2011 жылғы 26 ақпан, Алматы
«Ұлы қолбасшылар» монеталар сериясынан «Томирис» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығару туралы
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы 26 ақпанда «Ұлы қолбасшылар» монеталар сериясынан «proof» сапасымен жасалған номиналы 100 теңгелік «Томирис» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарады.
«Томирис» монетасының сипаттамасы:
Монетаның бет жағында (аверсінде) сол жағында Қазақстан Республикасының алтындатылған елтаңбасы, монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Оң жақ бөлігінде – салт аттылар. Төменгі бөлігінде соғылған жылын білдіретін «2010» деген сан бейнеленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген және мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және ағылшын тілінде «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазулар бар. Жазулар нүктелермен бөлінген.
Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада сансыз әскер қаумалай қоршаған Томирис патшаның бейнесі (А.Дүзелхановтың картинасының фрагменті) орналасқан. Жоғарғы бөлігінде айналдыра монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 925, 31,1gr.» деген жазу және патша өмір сүрген ғасырды білдіретін «VI в.с.» және «Томирис» деген жазу бар. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген.
Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген.
Қыры (гурты) бедерлі.
Монета 925 сынамды күмістен, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, «proof» сапасымен дайындалған.
Ең көп таралымы – 13 мың дана.
Номиналы 100 теңге ескерткіш күміс монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі
«Томирис» ескерткіш күміс монеталары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, «Польшаның монета сарайы» акционерлік қоғамы және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны арасындағы Монеталар шығаруға және сатуға арналған келісімге сәйкес дайындалды.
Осы Келісім бойынша:
- «Польшаның монета сарайы» Қазақстаннан тыс жерлерде тарату немесе сату үшін Ұлттық Банктен тиісті монеталарды сатып алады;
- Қазақстан теңге сарайы монеталарды дайындайды және жеткізеді;
- Ұлттық Банк дайындалған монеталардың бір бөлігін 3000 (үш мың) дана санымен коллекциялық құны бойынша Қазақстанның ішкі нарығында сату үшін резервтейді.
Бұдан үш мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның кең даласында құдіретті сақ-массагеттер өмір сүрді. Ұлы дала біз үшін өз батырлары туралы естеліктер сақтап келген. Ежелгі жылнамалар бойынша Томирис ретінде белгілі массагеттер патшасы Тұмар ханым парсы әскеріне күйрете соққы берді және Парсы державасының негізін қалаушы Кир патшаны жеңіп шықты.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша сатып алуға болады: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.