01 Қазан, 2016

Сарғайған сурет сыры

558 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
foto-3009Тағдырдың жазуымен менің қолыма тиіп, бас газетімізде ал­ғаш жарияланып отырған фотосурет осыдан 94 жыл бұрын түсі­ріл­се керек. Оның астына сия қарын­дашпен орысша былай деп жазылған: «Фото казахской интел­лигенции после банкета по пово­ду окончания медицинского факультета Ташкентского университета Аккагаз Дощановой. 1922 г. Ташкент». Демек, қазақтың тұң­ғыш дәрігер қызының Ташкент уни­верситетінің медицина факуль­­тетін бітіруіне байланысты жа­йыл­­ған ақ дастарқанына қазақ зия­лыларының кіл қаймақтары жиналып, аяулы қарындастарының қуанышына ортақтасқан деген сөз. Бұлардың ішінде сол кез­дегі Түр­кі­стан республикасының ас­та­насы Ташкенттегі қазақ қайрат­керлерінің, оқы­мыс­тыларының, өнер адамдарының, бір сөзбен айт­қанда, кеңестік биліктің қысы­мынан ығысып, бой тасалаған Алаш азаматтарының үлкен тобы барын аңғару қиын емес. Ортада Мағжан Жұмабаев, соңғы қатарда Мұхтар Әуезов тұр. Алаштың ақиық ақынын жазбай таныған – Рымғали Нұрғалиев ағамыз. 1922 жылдың 10-20 қыр­күйек арасында Мағжанның Қызыл­жардан кетуіне тура келген. Оған Сабыр Шәріповтің қа­ра­лап жазған мақаласы себеп бол­ған. Жаңа құрылған губерния орталығына губревком төр­ағасы Әбдірахман Әйтиевтің арнайы шақыруымен келген Мағжан Қызылжарда «Бостандық туы» газетінің редакциясы мен баспаханасын ұйымдастырады. Ашыққандарға көмек көрсететін төтенше комиссия төрағасының орынбасары ретінде қазақ ауылдарында белсене жұмыс атқарады. Сөйтіп жүргенде жергілікті «Мир труда» газетінде бұрынғы алашордашыларды, оның ішінде Мағжан мен Жұмағали Тілеулинді қаралап, «Олардың мойнында кісі қаны бар» деп жала жапқан ашық хат жарық көреді. Бұл кезде Мұхтар Әуезов Казциктің саяси хатшысы қызметін тастап, партиялық есептен шықпаған күйі Ташкентке кетіп қалған еді. Суреттің дәл қай күні түсірілгені белгісіз. Бірақ киім киістеріне қарағанда оңтүстіктің қысы екені анық. Шамасы, қараша­ның аяғы, желтоқсанның басы секіл­ді. Суреттің астына аты-жөн­дері жазылғанымен, ажырату қиын. Өшіп қалған жазулардың кейбірін қалпына келтіру үшін криминалистика мамандарының көмегіне жүгінуге тура келді. Олар: 1. Аккагаз Дощанова, 2. Халил Досмухамедов, 3. Иса Каш­ким­баев, 4. Кашкымбаева, 5. Ход­жанова, 6. Рабига Каратаева, 7. Маг­рифа Койайдарова, 8. Сара Капи­на, 9. ...ебарова, 10. Сабыр Ка­пин, 11. Кайрулла Каратаев, 12. Мухтар Ауезов, 13. Омаров, 14. Альджан..., 15. Мариям Ахен­бекова, 16. Омарова, 17. Анель Асфен­диярова, 18. ... 19. Дос­мухамедова, 20. Тынышбаев. Біз­дің ойымызша, жазу да, суреттің иесі де Сара Асыл­қожақызы Құр­манбаева (Капина) болуы ық­тимал. Өйткені, ол, сол кез­де Ақ­қағаздан бір курс кейін оқы­ған. «Арпа ішінде бір бидай» секіл­ді, саусақпен санарлық қазақ қыз­дары бір-бірін білмеуі мүмкін емес. Суреттегі адамдардың кей­біреу­леріне түсінік бере кетейік: 1. Ақ­қағаз Досжанова – қазақтан шық­­қан тұңғыш дәрігер қыз, Алашорда­ның белді мүшесі болған. Қазақ жас­тарының «Жас азамат» ұйымын құрысушылардың бірі. Алаш ардагері, омбылық адам фельдшері Сағындық Дос­жановтың қызы. 1931 жылы ауырып, қайтыс болған. Бішкек қала­сы­ның маңына жерленсе керек. 