01 Қазан, 2016

Қариялары көп, жастары жоқ ауылдар

300 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dsc_4355Шағын ауылдардың проблемасы Қызылжар өңірінде де жетіп артылады. 700-ге жуық елді мекеннің үштен екісі осы санатқа жатады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған урбанизация үрдісі әлі саябырсыр емес. Керісінше, күш алып келе жатқандай әсер береді. Жаһандану дәуірінің «белбаласы» саналатын бұл толқын осылай жалғаса берсе, тоқтам болмаса, ұлттық құндылықтарымыздың өзегі, тіні – алтын бесігіміздің орны қаңырап, жұртын сипап қалуымыз кәдік. Жұмыс сапарымен шалғайдағы бір ауыл­ға барғанымызда түтіні түзу ұшқан, шат­тығы шалқыған шаңырақ іздестіргенбіз. Сонда «ең сыйлымыз», деп 70-ті еңсерген ақсақалды таныстырған. Қабағы салыңқы екен, әңгімеміз жараса қоймаған. Сөйтсек, кейін естіп-білгеніміздей, қолында тұратын ортаншы ұлы жылы мекенін тастап, көшу­ге бел байлапты. Ішкілікке салынып, жап-жақсы жұмысынан айырылған ол өз қателігін түсінудің орнына қыңырая қалған. Мұндай қыңыр мінезбен, алды-артын ойламаған шолақ шешіммен ешкімді жеңбесі, мұқата алмасы айдан анық. Бойынан әл-күш кетіп, қабаққа жаутаңдап қалған кәрі әке-шешенің ертеңгі жайы, тірлігі не болмақ деген сауалға бас ауыртпайтын тәрізді. Азын-аулақ малды сатып, жүгін буып-түйіп қойыпты. Оның тұрмысты оңалтудың, асқар таудай панасын, әзиз анасын тентіретпеудің жолын ойластыру орнына, тоғы­шар­лыққа салынып отырғаны көрініп тұр. Жарайды, қаржылық жағдайы, тұрмыстық бақуат­тылығы келіссе, қоныс аударуын түсінер едік. Ақылды, сабырды ұмытып, түлен түрт­кен­дей тұра қашқаннан кім ұтпақ? Ешкім де. Қала­дағы қымбатшылық одан әрі тентіре­тіп жібер­месіне кім кепіл? Ал ата-анасы­ның зейнет­­ақысымен күнелтіп, аяқ-қолы балғадай болғанына қарамастан, санда бар, санатта жоқ сылтыңбайлардың намыссыздығы қарадай күйдіреді. Мұндай келеңсіз көріністердің бір себебі жұмыссыздыққа келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Оның салдарынан қарттары көп, жастары жоқ елді мекендер көбейді. Бұған жол қатынасының қиындығын қоссақ, түйткілді проблемалар көбейе түседі. Бірақ солай екен деп қол қусырып отыру өркениетке ұмтыл­ған ел дәстүріне жарас­пас болар. Барды орайластырудың, тиім­ді пай­даланудың, кіріс көзін табудың, сөйтіп, тұрмысты жақ­сартудың орнына бойкүйез­дікке, бей-берекетсіздікке салы­нып жүрген­дер аз емес. Арамызда мемлекет қолдауына сүйе­ніп, шаруашылықты ұршықша үйіріп жүрген азаматтар көп­теп кездеседі. Олардың зор ұйымдастырушылық қажыр-қай­­раты, білімі, тәжірибесі өзгелерге үлгі-өнеге. Осын­дай ел­жан­­ды­лық, мәрттік қасиеттер жан жадыратып, көңіл сүйсінтеді. Мәс­е­лен, Есіл ауданындағы Қайырбек Қожасов 57 түтіні бар Еңбек ауылының 25 тұрғынын жұмыспен қамтып, бұрынғы «Бай Еңбек» деген атағына лайық болуды мақсат еткен. 3 мың гек­тар жерге астық өсіреді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие­ге ірі қара мал алып, 200 басқа жеткізді. Орташа айлық жалақы – 80 мың теңгенің төңірегінде. Кәсіпкердің қамқо­р­лы­­ғы­­на дән риза үл­кен­дер жағы көшуді емес, сүттей ұйыған ұжым­­ның амандығын тілей­ді. Жоғары сынып оқушы­ларының аудан ор­талығындағы интер­натқа қатынап оқуы үшін арнайы көлік бөлінген. Ауыл тірлігінің кері кетуінің бір себебін Өзбекстаннан көшіп келген Ыбырай Ошанов былай түсіндіреді: – Біріншіден, Қазақстанды ғана емес, дүйім дүниені жайлаған жұмыссыздық. Екінші­ден, мектептердің жабылуы. Десек те, алдағы күннен еш үміт үзуге болмайды. Шын­дап ізденсе, қам-қарекет жасаса, тығырықтан шығудың жолы