Атақты велошабандоз Александр Винокуров Лондон төрінде жеңістің ең биік тұғырына көтерілгеннен кейін солтүстік өңірде жерлес ағаларына ұқсағысы келген жас толқынның саны күрт артты. Қазір олардың алды халықаралық жарыстарда топ жарып, Рио Олимпиадасына қатысып қайтты. Біз тегеурінді топтың бір шоғырын тәрбиелеумен айналысатын велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир ПАРАХИНГЕ жолығып, әңгімелескен едік.
– Владимир Алексеевич, бүгінде шәкірттеріңіздің есімдері әлемге танымал. Әлем чемпионын да қанаттандырып ұшырдыңыздар.
– Иә, 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп, өңірді айтпағанда, еліміздегі велоспорттың дамуына зор үлесін қосып, ынталы да талапты балаларды өзіндік ерекшеліктері мол спорттың осы бір қиын түріне талмай баулып келеді. Осы жылдар беделінде бәрі дұрыс, тақтайдай жазық болды десек, ешкім сене қоймас. Жүйкені жұқартатын проблемаларды бастан қанша өткерсек те, мақсатымыздан айныған емеспіз. Тіпті, қаражат тапшылығынан мектепті уақытша жабуға да тура келген. Десек те, мүдделі орындардың түйінді мәселелерді байыптылықпен шеше білудің арқасында материалдық-техникалық базамыз анағұрлым жақсарды. Қазір мұнда 10-17 жас аралығындағы 200-ге жуық тәрбиеленуші жаттығады. Олардың 12-сі облыс құрамасына алынып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр.
– Бұрындары арнайы жаттығатын орындардың жетіспеушілігінен қиналып жүретін едіңіздер. Түйінді мәселе шешімін тапты ма?
– Велоспортшылар кешенді әрі үзбей жаттыққанда ғана спорттық бабын сақтайды. Жаз маусымында Явленка, Мамлютка, Архангелка тасжолдарын, Борки кентіндегі трассаны пайдаланамыз. Ауламызда шағын велодромымыз, «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, №17 ұлттық өркендеу мектебінде және Қызылжар ауданында филиалдарымыз бар. Қыста жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмеде сығылысып, дайындалу жайы қатты қинайтын. Былтыр бой көтерген әмбебап спорт сарайынан халықаралық талаптарға сай жабдықталған жеңіл атлетика манежі мен велозал берілді. Жергілікті қазынадан бөлінген қаражатқа 33 велотренажер сатып алынды.
Десек те, велоспорттағы басты проблема – жол. Кей кездері балғындар бастарын қатерге тігіп, автокөліктермен бірге жүруге мәжбүр. Тасжол тақтайдай түзу, тегіс болса, бір сәрі. Шағын ғана Бельгияда 35 мың шақырым веложолақ бар көрінеді. Аманшылық болса, ол күнге де жетерміз.
– Спорт мектебі білікті мамандармен қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Шәкірттеріміздің кәсіби шеберлігін шыңдай отырып, елін, жерін сүйетін отаншыл азаматтар тәрбиелеуде жаттықтырушыларға қойылатын талап ерекше, жауапкершілік жүгі ауыр. Оның үстіне, ірі жарыстарда ел намысын ойдағыдай қорғау секілді міндеттер тұрғанын ескерсек, көпжылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі кадрларға алдымен арқа сүйейміз. Қазір сегіз маман жұмыс істесе, олардың арасында осы салаға ширек ғасыр ғұмырын арнаған Петр Нетесовтің, Игорь Зельниковтің және Сергей Ишимовтің есімдерін мақтанышпен атауға болады.
Мен велоспортты «спорттың төресі» дер едім. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедті үздіксіз тепкен адамның өмір жасы бес жылға ұзарады. Күйзелістен арылу мен жастықты сақтаудың, варикоз сияқты аяқ ауруларына қарсы қолданылатын бірден-бір «ем». Жүрек, өкпе, бұлшық еттер жақсы дамиды. Міне, велоспорттың осындай артықшылықтарын балалар сезініп өссе, А.Винокуровтың ізін қуушылар қатары, сөз жоқ, артар еді.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»