Бітімі биік, кескін-келбеті кемеңгерге тән, жауһар сөздің иесі, «Иә, аруақ!» деп тәуелсіздігімізді алған тұста ұлты мен жұртына «Бас-басына шалқаюды бостандық, бет-бетіне шіренуді еркіндік көру» ерсілік екенін еске салып, бүтін халықтың тілекшісіне айналған, дара жаратылысы даналыққа, өрісті ой әлемі кемелдікке, ағалығы абыздыққа ұласқан, арамыздан ана дүниеге аттанғалы бір жылға таяған қаламгер Әбіш Кекілбайұлын ардақтау мақсатында «Әбіш әлемі» атты журнал жарық көрген екен.
Рухани басылымның тұсаукесер рәсімі Маңғыстау облысының Астанадағы күндері аясында Ұлттық кітапханада өтті. Атаулы сәттің алдында облыстық әмбебап кітапхананың ұйытқы болуымен «Аңызға айналған Абыз», облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен «Ұлы дала абызы» көрмелері жұртшылыққа ұсынылды. Онда дара дарынның бүкіл өмір жолы, туындылары кешегі қазақ жақсыларының алуан түрлі топтама суреттері, жазушы жайлы жазылған мақалалар – бәрі де халқымыздың кешегісі мен бүгінгісін көз алдына әкелгені анық.
«Әбіш әлемі» журналының тұсаукесер рәсімін басылымның бас редакторы талантты азамат Әнуарбек Бимағамбет жүргізіп отырды. «Әкем – көк, шешем – бесік!» деп тебіренген Әбіш аға туралы деректі фильм де жиналған жұртты толғандырмай қоймады. Сары алтынмен аптаған жақпар-жақпар тас, түйенің шудасындай қоңыр дала, садақтың жебесіндей көкке шаншылған найза тастар, соның арасында баяу жүріп келе жатқан тау тұлға қаламгер, бір тұста теңіздей толқып, шыңыраудан қауғамен су тартқандай ағыл-тегіл сөйлейтін сәті қаламгердің абыздығын көрсетіп тұрды. Шіркін, сол сөздерді хатқа түсірсе, халық қазынасына айналар еді.
Алғашқы сөзді көрнекті қоғам қайраткері, айтулы ғалым Мырзатай Жолдасбеков алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасымен үзеңгілес жүріп елдік істі атқарғанын, Әбішке деген сағынышы жан шыққанша өзімен бірге болатынын, ұлтымыздың бес данасының бірі, яғни Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхаммед Қонаев, Әлкей Марғұлан қатарында Әбіш Кекілбайұлы екенін жеткізді. «Әбішті тану үшін туған жерін тану керек, күйші шалды тану керек. Соның бәрі Әбіштің бойында бар еді. Мен үшін Әбіш өлмеген сияқты. «Әй, халдарың қалай?» деп келе жатқандай әсерде жүремін. Әбішке қазақты адам ететін тарихты жаз деп едім. Маңғыстаулық бауырлар ұлыны ұлықтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Ризамын, алғысым, шексіз. Әбіш әлемін осылай зерттемесе, оның жұмбағы ашылмайды. Қазір ардақтыларымыздың атын жаңғырту үшін бес жыл уақыт керек деген бір қағида бар. Ал жақсысын таныған зеректер тартымды ісін жасап келеді. Орал жұрты жыр жампозы Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық тұрғызып, оның рухани дүниесін жинақтау үстінде. Еңселі ескерткіші бой көтерді. Атыраулықтар Фаризадай ақын қызын әспеттеп еңселі ескерткіш қойып, елдігін танытты. Бұлардың бәрі жүз жылда емес, мың жылда бір туатын ұлт алыптары», деді.
Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қаламгер Әкім Тарази «Әбіш ақын болып ортамызға оралып еді, ақын болып өмірден озды», дей келе, оның прозасының өзі тұнып тұрған поэзия екенін тілге тиек етті. «Тұмар» журналының бас редакторы, белгілі ақын Оңайгүл Тұржанова Әбіш Кекілбайұлының жұмбақ әлеміне тереңдеп барып, шығармаларындағы сәулетті сарайдай ой иірімдерін тарата айтты. Ондағы ұлы идеялардың өміршеңдігіне тоқталды. Идеялар үшін «соғыс» мәңгілік екенін, ал қару мен адамына сенген қақтығыс тоқтайтынына дәйектер келтірді. Л.Толстой бүкіл адамзатты білсе, Ф.Достоевский адам психологиясын терең танығанын, осы екі қасиет Әбішке телторыдай тән екенін алға тартты. Қазіргі қазақ поэзиясына өзіндік беталысымен үлес қосып жүрген Светқали Нұржан қаламгермен әр кез сұхбаттас болғанын, толғау айтқанда тоғыз ханды тоқтатқан Сыпыра жыраудай кемелдігін еске түсіріп, «Үркер» мен «Елең-алаң» атты сүбелі дүниелерінің үшінші кітабы «Таңсәріні» жазсам деген ниетінің болғанын, «Біз» деген атпен тарихи еңбек туындатуға ізденіп жүргенін өз аузынан естігенін назарға салып, қара сөзді өлеңге ұштастырды. Әбіш Кекілбайұлымен қазақтың бүкіл бір дәуірі өткенін «Сана бұлттың ары көшіп барады» деген бір жолмен жырын түйіндей келіп, журналды шығарып жатқан азаматтарға, «Бойларыңа қуат, ойларыңа суат» деген тілегін жеткізді.
Тұсаукесер рәсімінде Әбіш ағаның аяулы жары Клара апай, осынша ілтипат танытқан үлкен-кішіге алғысын жеткізіп, бір мектепте оқығандарын, Әбіш аға Алматыға, өзі Ақтөбеге аттанғанда араларын үшбұрыш хаттың жалғағанын айтып, Айсәуледей ұлт енесін емірене еске түсірді. Біз «Алматыда күн кешіп жатқанда асыл анама Әбіштің тұстастары Қалихан, Сайын, Асқар, Әкім, Мұхтар Мағауин секілді ұлт ұлдары бала болып кетіп еді. Олар телқозыдай болып тату жүретін. Анамыз ақ тілеуін өз ұлына ғана емес, солардың бәріне арнайтын. Әрқайсысының маңдайынан иіскеп, «Менің үлпілдеген ұлдарым!» дейтін. Соның бәріне ұйытқы болып жүрген Әбіш еді. Әбіш қарғадайынан өзіне ойынды емес, ойды серік еткен жан еді. Ауылымызда бір орыс болмаса да орысшаға жетік болды. Тіпті, академик И.Бок бастаған геологтарға аудармашылық қызмет атқарғанын бұл күндері аңыз қып айтады», деп ағынан жарылды. Айтулы іс-шарада атақты күйші С.Шәкірат Абылдың күйі «Абылды» орындап, бұл туынды жазушының «Күй» повесінің желісін құрағанын атап өтті. Б.Жүсіпов термеден тарту тартса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Р.Айдарбекова қаламгерге арнаған «Абыз аға» күйін орнады.
Әдемі безендірілген, әр тоқсанда жарық көретін «Әбіш әлемі» журналының беташар сөзін Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев жазып, қаламгерлік қабілетімен қатар, қоғам қайраткері, көрнекті мемлекетшіл тұлғаны тану енді басталғанын тілге тиек еткен. Бір атап өтерлігі, Әбіш әлемі мен ұлт руханиятын ұштастыратын орталық салу қолға алыныпты. Бұл құптарлық та, қолдарлық та бастама деп білеміз. Осындай, келешекте ұлт жауһарына айналар игілікті іс қазақ топырағының барлық өңірінде бой көтеріп жатса, құба-құп болар еді. Республикалық тарихи, әдеби, мәдени журналдағы танымдық мақалалардан алар үлгі аз болмаса керек. Әсіресе, Әбіш Кекілбайұлының алуан қырын әдемі талдаған Мырзатай Жолдасбековтің «Әулие Әбіш», академик Серік Қирабаевтың «Суреткер», Әбіш ағамыздың «Шырақ» деген элегиялық этюдтері, өзге де туындылар оқырманның ойынан шығары анық. Әсіресе, ел мен жер тарихы ерекше көрініс тапқан. Жазушы Нұрлан Қамидің «Діл-таразы» атты бес көріністі драмасы Әбіш аға бейнесін әдемі ашыпты.
Сонымен, ұлыны ұлықтаудың әдемі үлгісіне арналған тұсаукесерден алар тағылым аз емес екені айқын байқалды. Кемел қаламгерді дәл осылай әр қырынан танып қана қоймай, өзінің «Шыңырауындай» шымыр зерттеп-зерделеуді жалғастырып, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылсақ, қазақтың Әбіші халықтың Әбішіне айналары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»