«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындағы «Аида» операсына көпшіліктің қызығуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, спектакль «Ла Скала» сахнасындағы италиялық режиссер Франко Дзеффирелли қойылымының нұсқасы болып табылады. Екіншіден, жаңа маусымдағы спектакльде Радаместің рөлі Алманиядан келген белгілі тенор, Мангейм ұлттық театрының солисі Михаил Агафоновқа, ал басты партияны орындау театрдың жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинаға тапсырылды.
Радаместі сомдаған М.Агафоновтың есімін көрерменге жаңадан таныстырып жату артық, өйткені оның өнері Венаның мемлекеттік операсы, Ковент-Гарден Корольдік операсы, Париждің ұлттық операсы, Ресейдің Үлкен театрлары, сонымен қатар Берлин, Мюнхен, Стокгольм, Дрезден, Хельсинки, Торонто, Майами, Токио сияқты басқа да қалалардағы опералық ошақтар арқылы жақсы мәлім. Әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындырған белгілі тұлға Мәскеуде дүниеге келген. Әртіс (Дж. Пуччинидің) «Эрнани» және «Дон Карлос» операларындағы – бас партияларды, «Тағдырдың күші» операсында – дон Альваро, «Трубадурда» – Манрико, «Тоскада» – Каварадосси, «Турандотта» – Калаф, В.Беллинидің «Нормасында» – Поллион, Р.Леонкаваллоның «Сайқымазағында» – Канио, Дж.Россинидің «Севиль шаштаразында» граф Альмавива сияқты сандаған басты партияларды орындады.
Солист бұл ретте: «Бұл менің ең сүйікті партияларымның бірі, ал «Аида» операсына деген сүйіспеншілігім алабөтен. Негізі, Дж. Вердидің әрбір бейнесі мен үшін маңызды», деген болатын. Опера өнерінде аты аңызға айналған Франко Дзеффиреллидің ғаламат қойылымы шоу сипатымен және заманауи технологияның озық элементтерін қолдануымен үздік шығармаға айналып отыр. Италиялық режиссер сахнаны көне Мысыр өнерінің үлгілерімен толтырған. Сәнді көп қабатты алып декорациялардың қатарында Сфинкстің басы, сахнаны жалтыратып тұру үшін ілінген алтын кесектер, мысырлық Құдайлардың алып пішіндері және көне Пирамидаға дейін бар.
Екі рет «Оскар» сыйлығын иеленген режиссердің үш бөлімнен тұратын спектакліндегі таңғажайып декорациялар мен киім әшекейлерін, белдік, жамылғы, бутафориялық бұйымдарды, 400-ден астам костюмдерді Қазақстанға жеткізу үшін кезінде 17 үлкен жүк көлігі тартылған болатын, жалпы барлық заттың салмағы 30 тоннаны құраған еді. Атақты суретші Маурицио Милленотти тіккен костюмдердің әдемілігі мен дәлме-дәлдігі туралы ұзақ айта беруге болады. Бірінші кезекте, оны өзге суретші-мамандардан ерекше ететін қасиеті – ұсақ-түйекке дейін назардан тыс қалдырмайтыны.
Айталық, мерекелік көрініс кезінде киетін перғауынның бір костюмінің өзі сәнделген мундир, алтын түстес жаға, таспен әрленген ақ мантия, квадрат пішінді бойтұмар сияқты аксессуарлардан құралып, мұның бәрін алтын-қызыл түстес митра (бас киім) түйіндейді. Картинаны 315 бутафория толықтырады, оның ішінде геральдикалық қалқандар, жебесі алынбаған тырнақұтандар, арыстандар мен аққулардың басы бар жануарлар стиліндегі орындықтар бар. Таза былғары немесе леопардтың терісімен қапталған орындықтар мен кушеткалар Жаңа Патшалық дәуірдің (ең атақты перғауындар: реформашыл Эхнатон, жас Тутанхамон және басқыншы ІІ Рамсес басқарған кез) нақышымен әрленген. Мәселен, Тутанхамонның маскасын дайындауға декораторлар 200 кило алтын жылтырақ жұмсаған.
Қаршыға КҮЛЕН