2. Халел Досмұхамедов – Алаш көсемдерінің бірі, про­фес­сор-дәрігер. Қазақстанды зерт­­теу қоғамын басқарған. Оның жанында – профессор А.Е.Шмидт. 3. Күләндәм Қо­жанова (Мұңайтпасова) – Сұл­тан­бек Қожановтың әйелі. 4. Сара Капина (Құрманбаева) – Түркі­стан республикасының прокуроры, қоғам қайраткері Сабыр Капин­ның әйелі, қазақтың ал­ғаш­қы журналистерінің бірі. Ы.Алтын­сариннің шәкірті, «Дала уалаяты» газетінің тілшісі Асылқожа Құрманбаевтың қызы. Сара Таш­кент медицина институтында сабақ беріп, доктор, профессор дәрежесіне жеткен. 5. Әнел Ас­фендиярова – соңғы курс сту­денті, профессор, тарихшы, дәрігер Санжар Асфендияровтың қарын­дасы. 6. Мұхамеджан Тыныш­баев – Алаш көсемдерінің бірі, тұңғыш теміржол инженері, тарихшы. Суретті сәл ертерек зиялы қауым өкіл­деріне көрсетіп, аты-жөндерін тиянақ­тап алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Енді осы қымбат қазынаның қолы­мызға қалай түскені туралы аз-кем мағ­лұмат бере кетейік. Асылқожа Құр­ман­байұлы деген алғашқы кәсіпқой журналист, ағартушы, ұстаз болғанын қазақ бас­пас­өзінің тарихын зерттеушілер жақ­сы білсе керек. Торғай даласында Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің түлегі «Дала уалаяты» газетінде белсенді қыз­мет атқарып, айшықты қолтаң­басын қалдырған. 1905 жылғы «алғашқы орыс революциясы» деп аталған дүрбелең кезінде қазақ халқының тәуелсіздігі туралы ұран көтеріп, Ресей патшасының әділетсіз билігіне қасқая қарсы тұрған ол, «саяси сенімсіз тұлға» ретінде Лепсі оязына қарасты Қапал қаласына жер аударылған. Кеңестік билік орнаған кезде Жетісудағы халық ағарту ісіне белсене араласқан. ХІХ ғасырдағы қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу барысында оның өмірі мен қызметіне байланыс­ты деректер іздестіріп жүріп, Алматы­да қызы тұратынын білдім. 1969 жылы жолыққанымда Хадиша әжей сексеннің сеңгірінен асқан. Құлағы шала еститіндіктен, қағазға жазып сөйлесіп едім, біразға дейін сеніңкіремей отырды. «Сара Есовадан сұраңыз, әкем туралы көп біледі», деді. Ол кісімен телефон арқылы хабарласқанымда жолатпайтын сыңай танытты. Қандай кінә қоярсың? Заманнан жапа шегіп, жүректері әбден шайлығып қалған ғой. А.Құрманбаевтың Хади­шадан туған жиені Роза Сейдузова ҚазМУ-де сабақ беретін. Оқып жүргенде сыртынан танитын едім. 1982 жылы жол түсіп жолық­қанымда Роза апамыз зейнетте екен. Шешесінен және нағашы атасынан қалған көне альбомды әкеліп, алдыма қойды. Мұқабасын өткір ұстарамен тіліп, ішіне жасы­рыл­ған осы суретті алып берді. «Қазақ тарихына ықылас-ниетің түзу екен. Жариялай алмасаңыз да сізде болсын», деп аманаттады. Бір жағынан, орысша тәлім-тәрбие алған балаларына сенбеген тәрізді. Кеңестік дәуірде мұндай жәді­гер­дің жарық көруі мүмкін емес-тұ­ғын. Тәуел­сіздігіміздің ширек ғасыр­лық мерейтойы қарсаңында газет оқырмандарының назарына ұсы­нуды жөн көрдім. Бәлкім, сар­ғай­ған суреттен таныстарын, бол­ма­с­а туыстарын кезіктіріп, жаңа сыр­­ларға қанығып қалуымыз ғажап емес. Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік  Қазақстан мемлекеттік университетінің  профессоры Солтүстік Қазақстан облысы