қашан да табылады. Оның бірден-бір кепілі – қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысу. Оған мүмкіндігі жетпесе, бау-бақша салсын, көкөніс, мал, құс өсірсін. Оған мүм­кіндік мол. Жұмысқа орналасарда алдымен еңбек­ақысын сұрап, оны азырқанса, мұрын шүйіретін адамдарды, ауылдан ат-тонын ала қашатын жастарды еш түсінбеймін. Өткенде облыс орталығында бір танысымның баласын кездестірдім. Ауылдағы әке-шешесін тастап, енді тентіреп жүр. Мамандығы жоқ оған жоға­ры жалақылы қызметті кім ұсына қоя­ды? Одан да туыстарының жанында ауылды өр­кен­детуге ат салысса, нәпақасын айырар еді. Ақжар ауданында болғанымызда «Дәуіт-Астық» ЖШС-нің директоры Болат Әубәкіров­тің осы аттас ауылда жаңа спорт алаңын пай­да­лануға беру рәсіміне қатысқанбыз. Жас­тарға тегін тарту еткен. Бұл сый қарияларды қат­ты қуантқан. Жас буынға керегі – әлеуметтік қам­қорлық. Клуб, көңіл көтеру орталығы жұмыс істеп тұрса, жылы орындарын суытуға еш­қай­сысы да асықпайды. Тағы бір мысал. Облыс­тық мәслихаттың депутаты, Ғ.Мүсірепов ауданы «Раисовское» ЖШС-нің басшысы Владимир Коваленконың қарттар мен жастарға деген қайырымдылығында шек жоқ. Мектепке жаңа қазандық орнатты. Жылыжай ашты. Оқушылар тегін тамақтанады. Стадион, хоккей кортын, бокс залын салды. Кез келген мерекеде төр алдымен үлкендерге ұсынылып, айрықша құрметтеледі. Қазақ ауылдарын сақтап қалудың, бұрынғы ахуалын қал­пына келтірудің ұтымды бір жолы – ішкі миграциялық үдеріс­терге ерекше екпін беру. Бұл тұрғыдан алғанда, облыста жүйелі шара­лар атқарылып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сары­ағаш ауданы бастап берген көші-қон шеруінде қазірдің өзінде демо­графия­лық өсімнің жақсарып, тараудың аз-ақ алдын­да тұрған шағын ауылдардың тамырына қан жүгіре бастағаны қуантады. Есіл ауданы Бір­лік ауылында жабылып қалған мектеп қайта ашылып, іші ақар-шақар балаға толды. Осын­да орналасқан отба­сылардағы ақ сақалды атай­лар мен ақ жаулықты әжейлер қуаныш­тың ортасында жүрді. Биыл оңтүстік облыстардан 110 отбасы көшіп келсе, келер жылғы меже бұдан да биік. Екінші ұтқырлы шешімі – жергілікті билік орындары­ның қаржылық, әлеуметтік қолдауы. Осы орайда Шәйін Рамазанова­ның хаты­нан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік. Еңбек арда­гері Шал ақын ауданына қарасты шағын елді мекендерге қатысты оң өзгерістерді тілге тиек ете келіп, аудан әкімі Ербол Сағдиевке ерек­ше ықылас білдіреді. Олай бола­тын жөні бар. Ел азаматы қазақ ауылдарын дамытуға бай­ланыс­ты қабылданған жергілікті бағдарлама­­ның бет­­ашарын Ақанбарақ ауылынан бастап­­ты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында қарттары көп, жастары жоқ елді мекендерді түлетуді перзенттік парыз санапты. Үйренетін осындай тәжірибелер кеңінен өркен жайса, ауылдарымыздың ертеңі еңселі болары анық. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеу­меттік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық  мақаласында «Біз жұмыс­сыз­дардың барлығы бірдей жұмыс іс­теуге ұмтылмайтындығын көріп отырмыз. Өкі­нішке қарай, адамдар арасында жаңа білік­тілікті меңгеруден гөрі базарда «таксист» қыз­метін атқаруды қалайтын психология сақта­лып отыр», деп атап көрсе­те келіп, баршамызды ел игілі жолындағы еңбек­ке шақырған бола­тын. Олай болса, екі қолын қалтаға салып, масыл­дық­қа бой ұрған ауылдықтар үшін де, тиісті органдар үшін де бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғынатын мезгіл жетті. Әлемнің әміршісі еңбек қана бар қиындықты еңсермек. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024