. Негізі, мұнда екінші орын алған боксшының өзін Одақ чемпионатына шақыртулары керек-тін. Бірақ мені ешкім де шақырма­ды. Бапкерім Александр Драч бұрын Молдавияда қызмет еткен маман еді. Ол бірден өзінің бұрынғы таныстары арқылы мені сол республика құрамасына қосып жіберді. Өйткені, ол кезде чемпио­натты ұйымдастырушы республикаға өз командасын қоюға рұқсат берілетін. Сөйтіп, мен молдовандар командасы сапында рингке шықтым. Әбден ашынсам керек, қарсыластарымды алғашқы раундтарда-ақ нокаутпен жеңе бастадым. Содан барлық қарсыластарымды ұтып, жасөспірімдер арасында Одақ чемпионы атандым. Бұдан кейінгі үш жылда Қарағандыда (1980), Пензада (1981), Каунаста (1982) өткен жасөспірімдер біріншіліктерінде топ жардым. Кейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсете бастағанда бапкерлердің кей қылықтарын түсіне алмай-ақ қойдым. Финляндияда өткен халықаралық турнир­дегі бірінші жекпе-жекте қарсыласымды бірінші раундта-ақ нокаутқа жібер­дім. Құраманың бас жаттықтырушысы Ар­тем Лавров маған ұрысты. «Неге жұды­рықтаспайсың?» дейді. Екіншісінде нокаутқа түсірдім. Лавров тағы жер-жебіріме жетті. Үшінші жекпе-жегімде қашып-пысып жүріп алдым. Үзілісте Лавров мақтады. «Міне, осылай жұды­рық­тасу керек» деп қояды. Соңында оны да сылқ еткіздім. Лавров тағы ұрысты. Ал мен түсінбеймін. Неге мен өзімді басқаға ұрғызып қоюым керек?! – Ең өкініштісі, халықаралық аренада елеулі жеңіске жете алмадыңыз. Оның да сыры бар ма? – Ұзын-қысқасы 15 халықаралық турнирде жеңіс тұғырының ең биік саты­сына шығып, осынша рет КСРО туын көкте желбіреттім. Мұны мақтан ете­мін. Ақ шаршы алаңдағы ең басты арманым Олимпиада чемпионы болу еді. Ол жүзеге аспады. Оның да себебі бар. 1984 жылы Олимпиадаға баратын КСРО құрамасының сапына 4 қазақ іліндік. Төрт қазақ! К.Әбдірахманов, С.Нұрқазов, С.Қонақбаев және мен. Бірақ Олимпиада қарсаңында бізге КСРО Лос-Анджелеске спортшыларды жібермеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Өз басым жай соққандай, мең-зең болдым. Осыдан кейін спортты саясат демей көр. Ал сол Олимпиадада мен екі рет жеңген Оңтүстік Корея боксшысы Шин Джун-Соп чемпион атанды. Мен оны 1982 жылы 18 жасымда Финляндияда нокаутқа түсіргенмін. Содан соң 1983 жылы Таиландта таза жеңгенмін. – Соққыңыздың қуатты болуы жаратылыстан ба, әлде жаттығулар арқылы қол жеткен жетістігіңіз бе? – Табиғи жаратылыстан. Тәңірдің берген сыйы шығар. Ауылда өстік. Үйде мал бар, бау-бақша да болатын. Олар­дың бәріне су керек. Құдықтан қау­ғамен су тартатынмын. Екі шелекті иін ағаш­қа іліп, екеуін қолға ұстап, таситынбыз. Қысқа отын дайындау үшін қол арамен аралап, балтамен ағаш жаратынмын. Мүмкін осы жұмыстардың да септігі тиген шығар. Жалпы, мен рингте 216 жекпе-жек өткізіп, оның 82 пайызын аяғына жеткізбей аяқтадым. КСРО құрамасының сапындағы жаттығуларда соққымды тексергенде, 724 килоны көрсеткен. – Бокстан неге тым ерте, 23 жасы­ңыз­да, ең өкініштісі, Олим­пия ойын­дарына бір жыл қалғанда кеттіңіз? – Жалықтым. Рингте өткізген 10 жыл өмірімде әділеттілік көрдім деп айта алмай­мын. Ал Олим­пиадаға баратын құрама­ның сапына мені алатындарына сенімді болған жоқпын. Сол себепті 1987 жылы қолғабымды «бұрышқа» атып ұрдым. Әңгімелескен Нұрғазы САСАЕВ